Тарбағатайдың тарланы әлемді мойындатты
Рим. Финал. Бозкілемде қос құрлықтың мықтысы. Қалың жанкүйер демін ішіне тартып, балуандардың әр қимылын қалт жібермей бағып отыр. Таразы басы тең әзірге. Соңғы сәтте қазақтың қарадомалақ ұлы қарсыласынан айласын асырып, бұл белдесуді өз пайдасына аяқтады. Алтын құтты болсын Алаш елі!
Тарбағатай ауданының тумасы, болашағынан зор үміт күттірген спортшы Дарын Әскербек Италия төрінде өткен еркін күрестен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында топ жарды. Ол шешуші сында америкалық қарсыласы Джексен Патрик Форрестті 11:10 есебімен тізе бүктіріп, Әлем чемпионы атанды.
Жаһандық додада 55 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған жерлесіміз алдымен Өзбекстан өкілі Хусанбой Усмоновтан басым түссе, одан кейін армениялық Арен Серобянды жеңді. Жартылай финалда германиялық Яннис Ребгольцқа еш мүмкіндік қалдырмады. Ал финалда оны АҚШ-тың үкілеген үміті Джексен Патрик Форрест күтіп тұрды. Шешуші белдесу көпшілік күткендей аса тартысты болды. Қос балуан да бабында екен. Барын салды. Дегенмен мықтының аты мықты, Дарын Әскербек чемпиондықты қарсыластың уысынан жұлып әкетіп, Қазақ еліне үлкен сый жасады.
Иә, бұл үлкен сый. Есімізге түсірейікші, еркін күрестен Әлем чемпионатының соңғы алтыны қоржынымызға осыдан 13 жыл бұрын түсіпті. Ендеше Дарынның осынау жеңісі алдағы жеңістердің басы болғай дейік.
Didar ақпарат