ҚоғамТОП

Тарбағатайлық әжелер зияткерлік сайыста бақ сынады

Өңірімізде егде жастағы адамдардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, олардың салауатты өмір салтын ұстануына барынша жағдай жасалып жатыр. Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасымен қала-аудандарда зейнеткерлердің белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылып, жұмыс істеп тұр. Қарияларымыз да қарап отырмай жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беріп, өнеге көрсетуден қалыс қалмақ емес. 

Жуықта Тарбағатай ауданының шекара түбіндегі Ақметбұлақ ауылында ақ жаулықты әжелердің қатысуымен куиз өтті. Зияткерлік ойын КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Ұлттық Педагогика ғылымдары академиясының құрметті академигі, профессор, даңқты ұстаз Қанипа Бітібаеваны еске алу құрметіне орай ұйымдастырылды.

– Зейнет жасындағы адамдардың қоғамдық белсенділігін арттыру, әжелер институтының үлгісін қалыптастыру, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді дәріптей отырып жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат еткен зияткерлік ойынға 10 команда, яғни 95 адам қатысты, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ермек Құрманғалиев.

Тартысты өткен ойынның қорытындысы бойынша бас жүлдені Жаңаталап ауылының «Әйгерім» әжелер тобы жеңіп алып, арнайы кубок пен қомақты ақшалай сыйлықты иеленді. Ал бірінші орынға Құйған ауылының «Айша Бибі» әжелер тобы ие болды, екінші орын Жаңаауыл ауылдық округінің «Зере» әжелер тобына бұйырды. Үздік үштікті Ақметбұлақ ауылының «Мақта ана» командасы түйіндеді. Басқа командаларға да ұйымдастырушылар атынан арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Айта кетейік, әжелер куизінің ұйымшылдықпен өтуіне Ақметбұлақ ауылының шаруа қожалықтары, жекелеген азаматтар атсалысты. Сайысқа облыстық мәслихат депутаты Б.Нұрпейісов, Ақжар мәдениет үйі, Жаңаауыл ауылдық округінің әкімдігі, Д.Қонаев атындағы орта мектептің ұжымы демеушілік жасады.

Қ.Бітібаева атындағы куиз енді кубокты жеңіп алған Жаңаталап ауылында Наурыз мейрамы қарсаңында жаңа форматта ұлттық сипаттағы мерекелік шара ретінде өткізілетін болады.

Естеріңізге сала кетсек, ШҚО әкімі Ермек Көшербаев жауапты басқармалардың басшылары мен аудан-қалалардың әкімдеріне өңірімізде зейнет жасындағы адамдардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын ұстануын қамтамасыз ету және бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын.

Дидар ақпарат

Осы айдарда

Back to top button