Тарбағатайдың тынысын ашатын жобалар қолға алынды
Азамат Темірбеков
Жаңадан құрылған Тарбағатай ауданында атқарылатын істердің қатары көп. Осы себепті, ауданды дамытуға арналған кешенді жоспар қайта қарастырылып, бастапқыда көзделген қаражат қайта еселенген.
Маңырақтың маңын қоныс еткен халықтың ширек ғасырға жуық созылған арманы биыл орындалып, Мемлекет басшысының Жарлығымен Тарбағатай жеке аудан болып құрылғаны баршаға аян. Сан жылдар бойы аудан болу үмітін үзбеген жұртшылықтың қуанышында шек жоқ. Бір кездері сиқы кетіп, сән-салтанатынан айырылған Ақжар өңірі мен оған қарасты елді мекендер енді қайта қалпына келе бастамақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Тарбағатайдың әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайында баспасөз мәслихатын өткізген аудан әкімі Дархан Жөргекбаев хабарлады.
Оның айтуынша, Тарбағатай ауданында Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында көрсетілген негізгі бағыттар аясында аудан халқының
әл-ауқатын арттыру, экономикалық даму көрсеткіштерін ілгерілету мақсатындағы жұмыстар атқарылып жатыр.
– Осы тұрғыда облыс әкімінің тікелей басшылығымен жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар жоспары мен мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы өте зор, – дейді Дархан Жөргекбаев. – Ауданымызда іске асырылып жатқан жобалардың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік салада қордаланған мәселелерді шешу. Аудан бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері оң динамиканы көрсетуде.
Қомақты қаражат бөлінді
Тарбағатайлықтар тарапынан көтерілген проблемаларды ескере отырып жасалған қысқа мерзімді даму жоспарына тоқталған аудан басшысы көпшілікті толғандырған мәселелерді шешуге бағытталған алғашқы жоспар жобасы 6,8 млрд. теңге болғанын атап өтті. Дегенмен, жоспар облыс әкімінің қарауына енгізілгеннен кейін қарастырылатын қаражат 7,2 млрд. теңгеге артып, әлеуметтік бағыттағы 47 мәселе шешімін табатын болды. Атап айтсақ, биыл төрт мәселені шешуге 302,4 млн. теңге, ал келер жылы 4,4 млрд. теңге 17 мәселені шешуге бағытталмақ. Сондай-ақ 2024 жылы 18 мәселені шешуге 1,8 млрд. теңге, ал, 2025 жылы облыстық бюджеттен 800 млн. теңге бөлініп, сегіз мәселені біржақты ету көзделген.
Аудан басшысының айтуынша, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салалары бойынша 3,3 млрд. теңгеге – 18, сумен жабдықтау, көлік инфрақұрылымы, құрылыс және тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша 2,3 млрд. теңгеге 14 мәселе көтерілген.
– «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы ауданымызда қарқынды жүзеге асуда. Алғашқыда біз тұрғын үй салу жұмыстарының көлемін 306 миллион теңгеге қорғаған едік. Алайда облыс әкімінің тапсырмасымен қаржыландыру көлемі үш есеге ұлғайды, – дейді Дархан Жөргекбаев. – Сонымен қатар абаттандыру және интернет желісімен қамтамасыз ету бойынша 11, санитарияны сақтау бойынша екі мәселе көтерілді. Бізге әсіресе шекаралық ауылдардан көп сұрақ келіп түседі. Атап айтсам, Жаңаталап, Ахметбұлақ, Асусай, Қамысты ауылдарының тұрғындары осы мәселелерге қатысты сауалдар қойды. Қазіргі уақытта Жаңауыл және Жаңаталап ауылдарына интернет тарататын екі құрылғы орнатудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Әлеуметтік саланың әлеуеті зор
Алдағы үш жылды қамтитын кешенді жоспардағы жобаларға тиісті қаржы бөлініп, жұмыстар атқарыла бастаған. Яғни, денсаулық сақтау саласы бойынша биыл Ақжар ауылындағы аудандық ауруханасын орталықтандырылған оттегімен жабдықтау мақсатында оттегі генераторын орнату үшін қомақты қаржы бөлінген. Аурухананың перзентхана бөлімін және ғимараттың жылу, кәріз, су жүйелерін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, жұмыстар атқарылуда. Келер жылы аудандық аурухананың аталмыш бөлімін күрделі жөндеуге және аудандық аурухана ғимаратының жылу, кәріз, су жүйелерін күрделі жөндеуге қаржы бөлу қарастырылған. Сонымен қатар Құйған, Тәуке ауылдарының медициналық пункттерін, 2024–2025 жылдары Тұғыл ауылының дәрігерлік емханасын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлу көзделген.
Білім саласына ерекше көңіл бөлген аудан басшылығы биыл Ақжар өнер мектебі ғимаратын ағымдағы жөндеуге 40 млн. теңге қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын бастап кеткен. Сондай-ақ жаңадан салынатын білім ордаларын бұған дейін қолданыста болып, көпшіліктің көңілінен шыққан типтік жобамен сәйкестендіре салу жұмыстары қолға алынған. Осы мақсатпен аудан әкімі көрші Күршім ауданындағы Жолнұсқау ауылында болып, онда салынған жаңа мектептің жобасын көріп қайтқан. Нәтижесінде, келер жылы Шеңгелді ауылында іргетасы қаланатын жүз орындық жаңа мектеп Жолнұсқау ауылының жобасы негізінде салынатын болды.
Оған қоса, аудан орталығындағы Билялов атындағы мектеп-лицейінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Яғни, ғимараттың жылу жүйесі мен терезелерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, алдағы жылдарда ішкі әрлеу жұмыстары мен электр жүйелерін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу көзделді. «Балауса-балғын» балабақшасының ғимаратын ағымдағы жөндеуге және Маңырақ ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге қаражаттар қарастырылды. Сонымен қатар алдағы жылы Тұғыл ауылындағы Тұрар Рысқұлов орта мектебі, Құйған орта мектебі күрделі, ал Жаңаауыл ауылындағы Ақынов атындағы орта мектеп пен Ақмектеп орта мектебі ағымдағы жөндеуден өткізілетін болады.
– Мәдениет саласын дамыту мақсатында 39 миллион теңгеге Жаңаауыл ауылының мәдениет үйін ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Келер жылы Жетіарал ауылындағы мәдениет үйін ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда. Спорт саласын дамыту мақсатында Тұғыл ауылында денешынықтыру және спорт кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы шықты. Аталмыш жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының тізіміне енгізілді. Жоба 2023-2024 жылдары іске асырылған жағдайда Тұғыл ауылында әлемдік дәрежедегі турнирлер мен халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік пайда болатынына сеніміміз мол, – дейді Дархан Жөргекбаев.
Жол азабын тартпайды енді
Өңірдің тыныс-тіршілігінде маңызды рөл атқаратын салалардың тағы бірі көлік инфрақұрылымы екені белгілі. Тарбағатай жеке аудан болып құрылғалы бері бұл мәселеге де жіті назар аударылуда. Атап айтсақ, осыған дейін жартылай ғана аяқталған Құйған ауылына апаратын жолдың қалған жартысын қалпына келтіру қолға алынды. Бұдан бөлек, «Қабанбай – Шорға» автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін қаржы бөлініп, жұмыстарды жүргізетін мердігер анықталды.
Ауыл арасындағы жолдармен қатар ауылішілік жолдарды да жөндеуге зер салынып, жұмыстар басталған. Осылайша, алдағы үш жыл ішінде Ақжар ауылының ішкі көше жолдарын, Қабанбай ауылына кіреберіс жолын және Қарсақбай – Байтоғас автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізу жоспарланды.
– Жалпы, ауыл тұрғындарының хал-ахуалын арттыру үшін ең алдымен жол инфрақұрылымын жақсарту керек. Сондықтан біз биыл аудандағы ауылдық округ орталықтарына баратын негізгі жолдарды 100 пайыз асфальт жабынымен қамтамасыз еттік. Енді спутник ауылдарға баратын және ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге кірістік. Атап айтқанда, Тұғыл ауылының бұған дейін асфальт төселіп көрмеген жеті көшесі жөнделді. Ал келер жылы Қабанбай – Шорға, Жетіарал – Асусай бағыты жолдарын Ақжар ауылының Торайғыров, Қабдешов көшелерін, Бозша ауылына баратын жолды және көпірді жөндеу жоспарланған, – дейді Дархан Жөргекбаев.
Өстіп, автокөлік жолдарын жөндеу жұмысы кезең-кезеңмен жүзеге асырылып, 2025 жылға қарай қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 57-ден 70 пайызға жеткізілмек.
Өркениеттің бір белгісі
Ауданда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көше жарықтарын орнату жұмыстары да қолға алынған. Биылдың өзінде бұл бағытқа 72 миллион теңге бөлініп, аудан орталығының 17 көшесіне және Тұғыл ауылының тоғыз көшесіне жарық шамдары орнатылды. Нәтижесінде Ақжар ауылының негізгі көшелері 97 пайыз көше шамдарымен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасын таппақ.
– Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Жаңаауыл ауылының су құбырын қайта жаңғырту жұмыстарына 442 миллион, Құйған ауылының су құбырын қайта жаңғыртуға 464 миллион теңге қаражат қарастырылды. Сондай-ақ Асусай, Шорға, Жаңатілеу, Шеңгелді елді мекендеріне су құбырын салудың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қаражат бөлінді. 2024 жылы құрылысына қаржы бөлініп, су құбыры тартылған жағдайда таза ауызсумен қамтамасыз етілген тұрғындар үлесі жүз пайыз болады, – дейді Дархан Жөргекбаев.
Ауыл-аймаққа өркениет жеткенінің тағы бір белгісі әр үйді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету екенін алға тартқан аудан әкімі алдағы уақытта аудандағы елді мекендерде кәріз жүйесін салу жұмыстары басталатынын атап өтті. Бұл жұмыстар алдымен аудан орталығы Ақжар ауылында басталмақ. Екі жыл қатарынан ауылдағы ескірген кәріз жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сонан соң, яғни 2024 жылы оны әр үйге тарту жұмыстары жүргізілмек.