ЖаңалықтарТарих

Тарбағатай тарихына арналған семинар өтті

С.Аманжолов атындағы ШҚУ университетінің 5-оқу корпусында «Тарихқа толы Тарбағатай» атты ғылыми-әдіснамалық семинар өтті.

Семинар «Туған жер – алтын бесігім» жобасының аясындағы Тарбағатай ауданының мәдени күніне арналған шараның бірі, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Семинарға оқу орнының тарихшы ғалымдары, филологтар мен студенттер, қоғам қайраткерлері, Тарбағатай аудандық мәслихатының өкілі қатысты.

Тарих тағылымы тақырып болған семинар барысында аудандардағы ескерткіштерді реестрге енгізу, олардың тарихын кеңінен түсіндіру, тарихы терең жерлерді ел арасына таныту мәселесі қозғалды.

— Облыста батырлар мен билерге арналған ескерткіш көп, алайда той өткізіп, сол ескерткіштерді орнатқаннан кейін олар қараусыз қалады. Сондықтан ШҚО мемлекеттік ескерткіштер реестріне осы есткерткіштерді кіргізуді қадағалауды, оны мемлекет тарапынан қорғап, халық арасында насихат жұмысын кеңінен жүргізу туралы ұсыныс айттым. Ескерткіштерге QR-код орнату арқылы не басқа жолмен ауқымды насихат жұмысын жүргізу қажет. Сонымен қатар, Тарбағатай ауданында байырғы жер-су атаулары сақталған. Осы туралы баяндама оқыдым, — дейді ШҚУ Қазақстан тарихы кафедрасы және әлеуметтік пәндер кафедрасының сеньор-лекторы Жаннетта Қалимолдина.

Семинар модераторы Түсіпхан Түсіпбекұлының айтуынша, шара студенттер үшін маңызды. Себебі Тарбағатай — тарихы терең өлке.

— “Туған ел – алтын бесігім” жобасы қайта жанданып жатыр. Бұл облыс орталығының  өңірлермен байланысы үшін тиімді. Аудандардың мәдени күнін өткізу ерекше рух береді. Қайтып келген, халықтың көңілінен шыққан бағдарлама маңызын жоғалтпайды. Тарбағатайдың тасы да тұнып тұрған тарих. Қандысу, Шорға деген атаулардың бәрі тарихтан сыр шертеді. Бүгінгі шара студенттердің есінде ерекше әсер қалдырады деп ойлаймын. Тарбағатайда тумағандар да оның тарихын білуі керек ғой, — дейді семинар модераторы Түсіпхан Түсіпбекұлы.

Осы айдарда

Back to top button