Тарбағатай ауданында 21 үй бой көтереді
Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылының ажарын кіргізіп, тартымдылығын арттыра түсу мақсатында көшелерді жарықтандыру, ішкі жолдарды жақсарту, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде адамның еңсесін басып тұратын ескі үйлерден мейлінше арылып, жан жадырататын жаңа үйлерді көптеп салу – басым бағыттар қатарында.
Бұл жағынан келгенде ауданда «Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасымен тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Яғни, жекелеген мердігер компаниялар өз қаражатына салып, кейін бюджет қаражатына сатып алынуда. Нәтижесінде әртүрлі әлеуметтік категория бойынша кезекте тұрғандардың мәселесі біртіндеп шешімін тауып, жыл сайын қаншама отбасының қуанышқа кенелгеніне ел-жұрт куә, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Деректерге сүйенсек, соңғы екі жылдың өзінде облыс көлемінде мыңнан астам баспана тұрғызылыпты. Бұл тек қалалада емес, аудан орталықтарында, тіпті кейіннен ауылдық округтерде де белсенді түрде қолға алынған. Биыл облыстың қала-аудандарында 316 үй салып, қолданысқа беру көзделген екен.
Мысалға, 2022 жылы осы «Бір қабатты Шығыс» жобасымен аз қамтылған көпбалалы отбасыларына деп Ақжарда – 16, Жаңаауылда бір, Маңырақта бір, Жетіаралда бір, Құйғанда бір, Жалаңашта бір тұрғын үй қолданысқа берілген. Құрылыс қарқыны биыл да бәсеңдеген жоқ. Ақжар, Қарасу, Маңырақ, Тұғыл ауылдарында жалпы құны 339,8 млн. теңгеге 21 баспана салынып жатыр.
Әрине, бірінші кезекте әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың мәселесін түбегейлі шешу тұрғаны анық. Дегенмен Тарбағатай аудан болып қайта құрылғалы көшіп келуге ниетті азаматтардың да қатары артып келеді дейді жергілікті тұрғындар. Сондықтан жергілікті аудан басшылығы дәрігерлер мен мұғалімдерге, басқа да бюджеттік сала қызметкерлерін де үймен қамтуды көздейді. Жасыратыны жоқ, тоқырау жылдарында ауылдан көшіп кеткендер саны көп болды. Қуанышқа орай, ол үрдіс бүгінгі таңда айтарлықтай саябырсыды. Қазір жеке кәсіп ашып, шаруашылықтарын жандандырып жатқандар қаншама. Жыл сайын мемлекет азаматтардың әл-ауқатын аттыруға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобаларды нәтижелі іске асырып келеді. Әсіресе, шалғайдағы Тарбағатай секілді шекаралық аудандардың әлеуетін арттыру соңғы уақытта басты назарға алынып отыр. Шекаралық аудандарды кешенді дамытудың да жоспары жасалған. Тұрғын үйлердің көп салынуы ауданның демографиялық көрсеткішінің де оң бағытқа өзгергенін байқатқандай.
Ерлан Бапанов, Тарбағатай