Қоғам

Тарбағатайлықтар өнімдерімен тамсандырып қайтты

Тарбағатайлықтар өнімдерімен тамсандырып қайтты

«Туған ел – алтын бесігім» акциясы аясында Тарбағатай ауданы Өскеменде кезекті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізді. Қала базарынан едәуір төмен баға межесін сақтаған жәрмеңкені облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев аралап көрді.

«Fresh market» гастрономы алдында өткен жәрмеңкеге Тарбағатай ауданы бо-йынша 17 ауылдық округтен 50-ге тарта шаруа қожалығы атсалысыпты. Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әсет Қаппасұлының айтуынша, жәр-меңкеге 1 тонна жылқы (1 келісі – 1000 теңгеден), 5 тонна ірі қара (1 келісі – 900 теңгеден), 3 тонна қой еті (1 келісі – 900 теңгеден), 2,5 тонна балық (шортан – 350, көксерке – 450, табан – 150 теңгеден), 250 литр қымыз, жарты тонна көкөніс, 2 тоннадан астам картоп, сондай-ақ, сүт өнімдері, тары-талқан әкелінген. Өнімдердің бағала-ры қала базарынан біршама арзан. Мәселен, жәрмеңкедегі картоп келісінің бағасы базар бағасынан екі есе төмен.

– Биыл жәрмеңкеге бірінші рет қатысуым. Біздің шаруа қожалығы жұмысының бағыты жан-жақты. 3 қызыл қасқа бұқа мен 90 бас ірі қараны асылдандыру жұмысы жүріп жатыр. 40 га жерге картоп ектік. Одан бөлек қожалығымызда жылыжайдан жыл сайын көктем және күзде өнім алып отырамыз, – дейді «Толғанай» шаруа қожалығының басшысы Ерболат Үмбетұлы.

Қонақ күтуге арнайы тігілген киіз үйдің екі жағында қатар тізілген Ақжар өнер мектебі суретшілерінің туындылары ерекше көз тартады. Бас аяғы елуге тарта кескіндемеге тамсанушы жұрттың қарасы көп болды. Ауданның бейнелеу өнерінің алар асуы биік екеніне көзіміз жетті.

Жәрмеңкедегі қызу саудамен қатар, аудан өнерпаздары әуезді әнімен, мың бұралған биімен қала жұртшылығына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Аян Өрібаев

Осы айдарда

Back to top button