Мәдениет

Тарбағатайдан сақтардың саф алтыны табылды

Тарбағатайдан сақтардың саф алтыны табылды
Ел тарихының жаңа кезеңі ашылды. Тарбағатай ауданындағы Елеке сазында орналасқан қорғанды қазу барысында сақ дәуірінің бекзадалары табылды. Атап өтер болсақ, өңірде 2016 жылдан бастап облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында археологиялық қазба және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Естеріңізде болса, бір ай бойы белгілі археолог Зейнолла Самашев зерттеушілер тобымен бірге Тарбағатай сілемдерін зерттеген болатын. Бұл жерден 200 қорған табылды. «Елеке – 2» деп аталған қабірді қазу барысында үш мыңнан аса алтын бұйымдар табылды. Табылған заттар біздің заманымызға дейінгі 8-7 ғасырларға тиесілі деп саналуда. Бұлардың ішінде бұған дейін ешбір қабірде кездеспеген бірегей заттар бар. Мысалы, әйелдердің алтын әшекей сырғалары, төрт бекітпесі бар пластиналар, қымбат тастары бар әйелдер алқасы табылып отыр. Сонымен бірге құнды заттардың ішінде алтыннан соғылған ат әбзелдері де бар.
– Аталған қорғаннан табылған бағалы заттардың көптігі, бізге мұнда патшалық қызметтегі ер адам мен әйел адам немесе сақ қоғамының элитасына жататын адамдар жерленген деп айтуға мүмкіндік береді. «Алтын адам» түсінігін адамдар тура қабылдайды. Алайда, табылған бұйымдар солай атауға мүмкіндік береді, – дейді Зейнолла Самашев.
Сонымен бірге табылған бұйымдарды жасау технологиясы да таңғалдырып отыр. Мәселен, ерлер мен әйелдердің киімдерін безендірген алтын дөңгелек моншақ біздің ата-бабаларымыздың микродәнекерлеу технологиясын жақсы меңгергендігін, сонымен қатар металлургия саласында терең білімге ие болғандығын білдіреді.
– Бұл біздің халықтың тарихына мүлдем басқаша көзқарас болмақ. Бүгінгі уақытта біз тауып отырған барлық заттар сол уақыттағы адамдарда дамыған технология, металлургиялық мамандандыру болғандығын көрсетеді. Соған қарап, ашық разрездер, шахталар, кен өндіру, байыту, балқыту және түпкілікті өнім алу болғандығын білеміз. Терең индустриялық мәдениет болғандығын байқаймыз. Бұл көшпенді халықтың бейнесін толық өзгертеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бастамашылық еткенде тура осындай жұмыстарды айтқан болатын. Бағдарлама біздің тарихымызға басқаша қарауға мүмкіндік береді. Біз ұлы халықтың және жоғарғы технологиялардың мұрагерлеріміз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Атап айтар болсақ, «Шығыс Қазақстанның көне қазбалары» жобасы бойынша ауқымды археологиялық қазба және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Олар Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев және Карл Байпақов сынды еліміздің белгілі археологтарының жетекшілігімен жүзеге асуда. Алғашқыда аталған жоба аясында Катонқарағай ауданындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті қорғандары, Ұлан ауданындағы Аблайкит қорған-монастырі және Абай ауданындағы Қырықүңгір ескерткіші зерттелсе, енді міне, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы пантеонындағы ежелгі билеушілер зерттелуде.
Тарбағатай ауданындағы қорғандарды қазу жарты ай бойы жалғасады. Кім білсін, бізді тағы да үлкен жаңалықтар күтіп тұруы мүмкін.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button