Аймақтар аухалы

Тарбағатай туризм үшін тартымды аймақ саналады

Тарбағатай туризм үшін тартымды аймақ саналады

Тарбағатай ауданының экономикалық-әлеуметтік әлеуеті уақыт өткен сайын артып келеді. Бұл бірінші кезекте экономикалық өсімнің қосымша көздерін дәл таба білгеннің арқасында мүмкін болып отыр. Суармалы жерлерді игеру, қараусыз қалған су тоспаларын кәдеге жарату, ет өндірісін заманауи технологияға сай өркендету, Оңтүстік өңірлерден жер өңдеуші жанұяларды қоныстандыру, балықшылар кооперативін құру сынды шаралар аудан экономикасының басым бағытына айналып та үлгерді. Осы атқарылған шаруалардың қарапайым халықтың тіршілігіне қалай әсер еткенін аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев айтып берді.

Балық шаруашылығы – халықтың күнкөріс көзі

-Ділдәбек Тәжібайұлы, аудандарыңыздағы балықшы ауылдарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде? Өндірістік кооперативтер құру бастамасы қалай жүзеге асып жатыр?
-Балық шаруашылығы – біздің аудан үшін үш ірі елді мекенде орналасқан халықтың күнкөріс көзі. Бұл ауылдар балықшылықтың арқасында өздерін жұмыспен қамтып, бала-шағасын оқытуда. Ең бастысы, ондағы тұрғындардың қалаға көшуі өте сирек. Жастар ата кәсіптерін жалғап, қара шаңырақтың отын өшірмей отыр. Тіпті, соңғы екі жылда жаңадан жекеменшік тұрғын үйлер салынды.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Зайсан көлі маңайында орналасқан елді мекендердегі қарапайым балықшыларының ата кәсібін заңдастыруды тапсырғанын білесіздер. Жуықта ғана осы тапсырманың аясында ауданымызға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Құсайынов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Е.Упобаев, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры И.Щацкий, «КазНИИРХ» ЖШС-нің Алтай филиалы директоры С.Әнуарбеков бастаған арнайы жұмыс тобы келіп, балықшылар коперативінің негізінде жұмыс істеу тәртібін халыққа егжей-тегжейлі түсіндіріп қайтты.
Аймақ басшысының бастамасы негізінде талай жылдан бері өзге өндірістік ұжымдарға жалданғандай болып күн көріп келген Байтоғас ауылының балықшылары құрамында 66 жеке кәсіпкер тіркелген жаңа кооператив құрды. Бұл ұжым маусым ішінде 197 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Ал «Рыбаки Зайсана» өндірістік кооперативіне мүше 150 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, балық аулауға берілетін лицензияның теңқұқықты үлескері атанып отыр. Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, аталған екі кооперативтің жарғылары жасалды. Осы жарғыда кооперативке мүше балықшылардың лицензияға үлескерлік құқықтары мен міндеттері айқындалған. Біздегі «Байтоғас» балықшылар кооперативінің үлгісінде облысымыздың өзге де аудандарында кооперативтер құрылып жатыр.
-Ауданда мал ұрлығынан зардап шегушілердің шағымы көп айтылады. Оны ауыздықтау үшін қандай шаралар қабылдадыңыздар?
-2016 жылдың басынан бері аудан бойынша мал ұрлығына қатысты 33 қылмыс тіркелген. Сол 33 қылмыстың 29-ы ашылып, сотқа жолданды. Бүгінгі күнде 24 мәрте мал ұрлығы қылмысын жасаған Жамбыл ауылының тұрғындары А.Нұрмұханбетов пен 1968 жылы туған Ж.Үмбетжанов ұсталып, іс сотқа жолданды. Олармен сыбайлас болуы ықтимал деген күдікпен К.Шайхин мен Д.Шайхиннің үстерінен де қылмыстық іс қозғалып, өздеріне іздеу жарияланды. Сонымен қатар, төрт рет мал ұрлығын жасаған Жаңатілеу ауылының тұрғыны М.Хасенов ұсталып, кінәсі дәлелденді. Ұрланған малдар иелеріне толықтай қайтарылды.
Мал ұрлығының алдын алу және ескерту мақсатында ауылдық округ әкімдеріне малды ұжымдасып бағуды ұйымдастыру, қоражайларды автономды дабылдармен жабдықтау, жыл сайын бойдақ малдарды жайлауға шығарып бағу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл да малды сұқкөз бен сумақы қолдан қорғаудың бір амалы.
– «АлтайАгроInvest-2015» халықаралық форумында Тарбағатай ауданы бойынша бірнеше жобаларға инвестиция тарту жөнінде меморандумдар бекітілген еді. Сол жобалардың тағдыры қалай шешіліп жатыр?
-2015 жылы Тарбағатай ауданы бойынша пайдаланылмай отырған 3200 гектар суармалы егістік жер инвестициялық жобаларға ұсынылды. Сіз айтып отырған инвестициялық форумда Тарбағатай ауданы әкімдігі мен «Жетіарал» шаруа қожалығы арасында 1500 гектар суармалы алқапты игеру, жаңа технологияларды енгізу, мал бордақылау алаңдарын салу шараларын қамтитын екіжақты меморандум жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
-Мүлік пен ақшаны жария ету науқанына тарбағатайлықтар қаншалықты деңгейде атсалысып отыр?
-Тарбағатай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында мүлікті жария ету бойынша арнайы комиссия құрылған. Бүгінгі таңда аудан көлемінде алты өтініш қабылданып, комиссия шешімімен құжаттары толық болмауына байланысты кері қайтарылды.
Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында БАҚ арқылы жеті мақала, интернет ресурстарда төрт материал орналастырылды. Сонымен қатар, 30 семинар-кеңес өткізіліп, ауыл арасында қатынайтын автобустар мен мемлекеттік мекемелер, мектептер, ауылдық округ ғимараттарына және халық көп шоғырланатын орындарға барлығы 875 жадынама ілініп, таратылды.

Суармалы алқапты тиімді пайдаланамыз

-Ет нарығындағы алыпсатарлар үшін Тарбағатай арзан малдың отаны ретінде танымал. Ауданда кеңестік жүйе кезінде дәуірлеп тұрған ет комбинаттары да баршылық. Соларды қайта жандандыру бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтсеңіз.
-Бұл бағытта ауданымызда «Семей ет комбинаты» ЖШС мен «Ақсуат-ет» комбинаты жұмыс істеп тұр. Бұл екеуі бірлесіп бір ауысымда 30 бас ірі қара мен 150 бас қой союға қауқарлы. Өндірілген еттің негізгі бөлігі Семей қаласына жіберіледі.
Сонымен қатар, аудан көлемінде ет өндіру әлеуетін арттыру мақсатында 173 бордақылау алаңы құрылған. Осы бордақылау орындарында бір уақытта 3660 бас ірі қара жемделеді. Сондай-ақ, 53 бордақылау алаңында 3536 бас қой, төрт бордақылау алаңында 96 бас жылқы бордақыланады..
-Облыс әкімінің ауылды жерлерде сүт қабылдау кешендерін көбейту жөніндегі тапсырмасы қалай жүзеге асырылып жатыр?
– 2013 жылы ауданымызда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша Ақжар және Көкжыра ауылдарынан сүт өнімдерін өндіретін цех ашу үшін сегіз адамға 22,0 млн. теңге несие берілген. Ақжар ауылынан жеке кәсіпкер Ж.Құнафияновтың бастамасымен төрт адам бірігіп, 12,0 млн. теңгеге сүт өнімдерін өңдейтін құрал-жабдықтар алып, сүт өңдеу цехын ашқан болатын. Бүгінгі күнде цех жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Оның жанынан 2015 жылдың маусымында сүт қабылдау пункті ашылды. Ақжарға жапсарлас елді мекендерден жиналған сүт өңделіп, аудандық орталық аурухана, №2 Ақжар ауылдық емханасы, аудандық өкпе ауруына қарсы емдеу емханасы, мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандарға ақ тағам ретінде сатылуда.
Сондай-ақ, Көкжыра ауылынан жеке кәсіпкер Н.Садықов бастаған төрт адам 10 млн. теңгенің құрал-жабдықтарын сатып алған. Цехты ағымдағы жылдың мамыр айында ашу жоспарлануда.
-Қараусыз қалған суармалы жерлерді игеру, бұрынғы гидротехникалық кешендерді қалпына келтіру бойынша Тарбағатай ауданы алғашқылардың бірі болып іске кіріскенін білеміз. Нәтижесі қандай?
-Аудан бойынша суармалы егістік жер көлемі 28 800 гектар болса, соның ішінде тұрақты түрде суарылатыны – 23 500 гектар. 2015 жылы аудан бойынша 9 181,6 гектар суармалы егістік жер игерілсе, 2016 жылы 10 010 гектар суармалы алқап игеріледі деп күтілуде. Бүгінгі күні Базар су тоспасын қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Ол өзі ғана 4690 гектар алқапты суландыруға әлеуетті. Тебіске су тоспасын қайта жаңғырту жұмыстары 2016 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Аталмыш тоспаның барлық суармалы егістік жер көлемі – 2 200 гектар.
-Аудандарыңыз тарихи орындарымен туризм үшін тартымды аймақ болып саналады. Бұл бағытта қандай шаруалар жасалды?
-Облыс, республика және шетел туристеріне Тарбағатайдың тарихи орындары мен табиғатын насихаттау үшін Ақсуат, Ырғызбай, Өкпеті, Кіндікті ауылдарынан жекеменшік қонақүйлер ашылып, әулие Ырғызбай Досқанаұлының кесенесіне саяхат жасау, Әулие атаның өмірбаянымен таныстырып, ол кісінің аруағына тағзым ету арқылы көптеген сырқат адамдардың өз дертіне дауа тауып сауыққаны туралы айтылып жүрген ел ішіндегі жанға жағымды жақсылықтарымен жете таныстыру қолға алынды. Кесене Кіндікті ауылдық округі мен Ырғызбай ауылдық округінің түйіскен жерінде орналасқан, Ақсуат ауылынан – 78 шақырым. Кесене басында 50 орындық қонақүй, мешіт, асхана, мұражай салынып, жабдықталған.
Туризмді дамыту – өмір талабы. Оны жергілікті жерде дамыту үшін қолайлы ахуал жасау – кезек күттірмейтін келелі мәселе. Сондықтан бірінші кезекте атқарылуға тиісті бірқатар мәселелерге назар аудару қажет. Біріншіден, Ырғызбай әулие кесенесіне саяхат ашу үшін ондағы инфрақұрылымды қалыптастыруымыз керек. Яғни, Өскемен-Зайсан тасжолынан әулие кесенесіне баратын жолды, аудан орталығы мен кесененің арасындағы 30 шақырымдық жолды асфальттау, электр жарығын тарту жұмыстары облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасымен бірге жасалуда. Екіншіден, Кіндіктідегі Сабындыкөл мен Бөртастағанға баруға ниеттілер аудан көлемінде де өте көп. Бірақ олардың барлығының жағдайы келе бермейді. Сондықтан ішкі туризмді дамыту мақсатында туристік саяхаттар ұйымдастырып, транспортпен қамтамасыз ету жұмыстары жасалуда.
Үшіншіден, ауданда туристерді қабылдайтын қонақүй және тамақтанатын орындар тапшы. Бұл мәселе жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы меншік қаражат есебінен шешілуде.

Көшіп кеткендердің орнын Оңтүстіктен қоныс аударғандар толтырып жатыр

-БАҚ өкілдеріне берген сұхбатыңыздың бірінде Тарбағатай ауданы өз-өзін көкөніспен толық қамтамасыз ететін күн жақын қалғанын айтқан едіңіз. Сол үдеден шыға алдыңыздар ма?
-Тарбағатай ауданы бойынша 2015 жылы барлығы 368 гектар суармалы егістік жерге көкөніс егіліп, орташа түсім әр гектарынан 119 центнерден айналды. Оның ішінде қияр 83 гектарға егіліп, орташа түсім 121 центнер, қызанақ 80,2 гектарға егіліп, орташа түсім 120 центнер, бұрыш 15,6 гектарға егіліп, орташа түсім 107 центнер, баялдыр бес гектарға егіліп, орташа түсім 111 центнер, пияз 27,3 гектарға егіліп, орташа түсім 107 центнер, сәбіз 75,2 гектарға егіліп, орташа түсім 120 центнер, қырыққабат 65,1 гектарға егіліп, орташа түсім 120 центнер, қызылша 16,6 гектарға егіліп, орташа түсім 120 центнерден айналды.
2016 жылы өсім сақталып, өнім сапасы артады деп күтілуде. Тарбағатай ауданы көкөніспен өз-өзін толық қамтамасыз етеді деп жоспарлағанымыз рас. Сол мақсатқа біртіндеп жақындап келе жатырмыз.
-Ауылдан жұмыс таппай облыс орталығына қарай көшіп кеткен халықтың орнын еліміздің Оңтүстігінен келген отандастарымызбен толтырып жатырсыздар? Олардың бүгінгі тіршілігі қалай?
-2014 жылы арнайы топ құрып, Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қайтқанбыз. Нәтижесінде 2000-2001 жылдары еліміздің Мақтарал, Сайрам, Ордабасы аудандарына және Шымкент қаласына көшіп келген 42 жанұя Ақсуат ауылына, Екпін және Кұмкөл ауылдық округтеріне қоныстанды. Атап айтқанда, Ақсуат ауылына 6 отбасы (12 адам), Құмкөл ауылына 25 отбасы (58 адам) және Екпін ауылына 11 отбасы (21 адам), жиыны 42 отбасы (91 адам) қоныстанды.
Жалпы, Тарбағатай ауданы қандастарымыз үшін тартымды өңірге айналды деуге болады. Бүгінде қоныстандыру картасына сәйкес аталған ауылдық округтердегі сатылатын бос үйлердің саны мен бағасы, мемлекеттік мекемелердегі, жеке кәсіпкерлер мен шаруашылықтардағы бос жұмыс орындарының саны аңықталды. Үстіміздегі жылы көшіп келген отандастарымыздың бесеуі 500 мың теңгеден үй сатып алса, қалған отбасылар жалдамалы үйлерде тұрып жатыр. Екі адам мамандығына сәйкес мектепке жұмысқа орналасса, төрт бала мектепке оқуға қабылданды. Қалған отбасылар алдағы жылға толық көшіп келуді жоспарлап отыр.
Қоныстанған азаматтардын 12-сі шаруа қожалықтарын құрып, «Мырзашөл» өндірістік кооперативіне бірікті. Кооператив мүшелеріне Құмкөл ауылдық округінен 1000 гектар, Екпін ауылдық округінен 1000 гектар егістік жерлер берілді, лизинг арқылы 17 ауылшаруашылық техникасы алынды. Көктемгі егістікке қажетті тұқым, жанар-жағармай сатып алу үшін аудандағы «Барқытбел» несие серіктестігі арқылы «Егінжай» бағдарламасымен 14 млн. 200 мың теңге несие беріліп, егілген егінді дер кезінде жинап алуға мүмкіндіктер жасалды. Көктемгі егістік жұмыстарына кеткен шығынды азайту үшін 12 млн. 425 мың теңгенің субсидиясы төленді.
Алынған өнімдерді аудан тұрғындарына әр жәрмеңке сайын арзан бағамен сатып, көкөніс, картоп өнімдерімен аудан жұртшылығын 100 пайыз қамтамасыз етті. Аудан орталығы Ақсуат ауылындағы орталық базарда картоптың әр келісін 50 теңгеден, сәбіз 45 теңгеден, қырыққабат 60 теңгеден, қауын-қарбыз 20-25 теңгеден саудаланды.
Күзгі жиын-терін жұмыстарына Құмкөл, Ақсуат ауылдық округтеріндегі жергілікті тұрғындардан 45 адам қосымша жұмыспен қамтамасыз етілді. «Мырзашөл» өндірістік кооперативі аудандық бюджетке 2015 жылы 1 млн. 200 мың теңгенің салығын төледі. Сонымен қатар, «Ізгілікті ниет» қайырымдылық айлығы шеңберінде аз қамтылған 100 отбасына 20 тонна картопты тегін таратып берді. Осылайша жер еміп, нәпақасын тауып жүрген қандастарымыздың кәсібі өзге жерлестерімізге үлгі етерліктей деңгейге жетіп отыр.

Сұхбаттасқан – Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button