Тарбағатайлықтар – Мәдениет саласының үздігі
Ақсуат Мәдениет үйінің директоры Шәкен Көпшікбаева мен Ақжар Мәдениет үйінің артисі Болат Жолдыбаев «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
– Шәкен Көпшікбаева – ауданның өнері мен мәдениетіне үлкен үлес қосып келе жатқан білікті маман. Ол кісінің еңбек өтілі 30 жылдан асып кетті. «Мәдениет саласының үздігі» атануы – лайықты марапат. Ол кісінің маңдай терінің арқасында 2014 жылы «Бабалар сазы» этно-фольклорлық ансамблі құрылып, өнерпаздары ұлт өнерін Иран, Өзбекстан, Түркияға барып паш етті. Әлемдік фестивальдарға арнап репертуар таңдауда ақыл-кеңесін аямай айтып отырды Шәкен әпкеміз. Кейінгі кезде «Тамшы» атты балалар театрының құрылуына да үлкен ықпал етті. Қазіргі кезде өнерпаз балдырғандар да республика жұртшылығына жақсы танылып қалды, – деді Ақсуат Мәдениет үйінің әдіскері Бақытгүл Оқасова.
Ауданнан марапат алған тағы бір өнер иесі – лирикалық тенор дауысымен көпшілікке танылған әнші Болат Жолдыбаев.
– Болат ағамыз 40 жылдан бері өнердің «отымен кіріп, күлімен шығып жүрген» адам. Опералық әнші әрі педагог. Шығыс жұрты бұл кісінің лирикалық тенор дауысын бірден айырады. Отбасы да өнерлі. Жұбайы – қобызшы, ұлы Алматыдағы Абай атындағы опера театрының әншісі. Қазақтың қара домбырасын жас бала түгілі ересектердің өзі ұмыта бастаған жаңа ғасырда, бұл кісінің «Толағай» халық ансамблін ыдыратпай ұстап отыруының өзі де – ерлік, – деп, әріптесі жайында Ақжар Мәдениет үйінің артисі, кәсіподақ ұйымының төрағасы Аян Садуақас айтып берді.
Оның айтуынша, Болат Жолдыбаев биыл зейнет жасына шығады.
– Болат ағамыз бұрын бірнеше рет осы марапатқа ұсынылғанымен жауапсыз қала берген. Алайда Мәдениет үйінің кәсіподағы қайта бір бастама көтеріп, осы жылы тағы бір мәрте ұсындық. Нәтижесінде ағамызға лайықты марапаты бұйырды. Облыстың салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағына зор алғыс! Бір кезде Қанаш Қайырбаев, Хамит Балшабеков, Абаш Кәкенов, Серікхан Жақиянов сынды тарланбоздармен өнер көшінде үзеңгі қағыстырып қатар жүрген ағамызды «Могиканның соңғы тұяғы» десек те болады. Тоқсаныншы жылдарда қазақ өнерінің іргесі сөгілмеуіне бірден-бір ықпал еткен адамдардың қатарында бұл кісі де тұр. Болат Жолдыбаевты өнердегі бауырлары, біз қатты сыйлаймыз. Қандай құрметке де лайық деп есептейміз. Ағамыз, бұйырса, желтоқсанда зейнет жасына толады. Ол кісіні біздің облыстың мәдениет саласына басшылық етіп отырған азаматтар да ескерусіз қалдырмайды деп сенеміз, – деп Аян Садуақас әріптестерінің тілегін жеткізді.
Тасқын Болатұлы