Аймақтар аухалы

Тарбағатайға газ тартылмақ

Алдағы бес жылдың ішінде тарбағатайлықтар көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Серікқазы Сәдуақасов мәлім етті.

– Бізге Зайсаннан емес, Қазақстан ауылының маңынан шығарылатын өз газымыз тартылады. Осы мақсатқа жер бөлінді. Келесі жылы газ тарту жұмыстары қолға алынады. Оны  «Береке» компаниясы жүргізеді, – деді аудан басшысы.

Көгілдір отынелді мекендерге құбырлар арқылы жеткізілмеуі мүмкін. Өйткені бұл жұмыс көп уақытты талап етеді. Алайда мұның бәрі алдағы уақыттың еншісінде. Брифингке қатысқан Серікқазы Сәдуасқасов осылай деді.

– Биыл сегіз ауылдық округте абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Осы мақсатта тиісті қаражат бөлінді, – деді ол.

Брифинг барысында аудан басшысы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Сәтбаев, Байтоғас, Ақмектеп ауылдарының тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткізетінін атап өтті. Сондай-ақ Екпін, Қызылкесік, Маңырақ, Құмкөл ауылдарындағы су құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлім етті.

– Ауданда инфрақұрылымды дамыту бойынша тиісті шаруалар атқарылуда, – деді ол.

Ағымдағы жыл басынан бері аудан көлемінде 1952 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оған 485 миллион 647 мың теңге бөлінді. Оның ішінде 1774 отбасыға шартты ақшалай көмек көрсетілді. Серікқазы Сәдуақасовтың айтуынша, биыл аз қамтылған51 адамға біржолғы материалдық қолдау берілген. Бұл мақсатта екі миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.

– Ауданда үш көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады. Оған «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының өкілдері мен демеушілерқаржылай қолдау көрсетті. Сонымен қатар «Парыз» қорының есебінен 29 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда, – деді Серікқазы Сәдуасқасов.

Брифинг барысында аудан басшысы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында да бірқатар шаруа атқарылып жатқанын атап өтті. Айтуынша, биыл төрт жас маман бюджеттік несие алып, баспаналы болған. Оған 15 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Сонымен қатар жастарға көтермеақы тағайындалған.Ал әлеуметтік қорғау саласына келсек,ауданда 319 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген.

– Аудандағы жұмыссыздық деңгейі 0,85 пайызды құрап отыр. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, ағымдағы жыл басынан бері 66 адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналасты. Биыл 397 жаңа жұмыс орны ашылды, – деді аудан әкімі.

Тарбағатай ауданында 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшамен толық қамтамасыз етілген. Серікқазы Сәдуасқасовтың айтуынша, аудан бойынша 25 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істейді. Онда 1589 бала тәрбиеленуде.

– Аудан көлемінде 1023 оқушыға тегін ыстық тамақ беріледі. Олардың дені әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары. Түптеп келгенде, мұның бәрі оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін жасалуда, – деді Серікқазы Сәдуақасов.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button