Спорт

Тақымы тастай Сайлаубек

Көшпенді өмір салтын ұстанған  қазақ халқы ұлттық ойындардан қол үзген емес. Соның ішінде көкпар десе делебесі қозады. Мәселен, Қабанбай ауылының тұрғыны Сайлаубек  Мұхамадиев аттың құлағында ойнайтын, тақымы тастай, құрыш білекті, жүрегінің түгі бар ардагер-көкпаршы.

Ауыл еңбегін бір кісідей көрген. Тракторшы, шопыр болып көлік тізгіндеген, қой да баққан, құрылыста да істеген.

«Әкем Бәйзен құрылысқа икемді болды. Үлкен атшаналарды балтамен ойып істейтін. Тәрбиесінде болдық. Ол кезде «Крупская» совхозы еді. Ағам да қолөнерге жақын-тұғын. Ал көкпарды 24 жасымнан бастадым. Серкенің сирағына жабысып, үлкендердің арасында, ауыл-ауылда тартатынбыз. 1984 жылы кәсіби түрде бастадым. Ол кезде тоғыз совхоз. Спартакиадаларға барып, Тарбағатайдың көкпарын шығарған осы Қабанбайдың жігіттері. Бізден кейінгі тәрбиеленген көкпаршылар да жақсы көзге түсіп жүрді. Есенжол Кішәнов деген мықты азамат еді, жарықтық қайтыс болды. Аударыспақтан атой салатын. Өз салмағында Қазақстанның чемпионы болды. Бақытбек Игіліков (Бәшәй), Архат, Мақсат, Епо дейтін 7-8 жігітті қалыптастырдық. Бақытбек Мамаев, Болатбек, Нұрсерік, Жәлелхан бәріміз Шығыстың құрама командасына кірдік. Шамамен 1989 жылдары қателеспесем, Асанбай Асқаровтың көзінің тірісінде асына бардық Шымкентке. Жарыс республикалық деңгейде болды, облыстар қатысты. Қырғыздар, өзбек ағайындар да келіп қатысты. 1998-1999 жылдар шамасы. Ол кезде біз жақта көкпар аса дамымаған еді.  Бертін келе қырғыздың әдісімен қазан деген шықты. Біздің кезде алғашында көмбені ортаңғы сызықтан өтіп тастасаң ұпай есептелетін. Одан кейін дөңгелек шеңбер ішіне тастау шықты. Футболдың қақпасы секілді де болған. Оған да тастап ойнадық. Қазандықтан гөрі жер шеңберге тастаған жақсы. Бұл негізінен қазақтың өзіне тән ойнау тәсілі. Қырғыздар көкпар біздікі деп айтып жүр ғой. Негізінде қазақтың өзінде де көкпар болған. Оңтүстік жақта ерекше дамыған. Көкпардың отаны деуге болады. Асанбай Асқаровтың асында атой салдық. Ол кезде бір салымға жүлде беретін. Неше салым саласың сонша сыйақы. Ондайды көрмегенбіз ғой ол жылдары. Бұл адамды ынталандырады екен.

Қазір жас ұлғайды. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Қалған ғұмырымды осы жастарды тәрбиелеуге жұмсап келемін.  Мына қырғыздардың ережесінде 30-35 келіден асырмау деген де бар екен. Қазақта өлшемеген ғой. Асанбайдың асында Есенжол Кішановтың  тақымға басқан серкесін бір ойын бойы ешкім ала алмады. Содан ой мынау болмайды деп, 1 центнер тартатын серке тастады. Оны да тарттық қой. Оған біздің аттардың дайындығы нашарлау болды. Көкпардың атын баулу деген өзі қиындау шаруа. Бәйгенің атынан да қиын. Жілік майын толтырып, жемін беріп, екі ай байласаң одан кейін ақырын-ақырын жүргізуің керек, етін қатырып. Күнделікті жаттығу жасау керек. Үстіндегі балуан да соған қалыптасуы тиіс. Ат пен адамның бабы бірдей келсе, ойын керемет шығады. Жылқы адамның тақымын біліп тұрады. Сол үшін атқа бір кісі ғана дайындау керек. Бір кездері өзіміздің жабы дейді ғой, сол жылқылармен көкпар тартысқанбыз. Бертін келгенде қаны өзгерді жылқының. Аттың неғұрлым мықты болуы, жүйрік болуы көкпар үшін маңызды. Өйткені серкені тақымдап көмбеге қарата ұшқанда аттың басының қайымы жақсы болуы керек. Соған үйрету керек. Кілт бұрылу деген де бар.  Міне, көкпар азаматты ептілікке, жанкештілікке баулитын ұлттық спортымыз», –дейді ардагер көкпаршы Сайлаубек  Мұхамадиев. Осы кісідей тақымы тастай жастар көптеп шықсын деген тілектестігімізді білдірдік.

 Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы

 

 

Осы айдарда

Back to top button