ТАЛПЫНҒАНДЫ ТАБЫСҚА ЖЕТКІЗДІ
Жанаргүл МҰҚАТАЙ
Өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, алдағы жоспарларды айқындайтын кезең де келіп қалды. Биылғы 2022 жылы облыста үлкенді–кішілі сан түрлі өндіріс орындары ашылып, жаңа тауарлар шығарылып, шағын және орта кәсіпкерлік саласы өркендеп, өңірдің экономикалық әлеуеті артты. Елімізде жыл соңында аяқталуы тиіс болған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге енгізілген мораторий 2023жылдың соңына дейін ұзартылып отыр. Осындай оңды қадамдардың бәрі болашаққа үлкен үміт арттырады.
ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ
Облыс кәсіпорындарының өркендеуіне еңбек өнімділігін арттырып, жұмыс орындарын ашуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тигізіп отырған ықпалы ерекше. Өскемендегі «Теміржол шаруашылығы бірлестігі» ЖШС үшін 2022 жыл өндірістік қуатты арттырып, қызмет сапасын жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік берген берекелі жыл болды.
Облыс орталығындағы жергілікті өнеркәсіптік кәсіпорындарға теміржол арқылы жүк тасымалдау қызметін көрсетіп келе жатқан бұл кәсіпорын биыл өндіріс жабдықтарын жаңалап, жаңа деңгейге көтерді. Қайта жаңғыртылып, іске қосылып жатқан өндіріс цехтарында алдағы уақытта 40 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жергілікті өнеркәсіптік кәсіпорындардың, сондай-ақ облыс аумағын басып өтетін өзге жақтағы кәсіпорындардың өздерінің қолданысындағы жүк тасымалдап жүрген вагондарын жөндеуге деген сұранысы барған сайын артып отыр. Осы сұранысқа сай дер уақытында сапалы әрі тиімді қызмет көрсету мақсатында «Теміржол шаруашылығы бірлестігі» ЖШС вагондарды жөндеу қызметінің аясын кеңейтіп, өндірісін ұлғайтуда.
Кәсіпорын ресейлік өндірушіден темір өңдеуге қажетті токарьлық станоктар мен көтергіш крандар сатып алуға келісім жасаған. Өндіріс үшін ауадай қажет бұл құрал-жабдықтар мен техникалар арзан дүниелер емес. 1,7 млрд теңге тұрады. Кәсіпорын жаңа құрал-жабдық сатып алуға қажетті қаржыны несиеге алған.
– «Ырыс алды – ынтымақ» деген, біз өндірісін ұлғайтуға, мүмкіндігін молайтуға ниеттенген кәсіпорынды қолдап, өндіріс нысанына барып, жұмысымен танысып, ынтымақтаса, бірлесе жұмыс істеп, өз тарапымыздан мемлекеттен қарастырылған барлық қолдау тетіктерін, көмектерін көрсеттік. Кәсіпорынға несие беруге «ЦентрКредит банкімен» келісім жасасып, «Даму» қорымен «Теміржол шаруашылығы бірлестігі» ЖШС алатын несиенің пайыздық мөлшерлемесін кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында субсидиялауға мәмілеге келдік. Қараша айында щағын кәсіпорын көптен күткен несиесін алып, қазір үш ірі өндірістік цехын: локомотивтерді жөндеу, вагондарды ағымдық жөндеу және дөңгелек жөндеу өндірістерін іске қосып жатыр, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Кайрат Мамырбаев.
ДОСАНҒА ДИСТРИБЬЮТОР ТАБЫЛДЫ
Дамыған елдердің бәрінде экономиканың драйвері ретінде бизнеске, шағын өндіріс орындарына, шағын кәсіпорындарға ерекше мән беріледі. Өндірістің мәселесі тамақ, киім, тауар өндірумен ғана шектелмейді, шығарған өнімді өткізу, сату өндіріс саласындағылар үшін бәрінен үлкен шаруа.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жергілікті шағын кәсіпорындардың өнімдерін нарыққа шығаруға барынша көңіл бөліп, барлық мүмкіндіктер мен іскерлік байланыстарды қарастырып келеді.
Минералды су өндірісімен айналысып жатқан «Arnna Minerals» ЖШС бүгінде өзінің суымен бірге ілеспе өнім ретінде бұқтырылған ет өнімдерін де саудалап жатыр. Бұқтырылған ет – катонқарағайлық шаруа қожалығының иесі Досан Қасеновтің шығарып жатқан өнімі. Бүгінде «Arnna Minerals» ЖШС – Қасеновтің шағын өндірісінде өндіріліп жатқан қалбырдағы бұқтырылған сиыр етін саудалайтын ресми дистрибьютор, өткізуші. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауының нәтижесінде Досан Қасенов минералды су шығаратын өндіріс иесімен өзара келісім- шартқа отырып, ауыл кәсіпкеріне өнімдерді өткізудің тиімді жолы осылай табылған. Зайсан ауданының шағын кәсіпорны Катонқарағай ауданының кәсіпкеріне осылай қолғабыс етіп отыр.
Зайсандағы «Arnna Minerals» ЖШС «Miglior» сауда белгісімен өндіріп жатқан ауызсу, сусындардан бөлек, болашақта алкогольді сусындар өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Қазіргі күні зауытта 13 түрлі газдалған, газдалмаған ауызсу, 14 түрлі лимонад өндіріліп жатыр. Былтыр өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен серіктестік зауытының минералды сулары қаладағы ірі сауда желілерінде сатылымға шығарылған болатын. Биыл күзден бастап зайсандық кәсіпорынның өнімдері қаладағы «A-Store» супермаркеті желілеріне шығарылып, тағы бір ірі сауда нүктесін тапты.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан ел экономикасын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға орай беріліп отырған түрлі көмек, қолдаулардың нәтижесінде облыста өнім өндірумен, түрлі қызмет көрсетумен шұғылданып жатқан тұрғындардың саны жыл сайын арта түсуде.
Өскеменде ашылып, жұмыс істеп жатқан «THAI ISLAND SPA» сауықтыру орталығының иесі Наталья Осинина мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алып, ол қаржыға қаланың Чехов көшесінен СПА салонын салып, жөндеу жүргізіп, жаңа бизнесін бастаған.
- Қазіргі күні отбасымыздың бизнесі табысты жүріп жатыр десем болады. Осылай өзімді дамытуға, сүйікті ісімді кәсіп көзіне айналдыруыма жағдай жасап, қолдап, қуаттаған өңірлік кәсіпкерлер палатасына алғысымды білдірсем деймін. Кәсіпкерлер палатасы бизнес-жоспар жасауға, оны бекітуге бастан-аяқ көмектесіп, кеңес беріп отырды. Кәсіпкерлер палатасының ұсынуымен «ЦентрКредит банкінен» несие алдым. Кәсіпкерлер палатасы маған осыншалықты көмектеседі деп ойламаппын, – дейді ол.
«СЕРІКТЕС» СЕРПІН БЕРДІ
Облыстағы шағын кәсіпорындар өндірісінің дамуына «Казцинк» компаниясының да тигізіп отырған ықпалы айтарлықтай. 27 желтоқсанда облыс орталығында дәстүрлі «Казцинк серіктестерінің форумы» өтеді. Кәсіпкерлік субъектілеріне арналып жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Серіктес» конкурсына биыл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 40-тан астам жобасы енгізілген. Серіктестер форумында осы жобалар қаралып, кәсіпорындар тауарлары мен қызметтерін өткізу бойынша 17 млрд теңгенің алдын ала келісімшартына қол қойылмақ.
2022 жылы өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Казцинк» компаниясымен Алтай, Риддер қалаларындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тауарлары мен қызметтерін сатып алу бойынша 8 млрд теңгенің алдын ала келісімшартын жасасып, меморандумға отырған.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттерінің «Тастағы ежелгі жазбаларды цифрландыру» жобасы да «Казцинк» тарапынан қолдау тауып отырған жобалардың бірі. Қазіргі күні осы жобаны «Казцинк» жағынан қаржыландыру бойынша меморандумға отыруға дайындық жүргізілуде. Компания келер жылы «Robotique» ЖК-нің «Инженерлік шығармашылық шеберханасы», «SP Jet» ЖШС-нің «Жұмысшыларды көпсалалы CTX 510 Ecoline станоктарында оқыту» сияқты бірнеше жоба бойынша жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтаса жұмыс істемек. Өскемендегі ірі компания сондай-ақ «ДИМ Строй» ЖШС өнімдерін автоматтандырылған басқару жүйесін құруға пайдаланып отыр.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің иелеріне, кәсіпкерлерге өздері өндіріп жатқан өнімдерін, көрсетіп жатқан қызметтерін отандық нарықта жарнамалау қажеттігі туындаса мына мекенжайға хабарласуды сұрайды: Өскемен қаласы, Әуезов даңғылы, 26/1, 2-қабат, 14-бөлме, анықтама телефоны: 8 (7232) 742-814.