Қоғам

Талай нәрестенің кіндік атасы атанды

Балалар үйінде өсіп, медицинаға қол созған, бойына нағыз дәрігерге тән  қасиеттерді жинақтаған Зәкең білім мен тәрбиені, еңбек пен тәжірибені  қатарластыра қалыптастырған.

Закеңнің  маңын өмірде жақсы адамдар, тамаша ұстаздар, керемет достар, қамқоршы адамдар толықтырды, өйткені өзі де сондай жан еді. Жоғарғы сынып оқушыларынан (балалар үйінде) «папа-мама» болып қамқорлық көрсеткендер де болатын. Ата-ананы аңсаған жүрек соларға кәдімгідей еркелеген кездерін еске түсіреді. Жігерлі жігіт  мектеп бітірген соң бір жыл ұстаздық қызмет атқарып, өзінің осы салаға бейімдігін көрсетті, ары қарай осы мамандықты жалғастыр деген өтінішке алғысын айта отырып, өз арманына аттанды. Арман  оны Семей қаласындағы мединститутқа жетеледі. Білімді жігіт оқуға қиналмастан түсіп кетті.

Семейде жүріп,    болашақ педагогпен Нұрғызарыммен өмірі тоғысып, өз ұясын құрып, туыс-туғандар көбейді, өмірге алтын асықтай ұлдары келді. Жары, балалары өмірін гүлдендірді, өзі еңбекқор адамды еңбекке бұрынғыдан да құлшындырды. Оқу бітіріп келген екі бірдей жоғары білімді жас  Жарманың орталығына орналасып,   білікті маман екендіктерін көрсетті. Әсіресе, әлі де дәрігерлер тапшы Георгиевкада қолы емсек, білімі мықты Закеңнің атағы аспандады. Естемісов дегенде ел құлағы елендейтін, атақты хирург атанды. Ауыр-ауыр оталарды сеніммен жасады, тіпті қысылтаяңда адамды аман алып қалу үшін жүрекке де ота жасады. 1980 жылдардың соңында Зәкеңе біліктілігін тағы дамытып гинеколог  мамандығын игерту ұсынысы түсті. Қандай істе болсын шешімді тез қабылдайтын Зәкең қайта оқып келіп, перзентхана бөліміне орналасып, ұзақ уақыт сол бөлімді басқарып, ана мен бала жанашыры болды. Осы уақыттарда Семейге, Өскеменге дерті ауыр сырқатты жеткізу мүмкін болмағандықтан, Көкпекті, Тарбағатай, Самар, Зайсан, Аягөз аудандарының сырқат адамдарына  күрделі операция жасап, емдеуіне тура келді. Талай ананы аман алып қалып, қаншама нәрестенің кіндік атасы атанды.

Естемісовтер жанұясы – дәрігерлердің отбасы, ұлы Марат та әке жолын қуған білікті, жоғары санатты дәрігер, медицина саласының үздігі, келіндері де ата жолын қуған. Кейінгі жары  Майра – «Азат» отбасылық амбулаторияда медбике, кезінде Заманбек Естемісұлының қол астында іс-тәжірибеден өткен, қазір аудандағы беделді дәрігерлердің бірі Бұлғын  Шаяхметовамен бірге алдыңғы жылдардағы қиын жағдайда індетпен күресіп, қажырлы еңбек етуде.

Жұмабақыт РахметоваЖарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button