Білім

Талапкерлер тестілеу сынағына тас-түйін дайын

Талапкерлер тестілеу сынағына тас-түйін дайын

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін балмен, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық және басқа да мәселелер талқыға салынды.

Барлық мектептер мен балабақшалар сүт өнімдерімен қамтылып отыр

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аймақтағы білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің балмен және сүт өнімдерімен қамтылу барысын пысықтап, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селихановтан арнайы тексерудің нәтижелерін сұрады.
– Білім беру ұйымдарын сүтпен қамту үшін өнім өндірушілермен бір миллиард 560 миллион теңгенің келісімшарты жасалуы тиіс екенін білемін. Сізге сол мәліметтерді тексеру керек болатын, – деп атап өтті облыс әкімі.
Дүйсембай Селиханов облыстық білім басқармасымен бірлескен тексерудің он күнге жалғасқанын атап көрсетті. Нәтижесінде сүт және сүт өнімдерін сатып алуға көзделген қаржының жалпы сомасы 944 миллион 600 мың теңгені құрағаны анықталды. Сүт өнімдерімен облыстың барлық мектептері, балабақшалары қамтылыпты.
– Осы сомадан бүгінгі таңда 821,9 миллион теңгенің келісімшарты жасалған. Шамамен 120 миллион теңгенің айырмасы жекелеген мекемелердің келісімдерге 1 маусымға дейін, ал қалғандарының жыл соңына дейін отырғанына байланысты пайда болды. Біз олардың барлығына шарттарды 1 қаңтарға дейін жасауды ұсындық. Бұл мәселе қалалар мен аудандар әкімдерімен нақты бір ретке келтірілген. Мұнымен қоса, барша мектептерде оқушыларға 10-20 грамдық құтыларға құйылған бал беріледі, бірақ шынын айту керек, кей жерлерде толық көлемде емес. Балмен 170 мыңға жуық оқушы қамтылған. Оқушылар құрамының балға деген жалпы қажеттілігі жылына 502 тоннаны құрап отыр, – деді Дүйсембай Селиханов.
– Өңдеуші зауыттардың өкілдері шақырылатын алдағы кеңесте осы мақсатқа бөлінген қаражаттың жалпы сомасы бастапқыда бір жарым миллиард теңге болғанымен, нәтижесінде неге 944 миллион теңгені ғана құрағаны түсіндірілсін. Сонда 600 миллион теңге қаражат қайда кетті? Мәселені тексеріп, толық талдау жүргізуге бір ай мерзім беремін, – деді осы ретте облыс әкімі.
Бұл тапсырма білім және ауыл шаруашылығы басқармаларының басшыларына, сондай-ақ, қалалар мен аудандар әкімдеріне жүктелді. Мәселен, неліктен Өскемен қаласы бойынша сүт сатып алуға 341 миллион теңге қарастырылып, шарт 257 миллион теңгеге ғана жасалған? Қалған қаржыны табу керек. Сонымен бірге, Ұлан ауданында 13,3 миллион теңгенің тек 11,9 миллион теңгесіне, Күршім ауданында 16 миллион теңгенің тек 0,6 миллион теңгесіне ғана келісімдер әзірленген.
Жоспарда облыстағы денсаулық сақтау мекемелерін сүт өнімдерімен қамту жағы нақтыланған жоқ. Ресми ақпаратқа сүйенсек, облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық мекемелер үшін сүт өнімдерін мемлекеттік сатып алу жөніндегі электронды конкурстардың ұйымдастырушысы болып табылады. 181 миллион теңгенің 717 тоннадан астам сүт өнімдерін сатып алу бойынша бес электронды конкурс (179 лот) жарияланған. Алайда, іс жүзінде 175 миллион теңгенің 739 тоннадан асатын өнімі сатылып алыныпты. Жеткізушілер қатарында «МИЛК», «Эмиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Е.Зайтенов» шаруа қожалығы және тағы басқа кәсіпорындар бар.

Мектеп түлектеріне психологиялық қолдау аса қажет

Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық турасында облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев баяндады. Оның айтуы бойынша, биыл түлектер саны өткен жылға қарағанда аз. Былтыр мектептерді 9851 бала бітірсе, осы жылы 8660 оқушы тәмамдап отыр. Болжам бойынша, жоғары оқу орындарына 2014 жылға қарағанда түлектер 1,3 пайызға көп түспек. Жалпы алғанда, алдын ала тестілеудің нәтижелері жаман емес, алайда, оқушылардың сабақ үлгерімі төмендеген өңірлер де бар. Ең кем үздік оқушылар саны Курчатов қаласында және Зырян, Катонқарағай, Ұлан аудандарында байқалады. «Үшке» оқығандардың басым бөлігі – Глубокое, Бородулиха, Жарма, Зырян, Ұлан аудандары мен Курчатов қаласында.
– Біз басты сынаққа әзірліктің кезеңдік жоспарын жүзеге асырып шықтық. Түлектер арасында «Алтын белгіге» үміткерлер қатары айтарлықтай ұлғайды, атап айтсақ, 3,8 пайыздан 4,5 пайызға дейін. Облыста олардың саны – 397. Ұлттық бірыңғай тестілеуден халықаралық олимпиадалар мен сайыстардың 110 жүлдегері босатылады. Былтыр мұндай оқушылардың саны 81 болған-ды, – деп атап өтті Асқар Нұрғазиев.
Сонымен қатар, басқарма басшысы осы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу жөнінен үздік үш өңірдің қатарына қосылуға көп көңіл бөлініп отырғанын атап көрсетті. Басқарма тарапынан облыс басшылығына былтыр осындай уәде берілген болатын. Бұл үшін емтихан алдында мектеп оқушыларына айтарлықтай көмек беретін дистанциялық курстар, семинарлар мен тренингтер өткізілді, бюллетеньдер, сынамалық тест жинақтары және басқа да қолданбалы материалдар шығарылды. Алдын ала тестілеудің орташа балы облыс бойынша 83,4-ті құрады (былтыр ол 78,2 балл болатын). Мұнымен қоса, Ұлттық бірыңғай тестілеуге психологиялық тұрғыда дайындау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Айталық, түлектердің ата-аналарына арналған конференциялар өткізіліп, ол жиындарға бес мыңнан астам адам қатысты.
Тестілеу облысымыздағы 17 пунктте 2-15 маусым күндері аралығында жүргізіледі. Биыл Курчатов, Абай аудандары мен Семей қаласында қосымша тест тапсыру пунктері ашылып отыр.
– Менің атымнан Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық мәселелері бойынша Үкімет басшысының атына хат әзірлеу қажет. Мәселен, егер оқушы ҰБТ тапсыра алмаса, ол бір жылға қайта тест тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Біздің кезімізде түлектер мектеп емтихандарын тапсыратын, егер алғашқы реттен тапсыра алмаса, бір аптадан кейін қайта тапсырып, нәтижені түзетуге болатын. Бүгінде бұл ереже жойылған. Балаларға қайта тест тапсыру құқығын беру туралы ұсыныспен шығу керек. Тиісті негіздемесі бар хат орынбасарым Жақсылық Омардың бақылауында дайындалуы қажет, осы салада қандай олқы тұстардың, психологиялық кедергілердің бар екенін тексерген жөн. Шын мәнінде Ұлттық бірыңғай тестілеу күштік операцияға ұқсап барады, бұл іске барлық құқық қорғау құрылымдары кірістірілген. «Ұлттық бірыңғай тестілеу» атты «қойылым» басталғанда балалар мен ата-аналар алаңдап, қобалжи бастайды. Емтихан тапсыру үрдісін оңтайландырудың орнына кедергілер жасалады. Бір сөзбен айтқанда, барлық проблемалық жайттарды Премьер-Министрге жолданатын хатқа енгізу қажет, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.

Жұмыс тобына маңызды міндеттер жүктелді

Аппараттық кеңес барысында Даниал АХМЕТОВ құрылыс, медицина, энергетика және тағы басқа әлеуметтік-экономикалық салалар бойынша жүктеген өз тапсырмаларының атқарылуын тексерді.
– Негізгі міндет – мемлекеттік емес қаржыландыру, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік салаларындағы жұмысты күшейту. Осы орайда, арнайы жұмыс тобын құруды тапсырамын, оған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы жетекшілік етеді. Топ бірнеше бағытта жұмыс істейтін болады. Біріншісі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымына, яғни, қалалардың инженерлік коммуникацияларына инвестиция тарту, екіншісі – әлеуметтік инфрақұрылымға, яғни, балабақшаларға, ауруханаларға, мектептерге жіті назар аудару. Барлық жол-құрылыс компаниялары салық есебіне тұрулары тиіс. Қаржыландырылу көлемін көрсете отырып, спорт мекемелерінің түбегейлі құрылымын нақтылау керек. Сонымен қатар, Аягөз бен Үржарда салынатын екі мұз айдынының құнын анықтаған жөн. Ольга Рыпакова атындағы манежді іске қосу үшін қосымша қанша қаржы қажет екенін анықтау да маңызды. Алғашында маған белгілі бір қаражат көлемі айтылған болатын, ал қазір сол қаржы сегіз есеге дейін өсіп кеткен. Осы бір құрылыс нысандарының бастапқы құнын қайта бағалау «әдетін» доғарған абзал. Және олар толық аяқталмайынша, пайдалануға беруге асығудың еш қажеті жоқ. Сондай-ақ, осы айда Зимовье ауылындағы медициналық-әлеуметтік мекеме аяқталуы тиіс. Атқарылған жұмыс туралы есеп маған бірінші маусымда ұсынылатын болсын, – деп атап көрсетті аймақ басшысы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button