Мәдениет

Таланттарымен танылған өлке

Таланттарымен танылған өлке


Жарма өңірінде «Өркенді өлке – мерейлі мекен» деген атаумен аудан күні кең көлемде тойланды. Мерейтойға орай Қалбатауда Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, белгілі ақын Тұрсынхан Әбдірахмановаға еңселі ескерткіш қойылып, шайырдың әдеби мұрасына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Тұрсынхан ақынға ескерткіш орнатты

Жарма өңірінен елге мәшһүр тұлғалар аз шықпады. Рас, қойнауы тарихқа толы құт мекенде талай батырлар мен ақындар дүниеге келді. Ескіден жеткен шежіреге жүгінсек, Қарамоладағы қорымда Еуразияны дүр сілкіндірген Батыс Түрік қағанатының көсемі Байдұлы баба (Батыр Дұлу хан) жерленген деседі. Дәл осы жерде XIX ғасырда ірі жәрмеңкелердің бірі өтіп, хакім Абай әзірлеген «Билер ережесі» қабылданған екен. Ал жаугершілік дәуірде Ақтамберді жырау, Еспенбет, Боранбай би, Ер Жәнібек, Қонақай, Нарбота, Қожағұл, Қалыбай, Жалаңаш, Жарылқап сынды ұлт марқасқалары ел мен жердің мүддесін қорғап, атамекенді келер ұрпаққа аманат етті. Киелі өңірден 17 ақын шыққанын да айта кеткен орынды. Бұған қоса, қазақ әйелдері арасындағы тұңғыш академик-ғалым Нәйла Базанова, көрнекті қоғам-қайраткері, партизан-жазушы Әди Шәріпов, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы Ғайрат Сапарғалиев, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Гүлжазира Ахметова, грек-рим күресінен Олимпиада жүлдегері, даңқты палуан Дәулет Тұрлыханов, Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі Роза Рымбаева, белгілі кәсіпкер Зейнолла Кәкімжанов секілді танымал азаматтар Жарманың топырағынан түлеп ұшты. Сол дараланған перзенттердің арасында Тұрсынхан Әбдірахманованың есімі әсте бөлек. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейін «Қазақстан әйелдері» журналында бөлім меңгерушісі, сондай-ақ Министрлер кеңесінің баспасөз жөніндегі комитетінде және ҚазКСР ҒА президиумында жауапты қызметте болды. Сол сияқты Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында аға редактор әрі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында абыройлы еңбек етті. Оның өнерге деген адалдығын бағалаған жармалықтар қоладан ескерткіш қойып, құрмет көрсетті. Шайырдың мүсінін осыған дейін Құнанбай мен Абайдың, Ақтамберді жыраудың, Мұхтар Әуезовтің және ұлт аспабы – домбыраға арналған ескерткіштерді дүниеге әкелген Нұрбол Қалиев жасап шықты.

– Ескерткіштің биіктігі тұғырын қоса алғанда алты метр. Қоладан жасалды. Шамамен, үш жарым айда құйып бітірдік. Әйтсе де оңайға соққан жоқ, себебі ол кісі еркін ойлы, рухы асқақ жан еді. Міне, осы бір еркіндікті жеткізуге күш салдық. Енді патша көңілді халық өз бағасын бере жатар, – деді жас мүсінші.
Торқалы тойға жиналған жұрттың қарасы көп. Араларынан дүйім көпшілікке танымал ел ағалары да бар. Олардың қатарында Парламент Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досанов, ғалым, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім және «Құнанбай» фильмінде Зере әженің рөлін ойнаған еліміздің Мәдениет қайраткері Нұрсипат Салықовалар болды.

– Бүгін – тарихи күн, себебі екі бірдей айтулы оқиға аталып жатыр. Біріншісі – Жарма ауданының құрылу күні. Бұл – киелі өлке. Осы жерде қазақ мәдениетінің шоқтығы биік тұлғалары дүниеге келді. Екіншісі, қазақтың дара перзенті, аяулы анамыз Тұрсынхан Әбдірахмановаға ескерткіш орнатылды. Осындай өнегелі істі атқарған аудан әкіміне алғыс айтамын. Өзінің мәдениетін көтерген ел ұзақ жасайды. Тарихқа зер салсақ, небір алып мемлекеттердің күйрегенін байқаймыз. Оған рухани құлдырау себеп болды. Ал біздің рухымыз жоғары. Біздің рухани құндылығымызды асқақтатып тұрған тұлғаларымыз бар. Солардың бірі әрі бірегейі – Тұрсынхан Әбдірахманова, – деп ағынан жарылды жазушы Сәбит Досанов.

Ірі жобаларды іске асырып келеді

Айтулы күнге арналған іс-шаралар легі аудандық Мәдениет үйінде жалғасып, көпшілік салтанатты жиында бас қосты. Алқалы отырыста аудан басшысы Нұрлан Сыдықов Жарма өңірінің өткен тарихын түгендеп, бүгіні мен болашағына тоқталып өтті.

Бүгінде Жарма ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы көз қуантады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына ауданнан төрт жоба еніпті. Оның екеуі сәтті іске асырылған. Алғашқысы – «Қазахцемент» ЖШС-нің цемент өндіру жобасы. Енді бірі – Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының кен-байыту комбинаты. Аймақ үшін маңызды өндіріс ошағында қазірдің өзінде алтынның алғашқы тоннасы игерілген.

Сонымен қатар қанатқақты жобалардың бірі ретінде «Жангиз Солар» ЖШС-нің Жаңғызтөбе кентінде салынатын жылдық қуаты 30 МВт-тық күн электр стансасын айтуға болады. Қазір оның шаруашылығы басталып кеткен. Бұл – облыс көлемінде баламалы қуат көздеріне бағытталған алғашқы жұмыс. Ауыл шаруашылығында да жемісті нәтижелер баршылық. Мысалы, ет бағытындағы мал шаруашылығын асылдандырып, дамытуға ерекше ден қойылған. Бүгінде асыл тұқымды мал шаруашылығының саны 21-ге жеткен. Оның алтауы – ірі қара, 12-сі – қой және үшеуі – жылқы шаруашылығы. «Sembell» ЖШС жобалық құны үш мың басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Қазір 1500 бас ірі қараны сатып алып, бордақылауда. Бұдан басқа «Сүлеймен» шаруа қожалығы 100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын аяқтады. Осы және басқа да ауқымды жоспарларды тізбектеген аудан басшысы Жармада болашағы жарқын істер көп екенін атап өтті.

Таланттарымен танылған өлке

– Шығыс Қазақстанның дәл ортасында орын тепкен Жарма ауданы – тарихы терең, мәдени аймақ. Қасиетті өлкенің шежіресі ұлы даламыздың сан ғасырлық тіршілігінен сыр шертеді. Ел басына қауіп төнген сын сағатта батырлықпен танылған жармалықтар бейбіт өмірде озық істерімен ерекшеленді. Теміржолда, кен өндірісінде, астық тұқымын мол өсіруде жоғары жетістіктерге жете білді. Осы өлкеден шыққан қоғам, мәдениет және спорт қайраткерлері қазақ елінің мерейін өсіріп, зор үлес қосуда, – деген Парламент Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин жерлестерін мерейтоймен құттықтады.

Осындай құттықтау лебізін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов та арнады. Ректор жармалықтарға сонау Астанадан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың құттықтау хатын ала келіпті.
Әуезовтің өзі Алматыға жетелеп апарған

Аудандық Мәдениет үйінде Тұрсынхан Әбдірахманованың әдеби мұрасына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Алғашқы сөзді алған көрнекті жазушы Сәбит Досанов Т.Әбдірахманованың ғұмыры оңай болмағанын тілге тиек етті.

– Ол кісі – ерте жетім қалған адам. Өзінің еңбегімен, өжеттілігімен, талантымен көтерілген тұлға. Семейге өзі барып білімін шыңдаған. Абай ауданында комсомол қатарында болған. Сол жерде оның әншілік қабілетін бірінші байқаған Мұхтар Әуезов екен. Оны Алматыға жетелеп әкеткен де Мұхаң еді. Қазақстанның халық жазушысы – менің ұстазым Әзілхан Нұршайықов ағамыз ол кісінің төрт қасиетін айтқан. Бірінші -әншілігі, екінші – ақындығы, үшінші – ғалымдығы және төртіншісі – қайраткерлігі. Бұл кісі халқына көп қызмет етті. Президенттің қабылдауында болып, өзінен гөрі халықтың сөзін сөйлеп, мұң-мұқтажын жеткізген. Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» антиядролық қозғалыстың қатарында жүріп те қоғамдық ұстанымын айқын дәлелдеді. Тұтастай алғанда, саналы ғұмырын халқына арнаған ерекше жан еді, – деп атап өтті Сәбит Досанов.

Сондай-ақ бұл күні Қалбатаудың шетіндегі атшабарда ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концертімен тамамдалды.

Жақсылық Мұратқали
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button