Мәдениет

ТАКСИІН ЖҮРГІЗІП, ӘНДЕРІН ШЫҒАРЫП ЖҮР

 ТАКСИІН ЖҮРГІЗІП, ӘНДЕРІН ШЫҒАРЫП ЖҮР

Үржар таксистерінің арасында өнерімен жұртшылықты тамсандырып келе жатқан бір жан бар. Ол туралы осыдан төрт-бес жыл бұрын естігеніммен, аса мән бере қоймаған едім. Қазақта не көп, ақын, әнші, сазгер көп. Сондай «өнерге таласы бар» талаптылардың бірі ғой деп ойлағанмын. Кездесіп, әндерін тыңдағаннан кейін, ойымның жаңсақ екенін түсіндім. Таяуда Талғат Изеевпен кеңінен әңгімелесудің сәті түсті. Орта бойлы, толықша келген жігіт ағасы ашық-жарқын екен. Кез келген өнерпаз жан секілді оның да өзіндік «мені» бар. Сөзі кесек. Әңгімесінің ара-арасын әзіл-қалжыңмен «тұздықтап» отыратын ол біршама жайдың басын ашып тастады. Күнделікті жұмыстан қолы қалт еткенде, ептеп ән шығаратын өнері бар (өз сөзі). Гитараның да, домбыра мен гармонның да құлағында ойнайтын Тәкең бүгінгі күнге дейін 70-тей ән шығарған. Кейбіріне әннің мәтінін де өзі жазатын оның ақындығы да басым. Өткен жылы Әз Наурыз мерекесіне орайластыра өткізілген Үржар ауданы әкімінің «Үкілі Үржарым» атты ән байқауында оның «Алакөлім», «Қазағым» атты әндері жоғары бағаланып, бірінші орынды жеңіп алды.
– Үржарға 1995 жылы Шұбартау ауданынан көшіп келдім. Сондағы «Бұлбұл» ансамблінде соло-гитара тартушы едім. Малды ауылдардың мәнісі кетіп, қызмет жасап жүрген Мәдениет үйінің берекесі қаша бастағанын түсінген соң, жұбайым Назгүлді. қос құлыншағымыз Гүлбақыт пен Медетті алып, осы Барқытбелдің күнгейі – Үржар ауылына келіп қоныс тептік. Назгүл адам жанының арашашысы, акушер болғандықтан, орталық ауруханаға орналасты да, ешқандай оқу орнын тәмамдамаған маған екі қолға бір күрек табылмай қалғаны рас. Ары сенделіп, бері сенделіп, ақыры ескі автокөлігіммен жолаушыларға қызмет жасауға бекіндім. Дағдарысы дендеген 90-жылдардың қымбатшылығы бәрімізге белгілі. Күнкөріс қиын, ақша жоқ. Әйтеуір, жұбайымның айлығын талғажу етіп, ілдебайлап күн көре бастадық. Негізі адам қиналғанда, сосын қатты қуанғанда, шығарма туады-ау деймін. Әндерімнің көпшілігін сол тұста жазып тастаппын, – дейді ел ішінен шыққан өнерпаз азамат.
Уақыт өте балалар да ержетіп, Үржар халқына оның сазгерлік өнері таныс бола бастады. Ежелден өнерге құштар ауылдастары ендігі жерде өнерпаз Талғатты той-томалаққа шақыра бастайтын болды. Тіпті, аудандық Мәдениет бөлімі де қызмет ұсынды. Алайда, бұл кезде автокөлігі бабында, қала арасында жолаушылар тасымалдап жүрген оған қызметтен гөрі осы жұмысы абыройлы көрінгені рас. Қазір екі баласы да Алматыда. Гүлбақыт Қыздар педагогикалық университетінде ұстаз болса, Медет ішкі істер басқармасында офицер. Алла қаласа, таяу арада өзінің демеушісінің көмегімен ән жинағын шығаруды жоспарлап отырған сазгер, ақын Талғат Ұлан ауданы Айыртау ауылынан шыққан белгілі кәсіпкер Серік Әділбекұлына алғыс сезімін білдіреді.
– Алматыда тұратын Серік Әділбекұлының «Айыртауым» атты өлеңіне ән жазған едім. Қазір жергілікті жерде айтыла бастады. Секеңнің үлкен демеушілігімен осындай орындалмай жүрген мақсаттар орындала бастағандай. Аллаға шүкір, – дейді ол.
Ал Аягөз, Үржар, Семей, Өскеменнің арасына жолаушы тасымалдап жүрген сазгер-таксист Талғат Әбдуалиұлының әр қадамына жерлестері сүйсініп келеді.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button