Жолаушы тасымалы

Такси қызметінің тарифі жоғары

Азамат Темірбеков

Шемонайха ауданында жол жүру құны төмендегенімен, баға әлі де болса бұрынғы тарифтен жоғары.

Бұл туралы такси қызметін көрсететін жүргізушілердің жұмысын саралаған кездесу барысында айтылды. Такси қызметі саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің кездесуі аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтті.

Жалпы, Шемонайха ауданының тұрғындары бұған дейін такси қызметінің екі есеге дейін қымбаттап кеткені туралы бірнеше рет шағым түсірген. Аудан әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында бүгінгі күні аудан бойынша жол жүру құны 800 теңгеге дейін төмендегенімен, ол бұрынғы тарифтен әлі де болса жоғары екендігі жазылған. Ал такси қызметін көрсетушілердің айтуынша, жол жүру құнының қымбаттауы автокөлік бөлшектерінің едәуір қымбаттауына байланысты көрінеді.

Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Молдаханов мемлекеттік органдардың реттелмейтін маршруттардың баға саясатын бақылай алмайтынын алға тартып, құзырлы мекемелердің тек осыған байланысты ұсыныстар ғана бере алатынын атап өтті. Дей тұрғанмен, уәкілетті мемлекеттік органдар такси жүргізушілері ұсынатын қызметтердің заңдылығын бақылай алады. Атап айтсақ, бүгінгі күні осы салада жұмыс істейтін жүргізушілердің автомобильдері арнайы тану белгілерімен, таксометрлермен, бақылау-кассалық аппараттарымен, тағы басқа құрылғыларымен жабдықталуы үшін рұқсат құжаттарын алулары қажет.

«Қазіргі уақытта осы салада жұмыс істейтіндердің бәрі бірдей заң бойынша рәсімделмеген. Бұл тақырып әкімдік өкілдері, салық органдары мен тасымалдаушылар арасындағы әңгіменің негізгі тақырыбына айналды», деп хабарланған аудан әкімдігінің ресми парақшасында.

Осы айдарда

Back to top button