«Тағдыр тақтасын» тамашалады
Мейрамтай Иманғали
Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған адамдар болады. Солардың бірі – Кеңес Одағының және Қазақстанның Халық әртісі әрі мемлекеттік сыйлықтарының иегері, «Отан», «Құрмет» ордендерінің, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Асанәлі Әшімов дер едім. Асанәліге деген халықтың махаббаты, пейілі қашанда ерекше. Қай өңірге барса да, аңыз адам халықтың алақанында. Өткен аптада әйгілі актер өзінің 85 жасқа толған мерейтойы аясында Шығысқа келді. Шығыс жұрты алып тұлғаның талантына бас ұрып, тағы да тамсанды.
Асанәлі Әшімов – қазақ театр өнерінің бүгінгі асқар тауы. Асанәлі Әшімов – аңыз адам. Асанәлі Әшімов – абыз адам. Сол аңыз адамды өз көзімен көруге, дауысын естуге әркім-ақ құмар. Өткен аптада шығысқазақстандықтар сондай бір бақытқа ие болды. Екі күн бойы Асанәлі Әшімов жетекшілік ететін «Жаңа ғасыр» театры Өскеменде өз өнерін көрсетті. Соңғы күні театр ұжымы әйгілі актердің өмірінен сыр шертетін «Тағдыр тақтасы» атты спектакльді көрерменге ұсынды.
Жалпы, бұл қазақ сахнасында көзі тірі адамға арналып қойылған алғашқы шығарма болар, шамасы. Бір жағынан құптарлық іс. Адамды өлгеннен соң емес, тірі кезінде бағалап, көзі тірісінде қадірлегенге не жетсін? «Тағдыр тақтасы» қойылымы алғаш рет актердің 80 жас мерейтойы қарсаңында жазылып, сахналанған көрінеді. Шығарманың авторы Бақыт Беделханға бір топ Асекеңнің шәкірттері қолқа салыпты. «Ұстазымызға арнап осындай дүние шығарсақ» деген. Ал өз кезегінде талантты ақын Бақыт Беделхан «Біз жазбасақ, кім жазады?» деп, қолына қалам алған екен.
Осынау дүниені, яғни «Тағдыр тақтасын» шығысқазақстандықтар да тамашалау бақытына ие болды.
Сіз шахмат тақтасын жақсы білесіз ғой. Қарапайым ғана ойын алаңы. Сырт көзге ғана солай. Шындығында, ақыл-ойдың кескілескен соғысы сол жерде өтеді емес пе? Оны тек шахматшылар жақсы біледі.
Ал «Тағдыр тақтасы» туралы не білесіз? Онда да қуаныш пен қайғы, бақ пен сор, үміт пен өкініш, махаббат пен сатқындық, күнгей мен көлеңке алмасып отырады. Арпалысқан сезім, азапты сәттер… Тек бұл ойын емес. Бір сағаттан астам уақыт кейіпкермен бірге күліп, кейіпкермен бірге жылау үшін де көрерменге үлкен күш керек. Қалай десек те, «Тағдыр тақтасы» атауы тауып қойылған. Оның үстіне қойылымның режиссері Жұлдызбек Жұманбай шығарманың «Тағдыр тақтасы» деп аталу себебін Асанәлі Әшімовтің шахмат ойынын жақсы көретінімен де байланыстырады.
- Қашан барсаң да, алдында шахматы тұрады. Үйіне келген кісілермен шахмат ойнайды, – дейді ол.
Сахнаның безендірілуі де шахмат тақтасына ұқсас. Осынау тағдыр тақтасында Асанәлінің жолы кімдермен түйіспеді. Қазақтың театр өнері мен киносына еңбегі сіңген небір корифейлердің бейнесі де осы жерде асқақтап көрінеді.
Жалпы «Тағдыр тақтасын» тамашалар алдында көрермен кейіпкердің, яғни Асанәлі Әшімовтің өмірбаянын, өнербаянын бір шолып өтуі қажет деп ойлаймын. Өнерге қалай келді? Өнердегі ұстазы, әріптестері кім? Қандай рөлдерді сомдады? Отбасы, балалары, анасы туралы аз да болсын біліп барған көрермен бас кейіпкердің көркем образын жақсы түсініп, сезімінің тереңіне бойлай алмақ. Ал Асанәлі Әшімовтің «Майраның әні» мен «Жан бөлек», «Менің жанрым – күнделік» атты кітаптарын оқыған көрерменнің ұтары тіпті көп. Қойылым да негізінен осы кітаптардың желісімен жазылған. Шымылдық ашылғанда көрермен жас, махаббатқа мас Асанәліні көреді. Бірақ сүйген жары Майрасынан, қос қанаты Сағиы мен Мәдиінен айырылу, әрине, Асанәлі ағамызға оңай болмағаны анық. Бір естелігінде абыз ақсақалдың өзі: «Әлемді ұстап тұрған әдемі адамдар ғой деймін. Әдеміліктің аурасы сондай жан-жағындағысын түрлендіреді, гүлдендіреді. Біздің әдемі ортамыздың алтын діңгегі – Майра еді. Майраның кетуі ұйып отырған шаңырақты дариядағы кемедейін бұраңдатып, алай-дүлей шайқап, екі баласын да ала кетті. «Періште боп келіп, періште боп кетті ғой» деп Майраны жоқтап, қабырғамызды сөгілдірген апамның дауысы әлі құлағымда» деп жазады. Қайғыдан қан жұтып, теңселіп кеткенде Асанәліні аман алып қалған қасиетті де ұлы Өнер болды. Қойылымда Майраның әндері шырқалады. Алтын қордан алынған тірі дауыс. Майраның өзінің дауысы.
Тағдыр Асанәліні қанша жерден сынап, жылатқанымен, жетпіске жақындағанда оған үлкен сый жасайды. Кейінгі жары Бағдатты кездестіруі – тағдырдың үлкен сыйы, бәлкім.
Бір күні Асанәлі анасын түсінде көреді. Оған түсін айтады.
«Тереземнен Ай көрдім, апа, шуағына шомылып тұр,
Сымсыз ілінген шам көрдім, апа, сәулесі маңдайыма төгіліп тұр» дейді. Тегінде түстің жақсылыққа айналуы оны жоруға да байланысты екенін атам қазақ баяғыда-ақ айтып кеткен. Анасы оны жақсылыққа, қуанышқа балайды. «Терезеңнен Ай көрінсе, есігіңнен Күн кіреді, балам! Сымсыз ілінген шам көрінсе, бесігің қайта тербеледі, балам!» деген ана сөзі ақиқатқа айналады.
Шынында да бесігі қайта тербеліп, жасы жетпіске жақындағанда қайтадан әке атанады.
«Кейде «өз әйелін мақтаған еркектен без» деп қалжыңдаймын. Бірақ бұл қалжыңым Бағдатқа келгенде бекерге шығады. Түн жамылып отырмын. Бұл – имандай шыным. Ол – Мәдиімнің, Сағиымның балаларына шын жүрегімен қамқорлық жасаушы. Оларға деген адалдығы жүз пайыз. Қайта мен анда-санда «байқа, кері әсерін тигізіп жүрмесін» деп сабырға шақырып, тежеңкірейтін кездерім болады. Бірақ ар жағым жақсы көріп тұрады. Алайда мұны да Алла Тағаланың, Ысқақ пірәдар атамның маған сыйы деп ұғамын. Иллаһи солай болғай, көпсіне көрме, тағдырым! Баласының қызығын көріп, өмірлері шаттыққа бөленіп өткей. Жатсам-тұрсам тілегім осы» деп жазады әйгілі актер тағы да күнделігіне.
Бұл жолы қойылымда Асанәлінің рөлін актер Қуаныш Құдайберген сомдады. Қуанышты көрермен «5:32» сериалы арқылы жақсы біледі. Кинода қатыгез жігіт болғанымен, театр сахнасында жүрегі нәзік.
- Мен Асанәлі ағамыздың шәкіртімін. Ұстазымның рөлін сомдау – мен үшін үлкен мәртебе. Әр ойнаған сайын ұстазымды басқа бір қырынан танығандай боламын. Өмірде қайғы мен қасіретті қасқайып қарсы алу әсте оңай емес. Тағдырдың сынағы ауыр. Сынбау үшін үлкен күш керек. Кейде ұстазымның өзі менің ойыныма сын айтып жатады. Оны жақсы қабылдаймын, – дейді Қуаныштың өзі бізбен әңгімесінде.
Екі күндік қойылымдар арасында Халық әртісі Асанәлі Әшімов, «Жаңа ғасыр» театрының көркемдік жетекшісі Бақыт Көбеков және театрдың жас актерлері жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерімен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізді.
–Театрдың өмірі мен айнасы көрермен ғой. Қай жерде кемшілік кетті, бағытымыз қалай екенін бағамдайтын – халық. Шығыс өңірінде өнерді бағалайтын, талантты жандар жетерлік, – деген Асанәлі Әшімов бүгінгі Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының шығармашылық биікке көтерілуіне режиссер, марқұм Рүстем Есдәулеттің сіңірген еңбегінің көп болғанын да атап өтті. Өкінішке қарай, Рүстем Есдәулет ерте өмірден өтті. Асанәлі Әшімов өзінің шәкірті, баласындай болып кеткен Рүстемді сағынышпен еске алды.
Құрылғанына небәрі бес жыл болған «Жаңа ғасыр» театрының болашағынан көп үміт күтетінін, мұндағы актерлердің барлығын өз баласындай көретінін де жайып салды
- Театрдың болашақтағы корифейлері осылар. Кейін бұлар да бүгінгі күнді еске алып отырады. «Кезінде Шығысқа барғанда қыс қатты болып еді» деп те айта жатар. Бұл да бір тарих қой, – деді әйгілі актер.
«Бұл Өскеменге жасаған соңғы сапарым болмас. Басымыз жас қой, әлі талай келерміз» деп сахна төрінде тұрып Асанәлі Әшімовтің өзі айтқандай, Шығыс жұрты әйгілі актермен әлі талай кездесер. Жерде жүрген тірі жұлдызбен әлі талай жүздесер. Әманда солай болсын! Алла Асанәлі ағамыздың 90, 100 жасын тойлауға жазсын!