Табиғат

Тәулік бойы бақылау жүргізіп отыр

Шығыс Қазақстанда күн райының күрт жылынуына байланысты таулы аймақтар мен өзен-көлдерді бақылау күшейтілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен өзге де құзырлы органдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, осыдан бірер күн бұрын «Қазгидромет» сәуірдің алғашқы күндері Шығыс Қазақстанда қар мен мұз қарқынды еріп, өзендердегі су деңгейінің көтерілуі ықтимал екенін хабарлаған болатын. Осыған байланысты, облыстың бірқатар ауданында су тасқыны жөнінде ескерту жарияланған. Мамандардың болжамынша, айдың ортасына қарай облыстың басым бөлігінде найзағай ойнап, ауа температурасы түнде +1-ден +6-ға дейін, ал күндіз +21-ден +26-ға дейін көтерілуі мүмкін.

Облыстық департаменттен хабарлағандай, биыл қар ылғалды және ауыр. Сондай-ақ желдің екпіні салдарынан көшкін жүруі ықтимал аймақтарда көп қар жиналып қалған. Осыған байланысты «Қазселденқорғау» мамандары көшкін қаупі бар жеті учаскеде апаттың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізді.

Мәселен, Катонқарағай ауданындағы «Сөгір-Барлық» автожолының бойындағы бірнеше учаскеде тау бөктеріндегі қарды түсіру жұмыстары атқарылды. Жарылыстар нәтижесінде жалпы көлемі 25 980 текше метр болатын ауыр, ери бастаған су қар етекке түсірілді.

– Жалпы, өңірде көшкін жүру қаупі бар кезең 15 қарашадан 15 сәуірге дейін созылады. Бүгінде біздің мамандар 104 алдын алу жұмыстарын жүргізіп, 128 490 текше метр қарды сыртқа шығарды. Автожолдарға қауіп төндіретін беткейлерді қар жамылғысынан арылттық. Қазір облыстың тағы бірнеше ауданында қар көшкіні қаупі сақталуда. Осыған байланысты апаттың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді «Қазселденқорғау» облыстық филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.

Сондай-ақ құтқарушылар облыс тұрғындарын телефондарына келетін СМС-хабарламаларға құлақ асып, тауға барудан бас тартуға шақыруда.

Осыған дейін жазғанымыздай, облыстағы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Өзендер мен су қоймаларындағы жағдай жіті бақылауда. Мұны жақында облыс әкімдігінде өткен алқалы жиын барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов те айтқан болатын.

– Күзде қауіпті кезеңге дайындық жұмыстарының бір бөлігін жүргізген болатынбыз. Жуықта Ертіс, Үбі, Бұқтырма, Күршім өзендерінде 15 жарылыс ұйымдастырылды. Жер-жердегі өзен-көлдердің жағалаулары бекітіліп, арықтар мен су арналары, өзге де су өткізетін нысандар белсенді тазартылуда. Бесқарағай, Катонқарағай және Тарбағатай аудандарындағы кей ауылдарға төнген қауіп бар, сондықтан әкімдер қысқа мерзімде іс-шаралардың толық тізбесін ұсынуы тиіс, – деп тапсырма берген болатын аймақ басшысы.

Жиында белгілі болғандай, қазірдің өзінде атқарылған жұмыстар 500-ге жуық тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды қарғын судан аман алып қалуға мүмкіндік береді. Барлық қызмет жұмылдырылған, жеке құрам, техника, жанармай қоры, уақытша орналастыру бекеттері, сондай-ақ құм толтырылған қапшықтар сақадай сай.

Облыс әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Еркен Сәрсембиновтың мәліметінше, өңірде жоғары дайындық режимі енгізіліп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған, су тасқыны қаупі бар жерлерге мониторинг жүргізілуде. Қалалар мен аудандар әкімдіктері, құзырлы мемлекеттік органдар су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарын іске асыруды жалғастыруда. Сәуірдің басындағы жағдай бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері тасқынға тосқын боларлық жоспарлы жұмыстарды аяқтауға жақын.

Соңғы мәліметке сүйенсек, облыста 399 мың текше метр қар шығарылып, 3 908 су өткізу нысаны, жалпы ұзындығы 588 шақырымды құрайтын арықтар мен арналар, 578 көпір қар мен қоқыс қалдықтарынан тазартылған. 104 мың қап, 6,7 мың тонна инертті материал және 690 тонна жанар-жағармай қоры әзірленген.

Облыстық ТЖД-ның төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Алексей Штыкелдің айтуынша, қазіргі уақытта облыстағы қар жамылғысының биіктігі кей жерлерде 137 сантиметрге дейін жетеді. Тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелген жоқ. Мамандар қауіпті аймақтардағы жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстауда.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button