Тәуелсіздігіміздің төлқұжаты
Тәуелсіздігіміздің төлқұжаты саналатын Конституциямыз 1995 жылы демократиялық, зайырлы мемлекеттің негізгі заңы болып қабылданды. Сол жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысқан болатын. Сайлаушылардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады.
Жалпы, мемлекетіміз өз тәуелсіздігін жариялағалы бері Ата Заңымыз заман ағысына сай бірнеше рет өзгерді. Негізі, осы уақыт ішінде Конституциямыз халық пен мемлекет арасындағы коммуникативтік күшке айналғанын мақтанышпен айтуымыз керек.
Бүгінгі күні Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Конституциямызда жарияланған заң үстемдігі, құқықтар мен бостандықтардың мүлтіксіз сақталу қағидаттары, әлеуметтік кепілдіктер мен жалпы адамзатқа ортақ жоғары құндылықтар әрбір азаматтың жанына жақын әрі түсінікті екенін айтуымыз керек. Қазіргі кезеңдегі қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың конституциялық нормалары – бүкіл Қазақстан халқы үшін сенімді болашақты қамтамасыз ететін дәйекті даму мен жаңғыру үдерістерінің негізі. Тұтастай алғанда, бүгінгі күні біз Ата Заңымыз – мемлекеттің тірегі, тәуелсіздіктің реңі деп толықтай айта аламыз. Шын мәнісінде, заңы дұрыс жолға қойылған елдің іргесі бекем, ішкі саясаты мығым болатыны бесенеден белгілі.
Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды. Адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.
Биыл Қазақстанда республикалық референдум 5 маусымда өтті. Дауыс беру құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы қатысты. Мұның өзі халықтың басым көпшілігі елімізде зайырлы мемлекеттің болғанын қалайтынын көрсетті. Референдумда Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Солардың басты-басты бірнешеуін айтсақ, Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшеді; жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі; Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ; қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады; өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ; Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады; Сенаттағы президенттік квота қысқарады, Мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады; Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді.
Биылғы өзгерістердің бірі – елде бұрын жабылып қалған Конституциялық сот қайта жаңғырды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуы бойынша, бұл орган қазақстандықтардың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылып, артынан таратылған Конституциялық сот қайта жаңғырады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне қатысты бейнеүндеуінде былай деген болатын: «Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата Заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді».
Конституциямыздағы барлық өзгерістер мен толықтырулар халқымыздың тек бақуатты ғұмыр кешуіне, оның әлеуметтік хал-ахуалының жақсаруына бағытталған. Сондықтан да Қазақстан халқы таяуда өткен бүкілхалықтық референдумда жоғары белсенділік көрсетті.
Алтай Орынғажинов,
кәсіпкер
Аягөз ауданы.