Туризм

Табиғат аясында өткен жексенбі

Айна Ескенқызы

Облысымызда бұқаралық туризмнің алғашқы шарасы ұлылардың мекені, батырлардың бесігі атанған ұлағатты Ұлан жерінде Халық қаһарманы, ардақты батырымыз Қасым Қайсеновтың туғанына 105 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Дәл батырдың туған күні, 23 -сәуірде Ұлан ауданындағы Қызылтас тауына екі жүзден астам адам жаяу көтеріліп, сол жерге белгі қойды.

Өскемен қаласынан таңғы сегізде шыққан көліктер колоннасы облыс орталығынан отыз шақырым жердегі Қызылтас тауының етегіне жеткенде сол жерде ән мен күй төгіліп, жиналған халық абыр-сабыр болып жатты. Саяхатқа тек кәнігі спортшы, туристер емес, демалысын табиғат аясында өткізсем деген шығысқазақстандықтар жиналды.

Ұланның әр жотасы мен тасы тарихтан сыр шерткен шежіре. Қалба тауларының сілеміндегі Ақбауыр кешені, Аблайкит жоңғарлар кесенесі, Қызылтастың арғы жағындағы Көктау самырсын бағы, Сібе көлдерінің таулары, Қасым атамыздың кіші отаны – Асубұлақ, Тарғын Тайынты ауылдарының  жоталары мен белестері бәрі-бәрі әлі де зерттеулерді қажет ететін, тұнып тұрған тарих.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адам капиталының сапасын арттыру қажет. Тұрғындардың бұқаралық спортты дамытуға белсенді қатысып, онымен айналысуға деген құлшынысы болуы маңызды. Ол үшін мемлекет барлық жағдайды жасауы керек» деген тапсырма бергені белгілі.

-Бұл шара ауданымыз үшін өте маңызды. Бір жағынан жас ұрпаққа Қасым атамыздай батырымызды ұлықтаудың тың үлгісін көрсетсек, екінші жағынан – ауданымызда бұқаралық туризмді, ішкі туризмді дамытуға септігін тигізеді. Сол себепті аудандық әкімдіктің жауапты сала мамандары саяхаттың тартымды өтуіне күш салуда, – деді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қауат Оқасов.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі, Ұлан ауданының тумасы, елімізде ішкі туризмді дамытуға атсалысып жүрген жеке кәсіпкер Мұхтар Тойбазаровтың сөзіне қарағанда, Шығыс Қазақстанда туристерге қызықты үш жер бар. Біріншісі – Катонқарағай, екіншісі – қысқы спорт дамыған Риддер таулары және осы Ұлан ауданындағы тарихи ескерткіштер. Өкініштісі, соңғысын көпшілік біле бермейді. -Сол себепті біз бүгін алғашқы саяхатымызды Қызылтас тауына көтерілуден бастауды жөн көрдік. Осы күнді мен көптен армандаған едім. Алғаш рет Өскемен қаласындағы барлық туристік фирмалар бірігіп, үлкен бір тур ұйымдастырдық. Біздің бастамызға қолдау көрсеткен Ұлан аудандық әкімдігіне алғысымызды білдіреміз, – деді Мұхтар Серікұлы.

 

Таудан алған әсерім санамды өзгертті

 

Тауға көтерілгендердің арасында төрт жастағы балғыннан бастап, жетпістен асқан жандар да болды. Әрине, төрттегі Саша жолдың жартысын әкесінің желкесінде отырып, еңсеріпті.

Салауатты өмір салтын серік еткен өскемендік жетпіс бір жастағы Екатерина Ткач былай деп бөлісті бізбен:

-Өскеменнің іргесінде осындай тау бар екенін білмеппін. Табиғаты қандай тамаша! Мен бұрыннан Риддер тауларына шығып жүрмін. Енді қолым босағанда осы жерге келіп тұруға болады. Жаңа туристік бағыт ашып бергендері үшін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. 

Үш мың метрлік биіктікті бағындырып жүрген кәнігі саяхатшыға теңіз деңгейінен 840 метрде орналасқан Қызылтастың басына көтерілу аса қиын болмапты.

Жеті жастағы Арыстан Тимуров «Эверест» клубында жартасқа шығу спортымен, каратэмен айналысады екен.

-Бапкері Вячеслав Орловқа Арыстанның өзі айтып, тауға шығуға ниет білдіргеннен кейін мен ілесіп келдім. Таудың басына бірінші болып жетті. Ал мен тауға алғаш көтерілдім, – дейді анасы Ардақ Бисекина. 

Мұхтар Серікұлы «қалай да таудың басына шығамын деп жанталасудың керегі жоқ, шамаларыңыз жеткен жерге шығу керек. Ең бастысы – қауіпсіздіктеріңізді ойлаңыздар» деп ескерткен еді. Сол себепті жарты жолдан қайтқандар да болды.

-Демалыс күнімді осындай мәнді, пайдалы өткізуге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға рахмет. Басына шыға алмасам да, жарты жолға жеттім. Таудан алған әсерім санамды өзгертті. Келешекте басына шығуға тырысамын. Осындай турлар ұйымдастырылып тұрса, ниет білдірушілер көп болады деп сенемін, – деді Мейрамгүл есімді өскемендік.

Демалушылар Ұлан аудандық әкімі ұйымдастырған дала асханасынан нағыз жауынгер ботқасының дәмін татып, самаурыннан шай ішті. Басқа да демеушілер ұсынған  ыстық бауырсақтар мен тоқаштар, тәттілер таза ауада тіпті сіңімді болды.

Бүгінгі спорт мерекесінің тағы бір ерекшелігі – туристер табиғат аясын қоқыстан тазартып кетті. Ол үшін қалдықтарды сұрыптап, әр түсті қапшықтарға жинады. Осы жерде демалушылардың қауіпсіздігіне аса мән берілгенін айта кеткен орынды.

-Біз тауға кәнігі спортшы, туристерді емес, қарапайым демалушыларды апара жатқанымызды білдік, сол себепті де жауапкершілік жүгі салмақты болды. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медицина қызметкерлері, төтенше жағдай қызметінің мамандары кезекшілікте тұрды. Тау басына дейінгі аралықта он бақылау пунктін ұйымдастырып, ол жерлерге үйлестірушілерді қойдық. Олар шаршаған демалушыларды демеп, көмек көрсетіп жүрді, – деп толықтырды Мұхтар Тойбазаров.

Бұқаралық туризмнің алғашқы шарасы тұрғындардың санасын өзгертуге септігін тигізеді деп сенеміз. Ұйымдастырушылар демалысты диванда жатып емес, табиғат аясында белсенді де қызықты өткізудің  тамаша үлгісін көрсетті.

– Ауданымызда екі жылдан бері бүркітшілер сайысы, қансонар сияқты бұқаралық туристік шараларды өткізіп келеміз. Биыл алғаш рет Алғыс күнін ұйымдастырдық. Бүгінгі шара   Халық қаһарманы, ардақты батырымыз Қасым Қайсеновтың туғанына 105 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Ұлан ауданының туристік әлеуеті мықты. Келешекте де ішкі туризмді дамытуға ерекше мән беретін боламыз, – деді Ұлан аудандық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов.

Осы айдарда

Back to top button