Табиғат тағы тосын мінез танытты
Алып құйын мен бармақтай бұршақтың аймақ жұртына жаға ұстатқаны кеше ғана еді, көп ұзамай табиғат тағы тосын мінез танытты. Қатты соққан дауыл облыс орталығын миллиондаған теңге шығынға батырды.
Абырой болғанда, адам шығыны жоқ демесек, опырылып құлаған ағаштар мен үзілген электр желілерінің, жұлынған шатырлар мен бүлінген көліктер бірсыпыра.
Мәселен, Тәуелсіздік даңғылы бойында желдің күшінен гараждың төбесі жұлынып, үлкен ағаш тамырымен опырылып құлаған, ал Амур көшесіндегі №10 үйдің ауласында сынған терек екі бірдей жеңіл көлікті басып қалған. Кірпіш зауыты ауданында жеке тұрғын үйдің шатыры ұшып, екі мәшиненің үстіне «қонған». Сондай-ақ қаланың біраз аудандарында электр сымдары үзіліп, жарық сөнген.
Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының айтуынша, бұл күнгі желдің күші секундына 16 метр жылдамдыққа жетіпті.
– Дауыл кезінде бізге елуге жуық қоңырау келіп түсті. Біздің құтқарушылар он оқиға орнына барып, көмек көрсетті, – деген төтенше жағдайлар қызметінің өкілі Сұлтан Ахметов зардаптарды жою жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.