Мәдениет

Табиғаттан тарихқа дейін

  «ART-Жастар» жобасы аясында жүзеге асырылған  «Жастар шығармашылығы» облыстық бейнелеу өнері байқауы өз мәресіне жетті.  Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.

 Иә, бұл  жас суретшілер мен мүсіншілердің, фотографтар мен сәулетшілердің  бағын жаққан байқау болғаны анық. Жастар жылына орай ұйымдастырылған  облыстық байқау екі турдан тұрды. Байқауға Өскемен, Семей, Катонқарағай, Жарма, Тарбағатай және Ұлан аудандарының қатысушыларынан барлығы 59 өтініш келіп түскен. Байқау аясында ұйымдастырылған көрмеге бір немесе бірнеше туындысын ұсынған авторлар да бар. Бірі – осы өнердің соңына түскен кәсіби суретшілер болса, енді бірі – әуесқойлар. Қазылар алқасының төрайымы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Гүлнар Бекбердинова  жұмыстарға баға беру, «жүзден жүйрікті» анықтаудың оңай болмағанын айтады. Әр суретшінің ішкі әлеміне, дүниетанымының кеңдігіне ерекше назар аударылған.  Көрмеге қойылған экспонаттардың ішінде саны азы – мүсін және сәулет. Бұл жастар арасындағы осы өнер түрлерінің танымалдылығының деңгейін анықтап тұрғандай. Яғни, қазіргі жастардың дені абстрактілік өнерге көп қызығушылық танытпайды деген сөз. Жастар шығармаларының тақырыптары да сан алуан. Табиғат көріністерінен бастап тарихи тақырыптарға дейін қамтылған. Тіпті олардың арасында Өскемен металлургтеріне арналған сюжеттік картиналар да бар. Мысалы, Өскемендегі «Казцинк» ЖШС-нің жұмысшысы Ерлан Маньяров бұл байқауға «Казцинк» және «Мыс зауыты» атты екі картинасын ұсыныпты. Отыз үш жастағы жігіт сурет салуды ерекше ұнатады екен. Сол үшін бос уақытында есімі өңірге танымал суретші Николай Аштемадан жеке дәріс алады. Қазіргі уақытта ол Семейдегі Шәкәрім университетінде қашықтан білім алып, өзінің арманына жетуге ұмтылуда. Бұл байқауда Ерлан Маньяров үшінші дәрежелі дипломға ие болды.

– Мен Жастар ресурстық орталығында жұмыс істеймін. Фотоға түсіру өнерімен соңғы үш жылда мақсатты түрде шұғылданып келемін. Болашақта бұл өнерімді жетілдірсем деймін, – дейді «Көркем фотосурет» аталымы бойынша екінші дәрежелі дипломға ие болған Аяжан Утеулинова.

Бір қуанарлығы, жүлделі болғандардың арасында әріптестеріміз,  «Дидар» газетінің фототілшісі Тілеубек Шаяхмет  пен  жауапты хатшының орынбасары Мерей Қайнарұлы да бар. Әріптестерімізді жүлделерімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button