Білім

Тұғыры биік тәлімгер

     Нағыз ұстаздың бірі деп мен бүгінде Өскемен қаласында тұратын, жастайынан тиянақты тәлімгер атанған, сан мектепке жетекшілік жасап, сансыз шәкіртті шыңға шығарған білікті маман Досаев Болат ағамызды айтқан болар едім. Кейінірек таныссақ та, бұл азаматтың өмір тарихына бір кісідей қанық болатынмын.

– Мен 1941 жылдың 16 ақпанында Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылында дүние есігін ашыппын, – деп бастады сөзін Болат аға. – Әкем Досай сол жердегі мектептің директоры болып қызмет істеген екен. Соғыстың дәл алдында Зайсанда «Қызыл талап» атты колхоз құрылып, әкемді соның бастығы етіп тағайындайды. Ұлы Отан соғысы басталып, дені сау азамат атаулы тегіс әскерге шақырылып жатқан кезеңде, колхозда бір жыл бастық болған әкем де қару асынып, майданға аттанады. Бұл 1942 жылдың жазы  болатын. Оның Өзбекстанның Андижан қаласындағы офицерлер курсында оқып, одан соғысқа аттанғаны, ерлік көрсетіп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғаны туралы мағлұматтар бар. Бұдан соң әкемнің өмір жолы шорт үзіліп, хабар-ошарсыз кетеді. Ал шешем екеуіміз Қуаныш ауылында нағашы апамның қолында қала бердік.

Менің нағашым Ибраев Қасен деген кісі 1947 жылы Ақжардан Күршімге ауысып келіп, байланыс бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Ол бізді өзіне шақыртып алып, шешем Күршімде телефонистка болып жұмыс істей бастады. Сол жылы мен бірінші класқа барып, оқушы атандым.

Көп ұзамай шешем Теректібұлақ ауылында колхоздың бас бухгалтері  болып қызмет істейтін Сағымбаев Темірхан деген жігітке тұрмысқа шығып, біз сонда көшіп бардық. Сөйтіп, мен 7 класты Теректібұлақ мектебінен тәмамдадым.

Бұдан кейін талапты жасөспірімнің білім жолындағы ұзақ та ыждағатты   сапары басталады. 1956 жылы Болат аудандағы сол кездегі ең үлкен әрі толық білім беретін білім ошағы – Құйған орта мектебіне оқуға түседі. Оны бітірген 1958 жылы басшылық 25 оқушыны комсомолдық жолдамамен Ақшиге, құрылыс жұмыстарына көмектесуге аттандырады. Нашар ұйымдастырылған нәтижесіз жұмыста төрт ай тегін тер төккен балалар суық түсе азынап тұрған ауыл клубында жата алмай, бет-бетімен тарап кетіп, өз жөндерін тапқан екен.

Қайтадан Теректібұлаққа оралған бозбаланы Батпақтыбұлақ селолық кеңесінің төрағасы Құрманғалиев Әшен деген кісі ауылдық клубқа меңгеруші етіп орналастырады. Ал сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Рахман Суатбаев оған барынша қолдау жасайды.Болат сөйтіп, осы ауылда екі жыл жұмыс істеп, өзінің өмірге деген көзқарасын қалыптастырған екен.

1960 жылы білімге құштар талапты жігіт Алматыға барып, өз күшімен КазПИ-дің тарих-филология факультетіне оқуға түседі. Осы беделді оқу орнын абыроймен тәмамдаған Болат Досайұлы облыстық білім басқармасының жолдамасымен Зайсан  ауданының Рожков (қазіргі Біржан) ауылындағы Аманкелді атындағы сегізжылдық мектепке мұғалім болып келеді. Осында оқу ісінің меңгерушісі әрі тарих, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып қызмет істей жүріп, ол өзінің келешегі зор, білімдар ұстаз екендігін дәлелдей бастаған болатын.

– Сол кезде менің мына бәйбішем Сара 10 класта оқып жүрген, – деп Болат аға қулана жымиды. – Мектепті бітіргенде директорға айтып жүріп, мен оны пионер вожатыйы етіп орналастырдым. Екеуіміз жүрекпен ұғысып, бір байламға келісіп жүргенімізбен, ата-анасының жас қызды маған жетелетіп қоя бермейтіні анық еді. Бір амалын тауып, бас құрау қажет болды.

1970 жылдың қаңтарында Сара «оқуға кеттім» деп Құйғанды бетке алды. Бірге аттанған мен оны жетектеген күйі жездем Қалиәкперов Серікханның үйіне алып келіп, келін етіп түсірдім. Сөйтіп, заңды түрде некемізді қиып, кәдімгідей үй болып шыға келдік. Содан елу жыл бір шаңырақ астында жарасымды тірлік кешіп, алты бала өсірдік. Бүгінде сол бес қыз, бір ұлдан 13 немере, екі шөбере сүйіп отырмыз. Алла қосса, жақында «Алтын тойымызды» өткізбек ойымыз бар.

«Жақсыдан – шарапат» дейді қазақ, Күршімге келсе, баяғы Суатбаев Рахман ағасы халық ағарту бөлімін басқарып отыр екен. Ол ойланбастан Болатты осы мекемеге инспектор етіп орналастырды. Ал Сараға №3 Күршім орта мектебінен лаборанттық орын табылды.  Осылайша, жас отбасы еңбектегі алғашқы қадамдарын сәтті бастаған болатын.

Осы бөлімде біраз жыл жұмыс істеп, әбден төселді-ау деген шамада басшылық талапты азаматты Ақши сегізжылдық мектебіне директор етіп жіберді. Бұл 1972 жылдың күзі болатын. Осы мектепке төрт жыл басшылық жасаған Болат Досайұлы көптің қошеметіне бөленіп, оқушылардың сүйікті ұстазына айналды. Ол бұдан кейін, 1976 жылы аудандағы іргелі де жүлделі білім ордаларының бірінен саналатын Қаратоғай орта мектебіне директор болып тағайындалды. Б.Досаев мұнда да көтерілген биігінен төмендеген жоқ, есімі аудан көлеміндегі білікті директорлардың қатарында аталып, сый-құрметке бөленді.

Ағамыздың құдай қосқан қосағы Сара Асхатқызы да сырттай білім алып, ұстаздық жолға түсті. Ол кісі содан 25 жыл мұғалім болып, лайықты құрмет-қошеметпен зейнет демалысына шықты. «Қанша мектепте директор болып жүрсе де, қол астында істеген маған бір грамота беріп көрген жоқ», – деп жорта назданған жеңгеміз осы тамыз айында бесінші мүшелге кірген екен. Енді Болат ағаның сол кісінің тілеуін барынша тілеп отырған жайы бар.

Күршім ауданындағы ең іргелі ауылдардың бірі Шірікаяқ орта мектебіне директор болып тағайындалуы дарынды ұстаздың жаңа бір қырынан көрінгені десек те болады. Сол мектепті басқара жүріп, Б.Досаевтың аудан директорлары кеңесінің төрағасы болуының өзі біраз нәрсені айқын аңғартып тұрса керек. Шірікаяқта жұмыс істеген алты жылда іргелі білім ошағына тиянақты басшылық жасап, ізденгіштігі, жаңашылдығымен көзге түскен Б.Досаевты халық ағарту бөлімінің басшылығы аудан орталығына ауыстырып, №1 Күршім орта мектебінің тізгінін ұстатқан болатын.

Болат Досайұлы мейлі қайда жүрсе де өзінің білімділігімен, алғырлығымен, мәдениеттілігімен, қоластындағы ұстаздар мен шәкірттердің жүрегіне жол таба білетін сұңғылалығымен ерекшеленіп тұратын еді. Сондықтан да ол көпшіліктің, оқушылар мен ата-аналардың риясыз құрметіне ие болып, еңбегі әрдайым жоғары бағаланып отырды.

1989 жылы Зайсан ауданындағы Пржевальск мектебін басқарған Б.Досаев өз қалауы бойынша Сарытерек мектебінің директоры болып біраз жыл қызмет істеді. Атақ-даңқы облысқа жайылып, жалпақ елге мәшһүр болған ұлағатты ұстазға зейнетке шыққаннан кейін де сұраныс көп болған еді. Сөйтіп, ол Алматы заң колледжінің Өскемен қаласындағы филиалына шақырылып, онда табаны күректей 17 жыл ұстаздық етті.

– Болат ағаймен алғаш Қаратоғай орта мектебінде жолықтым, – деп естелік айтады Күршім ауданындағы ардагер ұстаздардың бірі, жоғары санатты мұғалім, Білім беру ісінің үздігі Нұрбила Шәкенова. – Мен жаңадан келген жас мұғаліммін, ол кісі мектеп директоры. Мені ағайдың сабырлылығы, жоғары мәдениеттілігі таңғалдыратын. Болат Досайұлы ешуақытта ешкімге дауыс көтеріп, қатты сөз айтпайтын еді. Кімге болсын көмектесуге, ақыл-кеңес беруге даяр тұратын. Ол кісінің дер кезінде айтқан кеңестерін орындай отырып, нәтижесінің зор болатынына таңырқайтынбыз. Өзі де келбетті азамат (оны жұрт сыртынан «Сәкен Сейфуллин» деп те атайтын) қашан көрсең жайдары, жайсаң қалыпта жүруімен қатар, кірген ортасын жандырып, жабырқаған жанның көңілін көтеруге, сөйтіп, еңбекке ынталандыруға шебер еді. Болат ағайдың өте білімді азамат екендігін оның кітапты көп оқитындығымен түсіндіруге болатын шығар. Сондай-ақ ол кісі кез келген кітаптан үзінді келтіріп, аталған сөздердің қай туындының қай бетінде екендігін де қапысыз айтып беретін еді. Өз басым «Болат ағайдан көп нәрсені үйреніп, мол мағлұмат алдым, және сол тәлімімді ұстаздық жолымда барынша пайдаландым» деп батыл айта аламын…

Осылайша саналы ғұмырының 52 жылын ұрпақ тәрбиесіне арнаған «КСРО ағарту ісінің үздігі», «Шығыс Қазақстан облысының білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін», «1975 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы» марапаттарының иегері Болат Досаев сонау балғын шағында алдына қойған мақсатына қол жеткізіп,«Ұстаздардың ұстазы» атанып отыр. Бүгінде зейнет демалысында жатса да өзінің іс-тәжірибесін, өткен өмір жолдарын қағаз бетіне түсірумен айналысып жүрген ардагер ұстаз білгенін кейінгі буынмен бөлісуден ешуақытта бас тартқан емес.

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button