Мәдениет

Тәуке батыр мен Сәбираға ескерткіш қойылды

Тарбағатай ауданында қазақ тарихында өзіндік орны бар Тәуке Жұмықұлының 340 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті. Екі күнге созылған дүбірлі шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Әуелі жер-жерден келген қонақтарды, оның ішінде Тәуке батырдың ұрпақтары бар, ауданға кіреберістегі Қабанбай батыр кесенесінің басында қарсы алып, Ақмектеп ауылына жол жүрді. Бұл ауылдағы орта мектептің алдынан Тәуке батырдың төл ұрпағы, еліміздің азаттығы жолында жанын құрбан еткен қазақтың қайсар қызы Сәбира Мұхаметжановаға ескерткіш ашылды. Қыршынынан қиылған батыр қыз Сәбира Ақмектеп ауылындағы дәл осы мектепте оқып, оны үздік бітіріп шыққан болатын. Ескерткіштің ашылу салтанатына  келген  құрметті қонақтар қатарындағы қоғам қайраткерлері мен ақындар, ғалымдар Тәуке батырдың  ұрпақтары Сәбира  жайында естеліктер айтып, оның ерлік ісі туралы кейінгі ұрпаққа үлгі болар тағылымды сөз қозғады. Қайсар қыздың мүсінін Құралай Рахымбаева дейтін шебер жасапты. Өз кезегінде көпшілік қауым ауылдағы білім ордасына Сәбира Мұхаметжанованың есімі берілсе деген тілектерін жеткізді.

Бұдан соң  жиналған жұрт Тәуке ауылының кіреберісіне қарай беттеді. Ол жерде батыр ұрпақтары әсем арка тұрғызыпты. Алып қақпаның тұсауын қазақтың күміс көмей әншісі, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов қиды. Сондай-ақ бұл күні Қарасу ауылында Тәуке батырға арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті Оған зерттеуші ғалымдар мен тарихшылар, шежірешілер қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды. Жас ғалым Талғат Мәзібаев өзінің ғылыми дәйектерінде Тәуке Жұмықұлы 16 жасында қалмақтың батырын жекпе-жекте жер жастандырып, қазақтың айбынын асырғанын баяндады. Оған қоса Тәуке батырдың ел ісінде  ерекше орны бар қайраткер екендігі де тілге тиек болды. Ғылыми конференцияда зерттеушілер Қ.Қабидолдинның «Тәукеден шыққан айтулы тұлғалар», М.Айтқожинның «Шорға шайқасы» ғылыми баяндамалары көпшілік көңілінен шықты. Сондай-ақ алқалы жиын барысында Тәуке батыр жайында жазылған «Бәйжігіт-Жұмық-Тәуке» шежіре кітабының тұсауы кесілді.

 

Түс ауа Қабанбай батыр ауылындағы саябақта Тәуке батырдың 340 жылдығына арналған ақындар айтысы басталды. Айтысқа елімізге есімі белгілі ақындар С.Құсанбаев, Ринат Зайытов, Құралай Әлкенбаева қазылық етті. Аузымен құс тістеген ақындар аянып қалған жоқ. Әсіресе өскемендік Қуаныш Еркінұлы мен қарағандылық Мұхтар Тілегеннің арасындағы сөз қағыстыру көрермен көңілін көтерді. Сахнаға көтерілген ел еркелері тарихты, ұлттық рухты, жасампаздықты жырлады. Әдемі әзіл-қалжыңды да ұмытпады. Зайсандық Ардабек Ақбаба мен оралдық Талғат Мықи суырыпсалма айтыстың нағыз үлгісін көрсетті. Күн еңкейе тарқаған айтыста түркістандық Гүлжан  Ықыласқызы үшіні орынды, қарасулық Жұлдызай Маратқызы мен аягөздік Айшолпан Тілеутай екінші орынды қанағат тұтса, бірінші орын оралдық Талғат Мықидың қанжығасында кетті. Бас жүлде зайсандық Ардабек Ақбабаға бұйырды.

Бұл күнгі маңызды оқиғаның бірі Тәуке Жұмықұлы ұрпақтарының күшімен бой көтерген батыр ескерткішінің ашылуы болды. Еңселі ескерткіш Абай ауданындағы Орда  тауынан арнайы әкелген таза граниттен  жасалған. Мүсіннің ашылу салтанатына алыс-жақыннан қонақтар келіп қатысты. Өз кезегінде батыр ұрпақтары елдің рухани жаңғыруына серпін берген осындай игі істі ұйымдастырған азаматтарға ақжарма тілегін айтып, алғыстарын жаудырды.

  Қадырбек  Кәкімұлы 

Тарбағатай ауданы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button