Аймақтар аухалы

  ТІРЕК АУЫЛДАРДЫҢ ДӘУІРІ ТУАДЫ

     Аягөз, Күршім аудандарының халқы осы өңірлердегі бірнеше ірі ауылдардың «Ауыл – Ел бесігі» жобасына енбей қалғанына алаңдаулы.  Биылдан бастап жүзеге асырылып жатқан бұл жобаға  басқа емес, кезінде бүкіл бір Шұбартау  ауданының орталығы болған Баршатас  ауылы да  енгізілмепті.

 ЖОБАДА БАРШАТАС НЕГЕ ЖОҚ?

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев биылғы  ақпандағы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын.   Ауылдарды дамытуды көздеген жобалар мен бағдарламалар бұғанға дейін де болған,  «Ауыл жылы» да жарияланған. Олардың берген «нәтижесі» де белгілі. Көздегеніне жете ме, жетпей ме, болжам бойынша   биылғы жаңа жоба ауылдың біраз жоғын түгендеп, жадау тұрмысын түзеуі тиіс.   Басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту болып табылатын «Ауыл – Ел бесігі» жобасына Баршатас сияқты шалғайдағы ахуалы ауыр ауылдар неге енгізілмей отыр ендеше?

«55 балл жинамаған ауылдық елді мекендер тірек ауылдары тізіміне енгізілген жоқ, оның ішінде 50,6 балл жинаған Аягөз ауданындағы Баршатас ауылы да бар», деген жауап қайтарды көптеген ауылдардың жобадан тыс қалып отыруына байланысты жолдаған   біздің сұрауымызға облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы С. Ұлақова.

Еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің ауылдарды дамытудың жаңа әлеуметтік-экономикалық  әдістемесіне сай ауылдарға инвестиция тартып, көріктендіруді тиімді жүргізу мақсатында елді мекендерге кластерлеу жүргізілген.  Жаңа әдістеме бойынша 15 шақырымдық жердегі қашықтықта орналасқан бір-біріне жақын (спутниктік) елді мекендер ауылдық кластерлерге біріктіріліп,  олардың ішіндегі ірі елді мекендер – тірек ауылдары етіліп алынып отыр. Тірек ауылдар   14 негізгі әлеуеттік көрсеткіш (халқының саны, халықтың көші-қоны, экономикалық жағынан белсенді халықтың үлесі, орталықтандырылған сумен қамту, көлік қатынасы, ауыл ішілік жол, мектепке дейінгі білім беру және білім беру мекемелері, медициналық мекеме, ұялы байланыс, интернет, жұмыспен қамту,  мал басы, егін шаруашылығы, туристік аймақ, экологиялық ахуалы)  бойынша анықталып, іріктелінген. Ауылдардың даму  әлеуеті аудан, қала әкімдіктері берген деректер мен мәліметтер бойынша бағаланған. Жаңа әдістемелікте көрсетілгендей, осы көрсеткіштер бойынша 55 балдан жоғары бал жинаған елді мекендер тірек ауылы тізіміне өткен.  Негізгі 14 көрсеткіш бойынша 4,4 балы жетпей қалған  Баршатас ауылы осылайша,  тірек ауылына енбей, «Ауыл –Ел бесігі» жобасына ілікпеген.

ОБЛЫСТАН 116 ЕЛДІ МЕКЕН ЕНІП ОТЫР

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан анықтап  білгеніміздей, дегенмен, тірек ауылдардың тізімі  жыл сайынғы әлеуметтік-экономикалық  мониторинг негізінде өзгертіліп, түзетіліп отырылмақ көрінеді. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстандағы 710 елді мекеннің 116-сы тірек ауылы мәртебесін иеленген. Бұл 116 тірек ауылда 297,5 мың адам, ауыл халқының 21,6 пайызы тұрып жатыр.  Сонымен бірге, шекарадан 25 шақырым қашықта орналасқан 29 шекаралық ауыл бар. Алдын ала жоспарланып  отырғандай, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы 2026 жылға дейін 116 тірек ауылымен қоса,  осы 29 шекаралық ауылда да жүзеге асырылатын болады. Мемлекет басшысының тапсыруымен 2020 жылы   Зайсан, Катонқарағай,  Күршім, Үржар, Тарбағатай аудандарының шекаралық ауылдарында   «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен жүзеге асырылатын қосымша жобалардың тізімі жасалып жатыр. Арнайы жоба бойынша шекарада жатқан Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан, Үржар  аудандарын дамытудың бес жылдық бағдарламасы әзірленбек.  Бағдарлама аясында аталған аудандардың инфрақұрылымдары, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, білім беру салалары дамытылып, жұмыс орындары ашылады. Осылайша, алдағы жеті жылда   облыстың 145  ауылын өңірлік стандарттар жетістігі деңгейімен  қамту көзделініп отыр.

Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен  4 тірек ауылда –Глубокое кенті, Көкпекті, Күршім, Үржар ауылдарында жалпы сомасы 3,5 млрд. теңгенің (оның ішінде 1,9 млрд. теңге республикалық бюджеттен) 8 жобасы жүзеге асырылып, аталған  ауылдардағы әлеуметтік нысандар  қайта жаңғыртылып жатыр.   Күршім, Үржар ауылдарының көшелері орта жөндеуден өткен, Глубокое кентінде мәдениет үйі, Көкпектіде  денешынықтыру, сауықтыру кешені, Күршім, Үржар ауылдарында бассейн салынып жатыр. Жаңа нысандар 26,5 мың тұрғынға қызмет көрсетпек.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасына ұсынылатын жобаларды қала, аудан әкімдіктері ауылдық округ, кент әкімдіктерімен бірлесе отырып жасап, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының, Ұлттық экономика министрлігінің келісіміне береді. Жобаны ұсынудың негізгі шарты – жергілікті жердегі  қоғамдастықтың келісімі және қажетті құжаттардың болуы. Биыл жобаға төрт тірек ауылдағы басқа мемлекеттік бағдарламалармен  қаржыландырылмайтын жобалар енген. 2012 жылдан бастап елімізде  тірек ауылдарды өркендету  тірек ауылдарды дамытудың кешенді  бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып келді. Жалпы, алдағы уақытта ауылдарды дамыту тек «Ауыл – Ел бесігі» аясындағы шаралармен  ғана емес,  осы сияқты қолданыстағы басқа да мемлекеттік бағдарламалармен кешенді түрде жүргізіледі.

Мысалы, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдарды дамыту  бағдарламасымен облыс орталығынан аудан орталықтарына,  қалаларға  дейінгі, аудан орталықтарынан, қалалардан тірек ауылдарына дейінгі жолдар, тірек ауылдарынан оларға жақын маңдағы (спутниктік) ауылдарға дейінгі жолдар жөнделіп,  өңірлік стандарттарға сәйкестендірілмек. Сөйтіп, тірек ауылдары мен оларға жақын жатқан елді мекендер көлік қатынасымен қамтылмақ.

Сонымен бірге, «Нұрлы жер» бағдарламасымен  аудан орталықтарында тұрғын үй салу,  2025 жылға дейін аймақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша  үйлерді сумен, жылумен қамту  мүмкіндіктері қарастырылмақ.  Қысқасы,  ауылдағы өмір сүру сапасы жақсартылып, ауылдардың әлеуметтік ортасы жаңғыртылып,  өңірлік стандарттарға жеткізілмек.

«Ауыл – Ел бесігі» аясында ауыл жолдарына күрделі, орта және ағымдық жөндеу, ТҮКШ нысандарын, әлеуметтік-мәдени нысандарды жөндеу, салу  жобалары қаржыландырылмақ. Жобалар жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру шартымен республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Биыл басталған жобаларға республикалық бюджетен 90 пайыз, жергілікті бюджеттен 10 пайыз бөлінген.

ТАРАТУДЫҢ СОҢЫ БҰЛ ЕМЕС

Бүгінгі күні өңірде  710 ауыл болса, соның 46-сы   50 адамға жетпейтін тұрғыны бар ауыл болып есепке алынып отыр. Бұл елді мекендерде 1717 адам немесе облыс халқының (530 ,0 мың адам) 0,1 пайызы тұрып жатыр.   «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес облыстағы болашағы жоқ ауылдар жыл сайын қысқартылып, таратылып жатыр. Аталған   заңға   сәйкес, халық саны 50 адамнан кем елді мекендер таратылуда. Таратылған елді мекендердің атауы жойылып, әкімшілік немесе аумақтық жағынан басқа елді мекендерге қосылуда.

2017-2018 жылдары халқының саны азаюына байланысты облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың қаулы, шешімдерімен өңірде  41 ауыл таратылған, соның ішінде 2017 жылы – 25, 2018 жылы – 16 (Бородулиха ауданында 12, Глубокое, Катонқарағай  аудандарында  2 ауыл) ауыл.  Биыл қалалық, аудандық мәслихаттар тұрғын саны 50-ден төмен 46 елді мекеннің 26-сын қысқартуға шешім шығарыпты. Бұл ауылдарда  1003 адам тұрып жатыр.

20 қарашаға дейін облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың қаулыларымен Көкпекті ауданындағы Комсомол, Кіші Бөкен, Күршім ауданындағы Алтай, Діңгек, Жылытау, Қарабұлақ, Тентек ауылдары, Шемонайха ауданындағы Содовое ауылы, барлығы  8 ауыл таратылған. Таратудың соңы бұл емес. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ақпараттарында көрсетілгендей, облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қарауға  802 адам тұрып жатқан тағы  18 ауылды тарату құжаттары дайындалып жатыр. Елді мекендерді тарату жергілікті қоғамдастықтың келісімімен жүзеге асырылады. Қысқартылған ауылдардың аумағы жақын жердегі ірі елді мекендерге қосылып, қысқартылған ауылдарда тұрып жатқан халықтың мекенжайы өздері қосылған ауылдардың мекенжайы болмақ.

Биліктің болжап отырғанындай, болашағы жоқ ауылдарды таратып, іргелес ірі  ауылдарға біріктіре отырып, тірек ауылдарды, шекаралық ауылдарды дамытуға орай қолға алынып жатқан  шаралар   2030 жылға қарай ауылдағы халықтың 80 пайызын заманауи өмір сапасының стандарттарына сай етуге мүмкіндік беріп, ауылдағылар да қала тұрғындары сияқты білімге, медицинаға, балабақша мен ауруханаларға, мәдени орталықтарға, интернетке, баспанаға еркін  қол жеткізе алуы керек. Ауыл жұрты мұндай жағдайға жете ала ма,   жоқ па, оны келешек көрсетеді.

Жанаргүл Мұқатай

 

Осы айдарда

Back to top button