Жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ШАҒЫМДАРЫ ҚАРАЛДЫ

Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш, «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Маржан Бахыт, Өскемен қаласының ТҮКШ бөлімінің қызметкерлері  «Менің аулам» бағдарламасы бойынша келіп түскен шағым бойынша «Көкжал Барақ көшесі, 13» мекен-жайында орналасқан балалар алаңқайына барды.

– Балалар ойнайтын алаң әлі толық аяқталмады. Бірақ алаңға орнатылған материалдардың сапасы сын көтермейді, ағашы мен темірі сынайын деп тұр. Бұл балалардың өміріне қауіп төндіреді. Сол себепті мен жобалық кеңсеге мәселені шешіп беруін өтіндім, – деді шағым жасаған тұрғын.

Жобалық кеңсе жетекшісі Маржан Бахыт шағымның орынды екенін айтып, аталған мәселені бақылауда ұстайтынын жеткізді.

-Өскеменде 946 аула аумағы бар. Оның ішінде 2018 жылы – 20, 2019 жылы – 25, ал ағымдағы жылы 55 ауланы жөндеу жоспарланған: қаланың өзінде 45 және №19 шағын ауданында 10 үй. Бір ауланы жөндеуге мемлекеттік бюджеттен шамамен 30-35 млн теңге бөлінеді. Жөндеу шеңберінде жарықтандыру, ағаштарды отырғызу, балалар алаңын жайластыру, жүру бөлігін кеңейту, орындықтар орнату және басқа да аумақты абаттандыру мәселелері қарастырылған. Қатысуға өтінім «Менің аулам» бағдарламасы арқылы беріледі, – деді Маржан Бахыт .

Сонымен қатар, жобалық кеңсе жетекшісі «30-шы гвардия көшесі, 26» және Жыланды кентінің «Қайнар көшесі 2/3» мекен-жайларына барып азаматтардың өтініштерін тыңдап, тиісті шаралар қолданды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button