Мәдениет

Төр Алтайдағы төрт күн

Бұл күні университеттің холында тізілген фотосуреттерге қарап, Төр Алтай Өскеменге көшіп келгендей әсерде болдық. Көрмеге көпшілікпен бірге облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова келді. «Алтайды аралап, ондағы елдің тұрмысын көзбен көріп қайтқандай болдық» десті жиналған жұрт. 

Жазда облысымызда «Киелі Алтай» атты фото-блог турдың өткені естеріңізде болар. «Шығыс ақпарат» ЖШС мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға Орал, Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Нұр-Сұлтаннан фотоөнердің кіл мықтылары жиналып, Төр Алтайды төрт күн бойы фотосуретке түсірген. Соның нәтижесін өскемендіктер С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да ашылған көрмеде тамашалады. Керілген қызыл лентаны ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов пен С.Аманжолов университетінің студенті Елназ Әбенғазиева қиды.

Елназ кәсіби фотографтармен бірге бірінші рет «Киелі Алтай» фото-блог турына қатысып, көрмеге өз суретін ұсынды. Оның түсірген суреті – жеті қараңғыда ақшаңқан үйдің төбесінде жарқырап тұрған Жетіқарақшы. Сонымен қатар бұл көрмеге өңіріміздің белгілі фотографтары Тілеубек Шаяхмет, Мерей Қайнарұлы, Аяужан Утеулинованың туындылары да қойылды. Қарасаң көз тоймайтын суреттерге ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов жоғары бағасын берді.

– Адамның қолынан бәрі келгенімен, уақытты тоқтату мүмкін емес. Ал фотографтардың қолынан келетіндей. Оған дәлел – мынау тұрған фотосуреттер. Кешегі қас қағым сәт ертеңгі тарихқа айналды, – дейді ардагер журналист.

Көрмеге қатысқан фотографтар Шығыстың шырайлы табиғатын сурет арқылы танытып, туристерді тартуды көздеді. Фотографтардың айтуынша, суретке тілдің қажеті жоқ. Талғаммен, ізденіспен түсірілген фото өзі-ақ сөйлеп тұрады.

Көрмені арнайы барып көріп қайтқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова әсерін әлеуметтік желідегі парақшасында  бөлісті: «Бүгінде өмірімізді фотосуретсіз елестету қиын. Кәсіби фотография – өнердің ерекше түрі десем, көбі менімен келісер деп ойлаймын, фото арқылы біз әлемді, табиғатты, қоршаған ортаны, адамдарды танып, білеміз, оқиғаларға қатысқандай әсер аламыз, өміріміздегі айрықша сәттерді естелікке айналдырамыз».

Өскеменде бір аптаға жуық созылған көрме енді Семейде жалғасын табады.

«Дидар» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button