ІТ-мамандарға деген сұраныс арта түседі
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы жұмыс сапармен облысымызға келді. Ол Елбасының бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысын бағамдап, атқарылған жұмыстармен танысты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Өскемен политехникалық колледжінде ашылған ІТ-орталыққа және №46 мектептегі ІТ-сыныпқа барды.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары «Нұр Отанның» партиялық жаңғыру аясында білім беру ісіне қатысты бірқатар тың бастамаларды қолға алғанын айтты. Соның ішінде мектеп оқушыларының жаңа ақпараттық технологияларды меңгеріп, білімін жетілдіру үшін партия тегін ІТ-сыныптар жобасын жүзеге асырып жатқанына ерекше тоқталып өтті.
Партияның қолдауымен жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 277 ІТ-сынып ашылады деп жоспарланып отыр. Онда оқушылар веб-дизайн, роботтехникасы, мехатроника, бағдарламалау негіздері және 3D модельдеу бойынша тереңдетілген білім алмақ. Мәулен Әшімбаев Өскемен қаласындағы №46 мектепте өңірлік «Менің мектебім» акциясы шеңберінде ашылған осындай сыныптың біріне арнайы барды. Жалпы, алдағы үш жылда еліміз бойынша партияның бастамасымен 1 мыңнан астам тегін ІТ-сынып ашылып, онда жылына 150 мың жас цифрлық бағытта білімдерін жетілдіретін болады.
– Партияның мұрындық болуымен Қазақстанда осындай 1 мың сынып ашылады. Солардың алғашқылары, міне, Шығыста іске кірісіп отыр. Бұл – қуантарлық жайт. Бұларда оқушылар білімдерін ұштап, осы келешегі зор саланың қыр-сырына қанығады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Осы жерде жас техник стансасында оқитын аталған мектептің оқушылары өздері құрастырған роботтардың «өнерін» көрсетті.
Ұстаздармен сұхбаттасқан партия Төрағасының бірінші орынбасары ІТ-сабақтардың пайдасы туралы айтты. Оның ойынша, бұл бағыттағы пәндер балалардың креативті ойлау қабілетін жетілдіреді. Компьютерлік техниканы меңгерген жастар қисынды ой түюге, терең пайымдауға икемді. Болашақта бүкіл әлем осы саланы дамытпақ, Қазақстан осы сыныптар арқылы көштен қалмау қамына кірісіп отыр.
Мектеп оқушыларынан бөлек, ересек азаматтарға да цифрлық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік қарастырылған. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясы ІТ-орталықтар ашып, азаматтарды оқыту жұмыстарын бастап кетті. Бұл игі іс те жаңа партиялық жобалар аясында жүзеге асырылып жатыр.
Өскемен политехникалық колледжінде ашылған осындай ІТ-орталыққа арнайы барған Мәулен Әшімбаев ондағы оқыту технологиясымен танысты. Аталған орталықта жергілікті жұмыссыз азаматтар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, инженерлік графика әзірлеуге, бейнемонтаж жасауға, дербес компьютерлерді диагностикадан өткізіп, жөндеуге және робот техникаларымен жұмыс істеуге машықтанады. Алғашқы он тұрғын «ЭВМ операторы» мамандығы бойынша білім алуға кірісіп те кеткен. Қысқа мерзімді курстар бір айдан алты айға дейін созылады.
– Болашақта ІТ-мамандарға деген қажеттілік арта түседі. Ол сұраныс қазірдің өзінде де көп. Еліміз жаппай цифрландыру бағдарламасын қолға алды. Бұл бағыттағы ең басты мәселе – білікті мамандардың тапшылығы. Осындай орталықтар аталмыш мәселені шешуге септеспек. Шығыстың аталмыш істе алғашқы болып қадам жасап отырғаны қуантарлық. Баршаларыңызға табыс пен сәттілік тілеймін! – деді өз ойын түйіндеген Мәулен Әшімбаев.
Бұл ІТ-орталық өз түлектерін жұмыспен қамту үшін жергілікті жұмыс беруші компаниялармен, кәсіпорындармен және атқарушы билік органдарымен тығыз байланыс орнатқан. Облыстағы екінші осындай орталық Семейдегі электр-техникалық колледждің базасында ашылып отыр.
Ержан Әбіш