Түлектердің 98 пайызы жұмысқа орналасқан
Жоғары оқу орнын бітірген түлектердің жұмыспен қамтылуы бүгінде үлкен мәселе. Бұл университет беделіне де әсер ететін фактор екені даусыз. Табысты университет оқу бітірген түлектерінің жұмыспен қамтылуын үнемі қадағалап отыруы тиіс. Осы орайда өңіріміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірінен саналатын С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің түлектері қаншалықты жұмыспен қамтылған? Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында аталған университеттің ректоры Мұхтар Төлегенмен жолығып, тілдескен болатынбыз.
– Университеттердің міндеті – диплом тарату ғана емес, негізгі мақсаты – жұмыспен қамту және жұмысқа бейімделген мамандарды даярлау, – дейді Мұхтар Әділбекұлы.
Биыл университетті барлығы 1766 түлек бітірген. Оның ішінде бакалавриатты 1550, магистратураны 216 түлек тәмамдаған. Олардың 98 пайызы жұмысқа орналасыпты.
-Бұл – өтірік цифр емес, шынында да, солай. Біздің университет негізінен педагогикалық мамандық иелерін даярлайды. Мектептерді, балабақшаларды кадрмен қамтамасыз етеміз. Бұрын түлектердің жұмысқа орналасқан, орналаспағанын анықтау, бақылау қиын болатын. Қазір оңай. Біз бұл мәселеде Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының көмегіне жүгінеміз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінің порталдары бір-бірімен интеграция жасаған. Яғни, бір-бірімен ақпарат алмасып отырады. Мысалы, жоғары оқу орнын бітірген түлектің зейнетақы қорына жарна аударған-аудармағанын тексеру арқылы оның жұмысқа орналасқан-орналаспағанын білуге болады. Ауылға немесе ауданға барып, жұмысқа орналасқан түлектің қыркүйектен бастап айлығынан зейнетақы жарнасы ұсталады. Яғни, бұл түлек жұмысқа орналасты деген сөз. Ал Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығын алдау мүмкін емес, – дейді университет басшысы.
Жалпы, биыл бітірген 1766 түлектің 297-сі мемлекеттік грант иегері болса, 151-і «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алғандар. Бұдан бөлек ақылы бөлімді бітірген түлектер де бар. Университет басшылығы ақылы бөлімді бітірген түлектердің де жұмысқа тұру көрсеткішін үнемі қадағалап отыратын көрінеді.
-Түлектерді еңбекпен қамту – өте маңызды. Өйткені олар ертең мұғалім болып ауылға барғанда ешқандай кедергіге тап болмауы тиіс. Алдынан отыз бала, яғни алпыс құлақ, алпыс көз шыққан кезде, ешқандай абдырамауы керек. Сол үшін біз бірінші курстан бастап тәжірибе енгіздік. Бұдан басқа дипломалды тәжірибе деген тағы бар. Практикалық сабақтардың сағатын көбейттік. Болашақ педагог барынша мектепте жүруі керек. Біз қазір педагогикалық интернатура дегенді ұсынып отырмыз. Мысалы, медициналық оқу орнының студенттері міндетті түрде ауруханаға барады. Ота жасайды, көзбен көріп, қолмен ұстап жұмыс істейді. Сол секілді біздің университеттің де студенттері төменгі курстарда теориялық білім алса, жоғары курстарда мектепте болуы тиіс. Немесе мұны кейде дуальды оқыту деп те жатамыз. Сонда қалай дейсіз бе? Студент дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі университет қабырғасында, ал бейсенбі, жұма, сенбі мектепте болуы тиіс. Министрлік қолдайтын болса, біз мұның механизмін әлі де жетілдіреміз. Теория мен тәжірибе ұштасып жатса, сапалы маман даярланатыны сөзсіз. Кейде студенттеріміз қай жерде тәжірибеден өтсе, сол жерде жұмысқа орналасып қалып жатады. Өйткені мектеп директоры, оқушылар оны таниды, – дейді университет ректоры М. Төлеген.
Биыл ауылдық квота бойынша 22 студент бітіріп, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауыл мектептеріне жұмысқа орналасқан. Олардың барлығы да баспанамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ ауылдық жерге барғаны үшін жалақысына 25 пайыз үстеме қосылады. Егер ол маман магистратураны бітірген болса, тағы да 10 пайыз айлық есептік көрсеткіш бойынша үстемеақы алады.
Бір қуанарлығы, мұғалімдерге деген құрмет пен қамқорлық жылдан-жылға артып келеді. Биылғы 1 қыркүйектен бастап педагогикалық мамандық бойынша білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысы айтарлықтай артқан. Егер техникалық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысының көлемі 26 мың теңге болса, педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысы 42 мың теңгеге жетті.
-Алғашқы 42 мың теңге шәкіртақыларын алып, студенттеріміз алақайлап қуанып жатыр. Президентіміздің тапсырмасы бойынша, алдағы төрт жылдың көлемінде мұғалімдердің жалақысы тағы да екі есеге артуы тиіс. Осынау көрсетіліп жатқан қамқорлыққа сай мұғалімдеріміз де оқушыларға сапалы білім беруі керек, – дейді университет ректоры.
Мейрамтай Иманғали