Білім

Түлектер жұмыссыз қалмайды

Еліміздегі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындардағы негізгі еңбек күшін колледж түлектері қамтамасыз етеді. Әр өңір өзіне қажетті мамандарды колледждерде білім беру арқылы даярлайды. Алайда биылғы оқу жылының басында 145 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы 330 мамандық бойынша лицензиядан айырылғанын Білім және ғылым министрлігі айтқан болатын. Біз облыстағы колледждердің хал-ахуалын сұрап білдік.

Бүгінгі еңбек нарығында қажетті һәм қажетсіз мамандықтарды білу мақсатында мониторинг жүргізген Білім және ғылым министрлігі бірқанша оқу орнының талапқа сай келмейтін лицензияларын қайтарып алыпты.

– Мысалы, педагогикалық колледж менеджерлерді даярлауға талпынса, ал экономикалық бағытта білім беретін колледж педагогтарды оқытпақ болған. Сондай-ақ кейбір оқу орындары материалдық базасы сай келмесе де, белгілі бір мамандық бойынша кадрларды даярлауға ниет білдірген. Қазіргі уақытта студенттер оқуын аяқтады, ол үшін колледждерге мүмкіндік берілді. Бұдан былай 145 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы үш жүзден астам мамандық бойынша студенттерді оқытпайтын болды. Сондықтан ата-аналар мен оқушыларға алаңдаудың қажеті жоқ. Ешқандай проблема туындаған жоқ, – деді Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Кейбір оқу орындары жасаған осындай олқылықтардан біздің облыстағы колледждер аман екендігін айтады.

Облыстақанша колледж бар?

Облыстық білім басқармасының бізге берген жауабына өңірімізде 84 колледж еңбек нарығына керекті деген мамандықтар бойынша білім беріп жатыр екен. Осылардың ішінде біреуі республикалық, елуі мемлекеттік, отыз үші жекеменшік. Білім және ғылым министрлігі жүргізген мониторинг «құрығына» бұлардың бірде-бірі ілікпеген көрінеді. Өйткені білім беру стандартына сай қажетті мамандықтардың негізінде оқу үрдісін жалғастырып жатыр. Нақтырақ айтқанда, 2020-2021 оқу жылында олар 35 607 студент қабылдап, 112 мамандық бойынша білім беруді бастаған. Ал оларды қаржыландыру Білім және ғылым минстрлігінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №597 бұйрығымен бекітілген жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне және еліміздің заңнамаларында көзделген өзге де шығыстарға сәйкес тиісті бюджеттен жүргізіледі. Биыл да бұрынғы білім беру үрдісіне сәйкес колледж студенттеріне сегіз мыңға жуық грант бөлініпті.

– Шығыс Қазақстан облысының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің оқу орындарында 2020-2021 оқу жылына «Барлығына тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 7945 грант бөлінді, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қайырбекова.

Бұл сегіз мыңға жуық грантты сұраныстағы мамандықтарға бөліп, әр коллдеж білімді әрі білікті мамандар даярлап жатқан көрінеді.

Ең көп грант экономика және басқару саласында

Басқарма өкілдері жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаржыны желге шашпауды көздеп, қажетті деген мамандықтарға бөлген. Биыл экономика және басқару саласының мамандықтары аса қажет деп табылған көрінеді, өйткені 930 грантты осы салаға бөліпті.

«Экономика және басқару саласының мамандықтарына 930 орын, медицина, фармацевтика саласының мамандықтарына 886 орын, пайдалану және жөндеу саласының мамандықтарына 710 орын, білім беру саласының мамандықтарына 621 орын, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, ветеринария және экология мамандықтарына 595 орын, өндіру, құрастыру, байланыс телекоммуникация және ақпараттық технологиялар саласының мамандықтарына 563 орын, құрылыс және коммуналдық шаруашылық мамандықтарына 531 орын бөлінген», – делінген білім басқармасының бізге берген ақпаратында.

Еңбек нарығындағы ең керекті деген мамандықтарға гранттың көп бөлінуі көңілге медеу. Өйткені облыс көлемінде жетіспейтін мамандықтар туралы осыған дейін де жазылып, айтылып келген. Әсіресе жол құрылысына келгенде мамандар тапшылығы бар екендігі байқалған.

«Омбы – Майқапшағай, Алматы – Өскемен сияқты халықаралық, республикалық маңызы бар тас жолдарды айтпағанның өзінде, жергілікті маңызы бар нысандарға қомақты қаражат бөлініп, қайта жаңғыртылуда. Алайда маман тапшылығы түйткілге айналып отыр. Өңірде осы салаға жүзден астам білікті инженер, жүргізуші, экскаваторшы, тракторшы жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мектеп түлектері мен колледж, оқу орны студенттері арасында жұмысқа шақыру белсенді жүргізіліп жатыр. Тіпті кейбір мекемелер оқу ақысын өздері төлеуге дайын», – деп жазыпты «bilimdinews.kz» сайты.

Сондай-ақ ауруханаларда дәрігерлердің де жетіспейтіндігі туралы ақпарат көздерінде көбірек жазылғанын байқадық. Биыл бұл салаларға бөлінген гранттар бойынша оқу орындары мықты мамандар даярлап шықса, олқылықтың орны толары анық.

Білімді студент білікті маман ба?

Мектеп бітіруші түлектер заман талабына сай талпыныс жасап жатқан тәрізді. Өйткені кейінгі жылдары колледжде білім алатын студенттердің саны аздап болса да артып келеді. Алайда «білімді студент білікті маман ба?» деген сауал туады.

Өткен 2019 жылы 34 422 мектеп түлегі колледж студенті атанса, 2020 жылы бұл сан 35 607-ге жеткен. Ең бастысы, текхникалық және кәсіптік білім беру орындары білімді студенттен білікті маман даярлауы қажет. Колледждер бұл өзекті мәселеге де сақ қараған сияқты. Студенттердің өндірістік практикадан өтетін орындарын қамтамасыз ету мақсатында оқу орындары аймақтық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып әлеуметтік серіктес кәсіпорындарды анықтайды екен. Бұл болашақ мамандық иесіне бағытталған маңызды қадамдардың бірі екені түсінікті. Сонымен қатар жұмыс берушілермен өндірістік практикалардың оқу бағдарламалары мен оларды өткізу мерзімін келісіп, серіктес кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен кәсіпорынның қолданыстағы стандарттарын ескере отырып, оқу жоспарларын әзірлейтіндерін айтады.

Сондай-ақ әр колледж алпауыт кәсіпорындармен, өндіріс ошақтарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, студенттерді практикадан өткізеді.

– Білім басқармасы тарапынан колледж студенттерін жұмысқа орналастыру деңгейін арттыруда жүйелі түрде шаралар қабылдануда. Облыс бойынша колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіштерінің жыл сайын артып келе жатқанаы байқалады. 2018 жылы жұмысқа орналастыру деңгейі 77,1 пайыз болса, 2019 жылы 8629 түлек жұмысқа орналастырылды, бұл жалпы түлектер санының  82,3 пайызына (өсім 5,2 пайыз) тең. Яғни өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарда түлектерімізге деген сұраныс бар екендігінің дәлелі осы, – деді білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қайырбекова.

Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік саладағы мамандықтарға сұраныс жоғары екендігін ескерсек, колледжде оқыған студенттердің қадамын оң деп білеміз. Ең бастысы, еңбек нарығындағы қажеттілікті қамтамасыз ететіндей білікті мамандар даярланса болғаны.

Осы айдарда

Back to top button