Мәдениет

Тәлімі мен тағылымы мол қойылымдарын ұсынды

Өскемендік көрермендер мен қала қонақтары үшін  қазан айы өте қызу басталды. Қазанның 4-і күні театр маусымы ашылса, 5-8 күндері  шаһарымызға гастрольдік сапармен келген М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы қазақ өнерінің жауһарларына айналған туындыларын көрермен назарына  ұсынды. 

 «Әкемтеатр» не әкелді?

Алатау бауырындағы  Әуезов театры Алтайға ат басын бұрыпты деген қуанышты хабарды естіген өскемендіктер мен қала қонақтарының әр қойылымды ерекше тағатсыздана күткені шындық. Өскемен – өнердің қадірін білетін, бағалайтын жер. Қаладағы Металлургтердің мәдениет үйі мен облыстық драма театрында өткен әр қойылымға халық көп жиналды. Тіпті билет таба алмай сенделген, «қап, ертерек билет алмаған екенмін» деп сан соғып, қойылымға кіре алмай, өкініп қалған көрермендер де болды. Енді ше, Әуезов театры Өскеменге күнде гастрольдік сапармен келмейді ғой.

Айтулы театрдың қаламыздағы гастрольдік сапары Металлургтердің мәдениет үйінде «Таңсұлу» спектаклімен басталды. Драманың  авторы – өзіміздің шығысқазақстандық жерлесіміз, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім. Шындығын айтқанда, шығысқазақстандықтар Ғарифолла Есімді философ-ғалым, қоғам қайраткері ретінде жақсы білгенімен, драматургтық қырымен алғаш рет танысып отыр. Бұл шығармасы арқылы жерлес жазушы ел, жер, Отан тақырыбын қозғаған екен.  Таңсұлу  – Төле би заманында өмір сүрген тарихи тұлға. Бұл қойылымда қалмақ жігітіне жар болғысы келмеген қазақ қызының қайсар мінезі мен өр бейнесі көрініс тапқан. Қойылымның режиссері – Алма Кәкішева.

Қойылым соңында өнер ұжымы мен көрермендерді қала әкімі Жақсылық Омар құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Бүгін мынау қаламызда болып жатқан мәдени мерекемен барлығыңызды құттықтаймын. М.Әуезов театры – қазақ өнерінің киелі шаңырағы. Ел ішінде бұл театрды «әкемтеатр» деп атайды. Қазақ театр өнерінің атасы – осы ұжым. Жалпы, қазақ театр өнері Шығыстан бастау алған ғой. Театрлар мұнда жиі-жиі ат басын бұрады. Өткенде ғана Жастар театры келді, бүгін, міне, Әуезов театры келіп жатыр. Келген қадамдарыңызға гүл бітсін, – деді қала әкімі.

Жалпы, «Таңсұлу» спектаклінен біз әні мен сәні үйлескен, өнері жарасқан әдемі актерлік ансамбльді көрдік. Ұлттық бояуы қанық туынды көрермендердің де көңілінен шығып, санасында саңылауы бар қауымға үлкен ой салды.

Гастрольдік сапарының екінші күні өнер ұжымы жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Қожанасыр тірі екен» атты комедиялық қойылымын сахналады. Бұл туындысында драматургтың қоғамның бүгінгі келбетін күлкімен, Қожанасырдың аузымен жеткізгісі келгені көрініп тұр. Күліп отырып, күрсінесің. Күліп отырып, қоғамның күнгей тұсын көргендей боласың.

Бұл спектакльдің ойлы көрерменге үлкен олжа болғаны ақиқат.

Ұлы Абай тойы басталды

Қазанның 7-8 күндері аталған театрдың қойылымдары облыстық драма театрының сахнасында жалғасты. Орыс драматургы Александр Володиннің «С любимыми не расставайтесь» шығармасының желісімен сахналанған «Қоштасқым келмейді» драмасы ажырасу тақырыбын қозғайды. Драматург бұл туындысын сонау 1972 жылы жазыпты. Бірақ ажырасу мәселесі әлі де өзекті. Тіпті соңғы кездері отбасылық құндылықтар екінші орынға ысырылып, материалдық құндылықтар алға шыққан заманда бұл мәселе тіпті өршіп отыр.

Сахнада жұбайлардың сегіз жұбы… Иә, олар неге  ажырасқысы келеді? Олардың бірге болуға, үйленуге асықққаны кеше ғана сияқты еді ғой.  Ал бүгін неге олар бір- бірінен айныды? Кейіпкерлер өз шешімдерін «Біз бөлек жандар екенбіз» деген жауаппен түсіндіруге тырысқанымен, мәселенің психологиялық, әлеуметтік жағы да көрерменге қылаң беріп қалады. Иә, спектакль кейіпкерінің сөзімен айтқанда, «Өмірдің сұрағы көп, жауабы аз. Жанып-сөнетін жалған дүниенің жұмбағын шешкен жандар бар ма екен, өзі? Өмірдің мәні – кездесу мен қоштасу ма, сонда? Қоштасатын болсақ, неге кездесеміз? Ақыры тағдыр кездестірген екен, жақын жандарымызбен неге қоштасамыз. Неге?».

Жалпы, қойылым режиссері Асхат Маемировтің спектакльді сахналауда жаңа бір форма іздеуге, тың экспериментке баруға ұмтылғаны, заманауи сахна өнерінің қандай да бір элементтерін енгізуге тырысқаны байқалып тұр.   Десе де сахнада көрермен болып отырған біз салмақты, салиқалы кәсіби театрдың емес, әлдебір өңірден келген Жастар театрының өнерін тамашалағандай әсерде қалғанымызды да жасырғымыз келмейді.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Шығыс Қазақстан облысындағы гастрольдік сапарын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен қорытындылады.

Абай бейнесі бұл театрдың сахнасынан түскен емес. Ұлы ақынның образын Қалибек Қуанышбаев, Ыдырыс Ноғайбаев, Болат Әбділманов сынды небір өнер майталмандары сомдағанын да білеміз. Ал бұл жолы Абай бейнесін сомдау бақыты театр және кино актері Азамат Сатыбалдыға бұйырыпты. Иә, көрермен сахнада қимыл-қозғалысы тым ширақ Абайды көрді. Бірақ актер ақынның жан күйзелісінен ширыққан, қиналған сәттерін  қаншалықты нанымды көрсете білді? Абайдың сөзі құр айқай болып кеткен жоқ па? Шыны керек, көрермен Абай образын шынайы шығару үшін Азаматқа әлі де өсу, тереңге бойлау керек екенін байқады. Осынау спектакльде көрерменді ойынына сендіре алған  Оразбай рөлін сомдаған Айдос Бектемір болғанын ерекше атап айтқымыз келеді. Десе де Оразбай бейнесін озбыр, зұлым  етіп көрсетуден әлі шаршаған жоқпыз ба? Тарихи шындық қашан салтанат құрады? Сол баяғы сарын, сол баяғы жыр.

– Адам ешқашан жаман болайын демейді. Жағдай адамды сондай әрекетке апарады. Соған баруға міндетті болады. Оқиға соған әкеліп тұр. Әйтпесе, Оразбайдың бір басына ақылы  да, данышпандығы да жетерлік. Өзі хат танымаса да, оның көкірек көзі ашық болған. Құнанбайдың қасында жүрген.  Өзі де керемет шешен адам болыпты. Абай өз өмірін руханиятқа бағыштаса, Оразбай – тұрмыстың адамы. Оған  мал табу керек, малға ие болуы керек. Сосын оған керегі – тәртіп, – дейді актердің өзі сахна сыртындағы өзара әңгімеде.

Спектакль аяқталған соң, сахнаға облыс әкімінің атынан ықылас гүлі табыс етілді.

– Ұлы той – Абай тойы, Абайдың 175 жылдық мерейтойы біздің қарашаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы театрдың үлкен спектаклімен басталды деп есептеңіздер. Осы өңірге шығарда біздің ұжым қобалжыды. Елдің, халықтың алдында есеп беру үшін келіп жатырмыз. Біздің театрдың репертуарында 40 шақты спектакль бар.  Бұл – сонау ұлылардан қалған дәстүр, классика. Осының барлығының ізін жоғалтпай, алып келе жатқан – осы өнер  қайраткерлері, – деді Шығыс Қазақстан облысындағы гастрольдік сапардың жабылу салтанатына Алматыдан арнайы келген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық әртісі Асанәлі Әшімов.

Театр ұжымын «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов құттықтап, аймақ басшысының Алғыс хатын табыс етті.

Иә, осылайша  «Әкемтеатрдың» Шығыс өңіріне жасаған гастрольдік сапары сәтті аяқталды. Театр ұжымы сахналаған тағылымы мол қойылымдар талай адамның көкірек көзін ашып, ой салғаны анық.

 Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button