Білім

Төккен тері ақталды

Жаңа оқу жылының басталуымен қатар №1 Күршім орта мектебіне қуанышты да мәртебелі бір жаңалық ере келді. Осы білім ордасының тарих пәнінің мұғалімі Бақытгүл Қабдырахманова Қазақстан Республикасы білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің Алғыс хатымен марапатталды.

Бақытгүл Ермекқызының республикалық, халықаралық ғылыми жобаларға атсалысқан еңбегі, сол сайыстарда қол жеткізген сүбелі табыстары бағаланып, арнайы жолданған Алғыс хат тәжірибелі ұстазға салтанатты түрде табыс етілді.

– Бақытгүл Ермекқызы – осындағы білімді де білікті, бетке ұстар ұстаздардың бірі, – дейді мектеп директоры Ерболат Мәжібаев. – Ол кісінің ғылыми жетістіктері өз алдына жеке әңгіме, ал оқытқан шәкірттерінің шыққан шыңдары мен алған асулары бір төбе. Оқушылары жыл сайынғы ҰБТ сынағында жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, жоғары оқу орындарына кедергісіз түсіп жататын Бақытгүл сынды ұстаздардың арқасында мектебіміз 2019, 2020 оқу жылдарында қатарынан екі рет облыс бойынша «Үздік ауыл мектебі» атағын  жеңіп алды. Аталып өткен Алғыс хат Б.Қабдырахманованың биылғы жалғыз жетістігі емес, ол осы жылдың басында «Үздік тарихшы» сайысының аудандық кезеңінде бірінші орынды жеңіп алып, облыстық кезеңде «Шығармашыл ұстаз» аталымының жеңімпазы атанған болатын. Өз ісіне мығым, не нәрсеге де асқан жауапкершілікпен қарайтын Бақытгүл Ермекқызын біз әркез мақтан тұтамыз.

– 1993 жылы Сарыөлең орта мектебін бітірдім, – деп бастады сөзін Бақытгүл. – Сол жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, оны 1997 жылы тәмамдадым. Бітірген бойда ұстаздыққа араласып, Өскемендегі №6 мектепте екі жыл бойы орыс сыныбына сабақ бердім. Сонда тұрып қалар едім, жалғыз қалған анам: «Қайт, маған көмекші керек» деп болмаған соң, ауылға оралуға мәжбүр болдым.

2002 жылы аудандағы ең бала саны көп, атағы зор іргелі білім ордасы – №1 Күршім орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып орналасқан Бақытгүл өзінің нағыз ұстаз, білікті маман екендігін дәлелдей білді. Аямай төккен тердің нәтижесінде жас ұстаз біртіндеп тәжірибе жинақтады, білімін ұштап, соның арқасында абыройдың асқарына аяқ басты. Бұл сөзімізге Бақытгүл Ермекқызының төмендегі жетістіктері айғақ.

2013 жылы Б.Қабдырахманова «Аудандағы ең үздік сынып жетекшісі» атағын жеңіп алды. Ал 2015 жылы «Аудандағы ең үздік тарих пәні мұғалімі» портфолиосын құрап, онысы алдыңғы орыннан көрінді. Сол жылы облыстық білім басқармасының Алғыс хатын иеленген еңбекқор ұстаз көп ұзамай тарих пәні мұғалімдерінің аудандық пәндік олимпиадасында топ жарып, бірінші орынға ие болды.

2016 жылы «Қазақстан тарихы» пәні мұғалімдеріне арналған республикалық онлайн олимпиадасына қатысқан Бақытгүл тағы да үздік шығып, бірінші орынды жеңіп алды. Бұдан кейін облыстық «Флип-чарт-2017» байқауында жоғары біліктілігімен көзге түскен Б.Қабдырахманова білім басқармасының Алғыс хатын тағы бір мәрте иеленген болатын.

2020 жылдың Бақытгүл Ермекқызы үшін бірыңғай табыстар жылы болғаны рас еді. Бірінші республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасына қатысқан ол осы сайыстың жүлделі III дәрежелі дипломына ие болды. Сонымен бірге «Ауданның үздік педагогы» атағына қол жеткізген Бақытгүл Ермекқызы өз ісінің шебері екендігін даусыз дәлелдеп шыққан еді.

Шығармашыл, ізденгіш ұстаз өзінің көп жылғы тәжірибесін жазба түрде айшықтап, республикалық, облыстық, қалалық деңгейде педагогикалық тәжірибе жинақтау және тарату арқылы өзінің ойлы мақалаларын көпшілікпен бөлісіп отырады. 2015 жылы облыстық білім басқармасы, «Шығыс» өңірлік орталығының  «Жинақ» қалалық басылымында жарық көрген «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған тәрбие сағаттары мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізу» әдістемелік нұсқаулығына «Бір ел – бір тағдыр» атты сабақ жоспары ретінде енді.  Сол жылы Семейден шығатын халықаралық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналында «Бір ел – бір тағдыр» тәрбие сағаты мақаласы жарияланып, «Алаш Орда: Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы және қазіргі заман» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары кітабында «Жаңа технологиялардың негізінде ұлттық дүниетанымды қалыптастыру» атты сүбелі мақаласы жарық көрді.

Білікті ұстаздан тиянақты тәлім алған оқушылардың да қаражаяу болмайтыны ақиқат қой. Бақытгүлдің шәкірттері де әркез биіктерден көрініп келе жатыр. «Қазақстан тарихы» пәні бойынша облыстық олимпиадаларда А.Айтқалиева, О.Сағадиев, Қ.Қизатова сынды шәкірттері алдыңғы орындардан көрінсе, ғылыми жобалар бойынша Ә.Оразғалиев, Б.Болатбек, А.Айтқалиева сияқты шәкірттері I, II орындарды жеңіп алып, ұстаздарының мерейін арттырып отыр.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button