Құтқарушылар қысқа қаншалықты дайын?
Қылышын сүйреткен қыс қыр астында тұр. Облыстың таулы аудандарына қар түсті. Ал өңірдің жолдары, оны тазалайтын техникалар қыс маусымына қаншалықты дайын?
Қысқа дайындық жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифинг барысында аймақтағы жол қызметі мен құтқарушылар және “Қазгидромет” пен «Қазселденқорғау» мамандары баяндады.
Мәселен, “Қазгидромет” РМК өкілдерінің ұзақ мерзімді болжамына сәйкес, биылғы қарашада ауаның орташа температурасы нормаға сай, ал желтоқсан айынан келер жылдың қаңтарына дейін ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болады деп күтілуде. Осы кезеңде облыстың солтүстігінде, солтүстік-батысында және батысында жауын-шашын мөлшері әдеттегі нормадан жоғары болады деп күтілуде.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, бүгінде жол мекемелері арқылы барлығы 314 қар басатын учаскелер белгіленген. Оның 69-ы ұзындығы 192,6 шақырым болатын республикалық және 245-і жалпы ұзындығы 302,314 шақырымды құрайтын облыстық маңыздағы автожолдар. Аталған жолдар бойына 19 жылыту бекеттері ұйымдастырылған.
– Барлық қар құрсауында қалатын жол учаскелерінде ұзындығы 17 мың қума метрден асатын қар тоқтататын қалқандар орнатылды. Республикалық трассаларда төрт медициналық-құтқару бекеті жұмыс істейтін болады әрі олар жылыту пункттері қызметін де атқарады. Ал жолдардың жағдайына келетін болсақ, республикалық маңызы бар трассалардың қар тазалау техникасы 90%-ға дайын, – деді “Қазақавтожол” ЖШС облыстық филиалының бас инженері Болат Жұртпаев.
Сонымен қатар қар тазалайтын техникалар қатарында автогрейдерлер, шнекороторлар, шынжыр табанды және дөңгелекті тракторлар, тиегіштер, автотүсіргіштер бар. Бұлардың жалпы саны 500 бірліктен асады. Сондай-ақ 19 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материалдар қоры және 844 уақытша жол белгілері дайындалған. Қолайсыз ауа-райы жағдайы кезінде жедел өзара әрекеттесу үшін қызметтер арасында арнайы жоспар әзірленген.
Брифинг барысында өңірде 100 шақырымнан астам жол қар көшкініне ұшырауы мүмкін екендігі де айтылды. Себебі, Шығыс Қазақстан еліміздегі қар көшкіні ең жиі жүретін қауіпті аумақтардың бірі саналады. Көшкін қаупі бар учаскелерде көшкін түсу қаупін азайтуда атқарылған жұмыстар және қысқы кезеңге дайындық жайлы облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Тимур Дидахметов мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі кезде облыс аумағында қар көшкіні қаупі бар 497 учаске анықталып отыр. Соның ішінде 336 учаске жол нысандары мен адамдардың өміріне аса қауіпті саналады. ТЖД болжауынша, 105 шақырым автокөлік жолы қар көшкіні құрсауында қалуы мүмкін аумақ.
– Қараша айынан бастап күн сайын көшкін қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізетін боламыз. Барлық ақпараттарды жинап, талдауды және қауіпті табиғи апаттар мен төтенше жағдайды бақылап, тиісті шешім қабылдауды тәулік бойы алты диспетчерлік бекет жүзеге асырады. Облыс тұрғындарын ескерту мақсатындағы қалқандар мен «Сақ болыңыздар, қар көшкіні қаупі бар аймақ» жазуы бар плакаттар орнатылды. Биыл Зубовка тауында қар тоқтататын қалқандарға жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ 10 нүктеде қар ұстайтын 66 қалқан тұрғызылды, – деді Тимур Дидахметов.
Айта кетейік, облыстық ТЖ департаменті “Қазгидрометтің” аймақтық филиалымен бірлесіп, ұялы байланыс операторлары көмегімен SMS хабарламалар жіберу және кез келген адам пайдалана алатын “DARMEN” мобильді қосымшасы арқылы дауылды, қолайсыз ауа-райы жағдайын ескерту бойынша ақпараттарды барлық мүдделі қызметтер мен мемлекеттік ұйымдарға таратуды және тұрақты негізде өзара іс-қимылды ұйымдастыратын болады.
Қысқы кезеңде апаттық-құтқару іс-қимылдарын жүргізу үшін ТЖД резервінде 150-ден астам техника бар. Оның ішінде қар құрсауында жиі қалатын аудандарға жұмылдыруға арналған толық жетекті өрт сөндіру автоцистерналарынан, өтімділігі жоғары, жол талғамайтын, вахталық көліктерден басқа, байланыс және жарық беру көліктері, сондай-ақ халық сеніміне ие болған техникалар «Нива-Марш», «Трэкол», «Шерп» те қысқа дайын.
Бұдан басқа, шұғыл көмек көрсету үшін Өскемен әуежайында “Қазавиақұтқару” бөлімшесінің бір “Еврокоптер 145” тікұшағы дайын тұр. Облыстық ТЖ қызметі жеке құрамының саны екі мыңнан асады.
– Қыста жолға шығарда барлығын мұқият жоспарлап, кез келген жағдайға дайын болған жөн. Әрбір автокөлікте шұғыл жағдайда адам өмірін құтқаратын заттар: дәнекерлеу шамдары, арқандар, дөңгелектерге арналған шынжырлар, күректер, сондай-ақ бірінші кезекте қажетті заттар болуы тиіс, – деді Тимур Дидахметов.
Құтқарушылар сондай-ақ қарашадағы тұрақсыз ауа-райы жағдайы кезінде күзгі-қысқы балық аулаудың қауіпті екенін ескертіп, балықшыларға аса мұқият болуды ескертеді.
Дәурен Аллабергенұлы