Мәдениет

Сыр бүккен таңбалы тастар

Сыр бүккен таңбалы тастар


Шығыс Қазақстанның шексіз атырабы талай тарихи кезеңдердің куәсі. Сондай жерлердің бірі – Қарауыл ауылындағы Белтерек деген қыстаудың оңтүстік беткейінде 1-2 шақырымдай жерді алып жатқан жақпар тастар.

1963 жылы осы өлкеде Құрман Әбішев пен Мырзағұл Мырзаханов таңбалы тасты көргендігін айтқан еді. Ол кезде Құрман Әбішевтің қылшылдаған жігіт кезі. Сәнді үлгімен тігілген костюм шалбар, әдемі туфлимен жүргендіктен таңбалы тасты жақыннан көру мүмкіндігі болмапты. Оған себеп, таңбалы тасқа баратын сайдағы қалың өскен жыңғыл мен сылдырап ағып жатқан шағын бұлақ кедергі болса керек.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Мамырсу ауылының әкімі болған, журналист Аманжол Арғынгелдинмен кеңесе келе, таңбалы тастарды көруге жолға шықтық, -дейді С.Ғаббасов орта мектебінің тәрбие жұмысын ұйымдастырушысы Есімхан Сейітмолдинов. -Ағамыз айтулы орынды еш қиындықсыз тауып берді. Үлкен таңданыспен тастағы таңбаларды суретке және бейнесуретке түсіріп қайттық… Мен әрі суретші, әрі тәрбие жұмысының ұйымдастырушысы ретінде әлгі суреттерді өз әріптестерім мен оқушыларға әкеліп көрсеттім. Өзім куәгер болған таңбалы тас жайында әңгімелеп бердім.

Кейін бұл таңбалы тастарға жоғары санатты тәлімгер ұстаз Гүлсімхан Жамантаева, физика пәні мұғалімі Қайрат Тастанбеков, өлкетану үйірмесінің төрайымы Арайлым Абзелова және тарих, география пәндерінен олимпиида жеңімпазы, үлгілі оқушы Бауыржан Әбеуов саяхат жасады.

Есімхан Сейітмолдиновтің күнделігінен: «Алыстан мұнарланған Қарауыл төбе көрінген сәттен бұл жолғы серіктестерім болған екі оқушымыз елегізи бастады. Мен де олардың қызығушылығын арттыра түсу үшін жолда бірнеше жерде аялдап, ауылды, оның маңын, қыстақтың өзін бейнесуретке түсірумен болдым.

Ақыры қасымдағылар тағатсыздана күткен таңбалы тасқа жаяулай тартып келеміз. Ағамыз айтқан жыңғыл да, бұлақ та жоқ. Теп-тегіс шабылған саймен өрлей отырып айтулы жерге жеттік. Балалардың жүздерінде соншалық таңғалушылық жоқ сияқты. Тек біраздан кейін ғана суреттердің еліте жөнелгенін байқадым. Тастан тасқа өрмелеп, тауешкілер, арқар, бұғы, түйе, найза ұстаған аттылы адам, т.б. суретті тамашалап жүр. Бауыржан жүгіріп жүріп орындық сияқты бірнеше тастарды көріп: «Сонда бұл арада

басқосу жиындары болған ба? Топ басқарушылары мына тасқа отырып, сөз бастаған болар», – деген жорамал айтып жатыр. Ал біз бұл тастар аңдар мен малдарды қасаптайтын орын болуы да мүмкін деген ой түйдік. Алайда, мелшиген қара тас өз құпиясымен бізді бір сағаттан аса жібермеді. Күннің суығы да ештемені елетпеді. Әрқайсымыз өз ойымыздың жетегімен ауылға қайттық».

Қарауыл төбедегі жартас әр жерінен қақырап бөлінген. Тастағы суреттер терең ойылып та жасалмаған. Қалай десек те, осы таңбалардың қаншама ғасырлар бойына өшпей, қаз-қалпында осы заманға дейін жетті. Етегі ұсақ тастарға толы. Соған қарағанда, бір кездері мұнда үңгір болуы ғажап емес. Егер болса, оның ішінде құнды жәдігерлер қалуы да мүмкін. Не болмаса жақын маңайдың бір жерінде болуы да ықтимал. Тіпті, осы таңбалардың өзінде бір сюжетті оқиға жатқан шығар…

Сыр бүккен таңбалы тастар

Ежелгі бәдізшілер өз «туындыларын» таудың күн сәулесі неғұрлым көбірек түсетін оңтүстік және шығыс беттерінде бейнелеген. Күн күйдірген қарақошқыл жартасқа салынған суреттің алыстан менмұндалап тұратынын олар білген.

Шығыс Қазақстан аумағында күрең-қызыл бояумен салынған жазулар, яки, суреттер қатарына Бұқтырма және Ұранхай өзенінің оң жағасындағы Ақбауыр үңгіріндегі суреттерді жатқызуға болады. Ақбауырдағы тас бетіне салынған бейнелер неолит дәуіріне тиесілі. Жартас беттеріне таспен немесе темір құралмен қашап жасалған петроглифтер кең тараған. Өзінің көркемдік жағынан көз тартарлық тас бетіндегі бедерлер саяхатшылар мен тарихшылардың және өнер зерттеушілерінің назарын баяғыдан аударып келеді.

Қарауыл төбедегі тастағы таңбалар Ақбауыр үңгіріндегі суреттерден ешқандай айырмашылығы жоқ деуге болады.Тіпті, ортасындағы құлаған тастарға дейін ұқсас. Суреттердің ұқсастығымен қоса, сол қарақошқыл тастың оңтүстік бетіне салынған. Осындай ұқсастықтарға қарай таңбалы тастағы бейнелі суреттер де неолит дәуірінен деп жорамалдауға болады.

Сонымен қоса, Бозай ауылындағы үйген тас, Ақжайлаудағы тас мүсін, сол жердегі «Бес оба» аталатын бес үйме тастар тарихтан сыр бүгіп жатқаны анық. Тіпті, жаугершілік заманда сол тастардың астында жауынгерлер көмілген деген де лақап бар.

Ал Мыңбұлақ жеріндегі «Қабанбай қосы» деп аталатын жерге де батыр бабамыз атбасын тірегені тарихтан мәлім. Қазақ «Ат аунаған жерде түк қалады» деуші еді. Біздің ой осы жерлерді тарихшылар, зерттеушілер бір шолып өтсе, талай тарихтың сыры ашылып, шежіре беттері толығар ма еді.

Тілеукен Тілеубердіұлы
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button