Сыбызғының шебері
Бірнеше жылдан бері Шығыс Қазақстан өнер музейінің музыкалық залында «Жер жаңғырығы» атты қазақтың ұлттық-музыкалық аспаптар көрмесі жемісті жұмыс істеп келеді. Бұл аспаптар – қазақ елінің сан ғасырлар бойы келе жатқан мәдени мұрасы, ұлттық құндылықтары. Бүгінде халқымыздың көне саз аспаптары жаңаша түрленіп, дәстүрлі музыкадан өз орнын табуда. Көрмеге қойылған 20-дан астам аспаптың өзіне тән үні, орындаушылық дәстүрі бар.
Музыкалық аспаптар орындалу жағынан шертпелі, ұрмалы, ыспалы, үрмелі, сілкімелі болып бөлінетіні бәрімізге белгілі. Міне, сол аспаптардың барлық түрін осы мұражайдан кездестіруге болады. Залда музыкалық аспаптармен қатар өңірімізге танымал қылқалам шеберлерінің осы тақырып аясында салған бірқатар туындылары қойылған. Суретші Марат Смаиловтың «Ақынның әні» және «Құдіретті музыкант», Әлібек Шоқановтың «Қобыз» сияқты суреттерінің арасындағы басына қазақы тақия киген, сыбызғыда жеңіл ойнап тұрған қарапайым адамның тартымды бейнесіне көзің еріксіз түседі. Ол – танымал суретші Қуаныш Нұрсадықовтың қылқаламынан туған сыбызғышы Кәлек Құмақайұлының портреті. Өнер әлеміндегі атақ-даңқына сырттай қанық болған осы адамның өмірі мен өнер жолы мені ғана қызықтырмас деген ниетпен қолыма қалам алуға тәуекел еттім.
1930 жылы Моңғол Халық Республикасында дүниеге келген Кәлек Құмақайұлы сыбызғыда ойнауды бала кезінен меңгеріп, есейе келе Баян-Өлгейдегі музыкалық драма театрының оркестрінде 38 жыл қызмет істеп, зейнеткерлік демалысқа шығады. Ол сыбызғыны қосқанда алты түрлі музыкалық аспапта еркін ойнай біледі. Көптеген өнер байқауларына қатысып, үлкен сахна төрінде халықтың қошеметіне бөленген сыбызғышы гастрольдік сапарлармен жарты Еуропаны аралап, сыбызғы күйлерін әлемнің біраз жеріне танытады. Еселі еңбегі мен ұлтын ұлықтаған өрелі өнерінің арқасында ол Моңғол Халық Республикасының бірнеше мемлекеттік наградаларына ие болып, «Алтын жұлдыз» медалінің, «Моңғолияның еңбегі сіңген мәдени қайраткері» атағының иегері атанады.
1990-1992 жылдары Кәлек Құмақайұлы Қазақстанға, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясына көне аспаптарды қайта жаңғырту мақсатында сыбызғыда ойнау өнерін жалғастырушы ұстаз ретінде шақыртылады. Атамекеніне оралған сыбызғышы бұл жерде де өнер дәрістерін өткізіп, түрлі музыкалық фестивальдарға қатысып, еліміздің мәдени қорына өзінің елеулі үлесін қосады. Қазақстанда тұңғыш рет сыбызғы күйлеріне арналған «Сыбызғы сазы» кітабының шығуына атсалысады. Талғат Мұқышевтың бұл жинағына енген аңыз-әңгімелердің барлығы сол кісінің айтуы, орындауы бойынша жазылған. Оған қоса жинаққа Кәлек күйшінің бірнеше күйі енгізілген.
Қарт сыбызғышы орындаушы ғана емес, көптеген күй шығарған сазгер. Оның «Алыстағы арман», «Жайлауда», «Бақыт құшағында», «Шопан сазы» сияқты бірнеше күйлері ел арасына кеңінен таралған. Әйгілі сыбызғышы жайында оның шәкірті Талғат Мұқышев «Сыбызғы сазы» кітабында былай деп жазады: «Кәлек Құмақайұлы – Баян-Өлгейдегі сыбызғы дәстүрінің бірегей мұрагері. Оны сыбызғы өнерінің шежіресі десе де болғандай. Өйткені, Кәлек күйші сыбызғының көпшілікке белгісіз күйлерін орындаумен қатар, күйлердің шығу тарихына байланысты аңыз-әңгімелерді де жақсы білетін өнер иесі. Ол әр күйді орындар алдында, күйдің шығуы жайындағы аңызын айтып отырады. Мұндай дәстүрлі орындаушыны және сыбызғының осыншама көп күйін өз басым алғаш естіп көруім еді».
Сыбызғы дәстүрін жалғастырушы ұстаз қазақ жерінде де ондаған шәкірт тәрбиелеп, ұмытыла бастаған киелі өнерді жаңғыртуға зор үлесін қосты. Мұражай көрмесіне қойылған музыкалық аспаптардың арасында екі ерекше сыбызғы бар. Оның бірі – марқакөлдік жерлесіміз Жолаушы Тұрдығұловтың шебер қолынан шыққан болса, екіншісі – Кәлек атамыздың өз қолынан осы өнер мұражайына сыйлаған сыбызғысы. Күйші атамыз аспапта ойнап қана қоймай, аспап жасаудың қыр-сырын да жетік меңгерген шебер ұста.
Тарихи Отаны – қазақ еліне жүзден аса сыбызғы күйлерін жеткізіп, мәдени қорымызды байытуға баға жетпес үлес қосқан, бүгіндері 80-нің сеңгірінен асқан атақты сыбызғышы Ұлан ауданының Баяш Өтепов ауылында тұрып жатыр.
Сыбызғы өнерінің шежіресі атанған күйші, сазгер Кәлек Құмақайұлының 80 жасқа толған мерейтойы 2012 жылы Шығыс Қазақстан өнер мұражайында атап өтілген еді. Алдағы жылы амандық болса, ұлттық өнерімізге, қазақтың халықтық музыкасына айтарлықтай үлес қосқан қарт сыбызғышы 85-ке толмақ. Сол датаны өнерсүйер қауым мен жергілікті билік органдары атаусыз қалдырмаса екен деген тілегіміз бар. Ал мұражайдың музыка қорындағы сазгердің өз қолымен жасаған сыбызғы аспабы мен атақты сыбызғышының өмір жолынан мағлұмат беретін көптеген құжаттары қазақ өнері тарихының алтын парағының бірі ретінде өнер сүйер қауымның игілігі үшін әлі де ұзақ уақыт қалтқысыз қызмет ете беретін болады.
Мәдина Черубаева,
Шығыс Қазақстан өнер
музейінің сектор меңгерушісі