Оқиғалар

Суықбастау көпірін жөндеуге кірісті

Күннің күрт жылынуы салдарынан еріген қар суы екпіндетіп келіп Семей қаласының іргесіндегі Суықбастау кентіне баратын көпірді бұзып кеткен болатын.

Суықбастау көпірін жөндеуге кірістіҚазір 20 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекеннің халқы бес аялдама жерді жаяу жүріп өтуге мәжбүр. Өйткені, Суықбастауға қатынайтын автобустар көпірдің тұсына дейін келіп, тоқтап тұр. Ал жұртшылық «енді екі есе көп шығындалатын болдық» деп мұңын айтуда. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі болса, автокөліктер үшін бұл жолды уақытша жауып тастап, тұрғындарға айналма жолдармен жүруге кеңес беріп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға 17 наурызда түн ортасында орын алған. Абырой болғанда адам шығыны тіркелген жоқ. Соңғы келіп түскен ақпараттарға сенсек, Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшылығы жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорындармен жол жүру ақысын көтермеу жөнінде уағдаласыпты. Бұл туралы бөлім бастығы Орынғали Исмайылов мәлімдеді.

– Бүгін оқиға орнына жобалаушылар барып, көпірге қандай зиян келтірілгенін өз көздерімен көріп қайтты. Енді олар қажетті жоспарларын жасап, бір аптаның ішінде бізге ұсыныстарын береді. Содан кейін көпірді жөндеу шаралары басталмақ, – деді ол.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button