Суық сусыз қалған үйлердің саны екі есеге азайды
Өскеменге қарасты Красин кентінде орын алған апаттың салдарын жою жұмыстары жалғасуда.
«Өскемен-Водоканал» тарапынан жүргізілген жедел іс-қимылдардың нәтижесінде кеше суық сусыз қалған тұрғын үйлердің саны бүгін екі есеге дейін азайған. Қазіргі уақытта су тапшылығының зардабын 300-ге жуық үй шегіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 21 қаңтар күні кенттің суық сумен қамту жүйесінде жарылыс орын алған.
– Жарылыс салдарынан су көтеріліп, құдықтардан сыртқа шыға бастады. Жекеменшік тұрғын үйлерге төнген қауіпті жою үшін кентке су беруді тоқтатуды ұйғардық. Қазір жөндеу жұмыстары аяқталған аудандарға су беріліп жатыр, – дейді «Өскемен-Водоканал» кәсіпорнының директоры Ержан Әубәкіров.
Жедел жасалған жоспар бойынша су тапшылығын көріп отырған үйлерге суық су арнайы көліктермен жеткізілуде.