Табиғат

Сұңқар сатуға жол жоқ

Дәстүрге айналып кеткен дала заңы бойынша табиғат тыныштығын бұзғандар қатаң жазаға тартылады. Бұл қазіргі Конституцияда да бар ұстаным. Соған қарамастан соңғы жылдарда аң мен құсқа қырғидай тиетін броконьерлердің әрекеті тыйылмай тұр.

Аң аулау – бабадан қалған дәстүр. Бірақ оның да өзінің тәртібі мен талабы, мезгілі мен мекені, киесі мен иесі бар. Сондықтан да болар, ел арасында «ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» деген тәмсіл қалыптасқан. Ал бүгінгілер аң мен құстың киесін, кең даланың иесін ұмытты. Қолына қару тисе, жаудай қырып, баудай түсіруге бейіл. Ақша көрсе, аң мен құсты даласымен қосып сатып жіберулері бек мүмкін. Соның бір дәлелі – сұңқар сату бизнесі. Саусағын мұнайға малған арабтар сұңқар десе, ішкен асын жерге қоятынын естіп жүрміз. Көлеңкелі жолмен көптеген сұңқарларымызды құмды далаға қарай алып кеткендері айтылып та, жазылып та жүр. Соңғы уақытта табиғат қорғаушылар бұл іске тыйым салудың неше түрлі жолын қарастырып жатыр. Соның бірі ретінде «Сұңқар» акциясы ұйымдастырылуда. Акция тамыздың бірінен басталып 15 қазанға дейін жалғаспақ, себебі сұңқарлардың балапан ұшыратын уақыты осы мезгіл екен. Оларды жылы жаққа аттанар шақта жау көзінен сақтап қалуды табиғат қорғаушылар қолға алып, акция ұйымдастырған.

– Қазіргі уақытта республика көлемінде кең ауқымды «Сұңқар» атты акция басталды. Дәл осы кезең сұңқарлардың балапан ұшыратын кезеңі болып келеді, сондықтан біз оларды қорғауды қолға аламыз. Жалпы, республика көлемінде 5 филиалымыз бар. Олар басқа да жауапты органдармен бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Негізгі мақсатымыз – броконьерлердің жолын кесіп, сұңқарларды аман сақтап қалу. Шығыс Қазақстан және Абай облысының аумағында бекеттер орналасқан. Әсіресе Тарбағатай және Күршім өңірлерінде сұңқарлар көп кездеседі. Олар өткен-кеткен көліктерді тексеріп тұратын болады. Осы акцияға халық белсенді қатысса екен деген тілегіміз бар. Өйткені табиғат бәрімізге ортақ дүние ғой. Біз осыған дейін «Киік», «Уылдырық» атты акциялар да ұйымдастырдық. Осының барлығы қоршаған ортамызды жаман ниетті адамдардан қорғау үшін ғой, – дейді жануарлар дүниесін қорғау қызметінің бас маманы Аюхан Халықұлы.

Бұл акцияға табиғат қорғаушылар әлеуметтік желі арқылы да әлеуметті қатысуға шақырыпты. Олар өздерінің Инстаграм парақшасында кең ауқымды «Сұңқар» табиғатты қорғау акциясы басталғанын хабарлады. Сондай-ақ «Сұңқар» акциясына «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-нің жануарлар дүниесін қорғау қызметінен 150 инспектор, 40 жол талғамайтын автомашина 17 КУНГ және төрт блокпост қойылғанын жазды.

– Біздің қызметкерлер Тарбағатай, Көкпекті, Күршім өңірлерін бақылайтын болады. Бізбен бірге табиғатты қорғауда халық та белсенділік танытса деймін. Өйткені броконьерлердің жолын кесу оңай емес. Мысалы, біз 2012 жылы тоғыз араб азаматын жеті сұңқар құсын алып бара жатқан жерінен ұстадық. Одан да басқа қылмыстар болды. Қазір жергілікті делдалдар арқылы арабтарға сұңқарлар сатылып кетіп жатқан жағдай да жоқ емес, – дейді жануарлар дүниесін қорғау қызметінің Зайсан тірек бөлімшесінің аға инспектор Әсет Сауырбаев.

Кең даланың әні мен сәніне айналған құстарды қорғау баршамызға ортақ, сондықтан да акцияға атсалысып, табиғатты бірге қорғайық.

Қызырбек Дүргінбайұлы 

Осы айдарда

Back to top button