Спорт

Сұңқар – Азия чемпионы!

Аягөзге тағы бір қуанышты хабар келіп жетті. Жерлесіміз, 3-класты сержант Сұңқар Қуанышбаев бауырымыз гір тасын көтеруден Щучинск қаласында өткен әскерилер арасындағы құрлықтық  додада қарсылас шыдатпай, Азия чемпионы атанды.

Бәсекеде 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміздің өнеріне тәнті болмаған жан жоқ десек артық айтпағанымыз. Негізі, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан, Оңтүстік Корея және Моңғолия секілді мемлекеттердің саңлақтары қатысқан сайыс аса тартысты өтті.

Жарыс барысында аягөздік спортшы 32 келілік екі гір тасын 93 рет жұлқи көтеріп, көпшілікті таңдай қақтырды.

Аягөз гарнизоны баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3- класты сержант Сұңқар Қуанышбаев осы жердегі танк әскерлерінде қызмет етеді. Ол аталмыш спорт түрімен әскери салаға келген соң тұрақты түрде айналыса бастаған. Қажырлы еңбек пен маңдай тердің арқасында аз уақыт ішінде толағай табыстарға қол жеткізіп, гір спортынан спорт шебері атанған. Бүгінде Сұңқардың еншісінде ел Қарулы Күштерінің чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы және Әлем біріншіліктерінің жүлдегері деген бірнеше атағы бар.

Берікхан Тайжігіт, Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button