Экономика

Суармалы жерлерді дүниежүзілік банк қаржыландырады

Суармалы жерлерді дүниежүзілік банк қаржыландырады

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен суармалы жерлерді пайдаланудың көлемін арттыру мәселелері талқыланған селекторлық кеңес өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева, су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Жамбыл облысынан өкілдер қатысты.
Республикадағы су қорының 70 пайыз тиесілі, 700-ге жуық өзен-көлі бары Шығыс Қазақстан үшін суармалы жерлерді игеру мәселесі өзекті болып отыр. Жиында осыдан үш ай бұрын Үржар ауданында өткен семинар-кеңесте жүктелген міндеттердің орындалу барысы жөнінде есептер тыңдалып, істі әрі қарай жылжыту үшін қандай шаралар қолға алу керектігі талқыға түсті. Аталмыш семинар-кеңес нәтижесінде қабылданған шешімдерді жүзеге асыру үшін бірлескен жұмыс тобы құрылып, нақты іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Құрылған жұмыс тобының атқарған шаруалары туралы «Қазсушар» кәсіпорны облыстық филиалының директоры Мұхамедкәрім Мәдиев мәлімет берді. Оның айтуынша, облыс аумағында жалпы көлемі 115,2 мың гектар суармалы жер пайдаланылмай жатқан көрінеді. Оның 41744 гектарын игеру үшін суландыру жүйелерін қалпына келтіру қажет болса, 62301 гектарын пайдаға жарату үшін гидротехникалық құрылғыларды қайта жарақтау қажет болып отыр. Суландыру жүйелерін қалпына келтіру бойынша облыстың жеті ауданында 25 жобаны іске асыру жопсарланған болатын. Бұл жоспарды әзірге Ұлан және Тарбағатай аудандары ғана ойдағыдай орындап отыр. Ал Жарма, Үржар, Зайсан, Күршім, Көкпекті аудандарының кейбірінде жобалау шығындарын өтейтін инвестор табылмаса, кейбірі қаржы табылса да сылбыр қимылдап отыр. Биылдың өзінде ғана алты су шаруашылық нысанын қайта жарақтауға 1,085 миллиард теңге бөлініп, 851 миллионнан астамы игеріліпті. Өңірдегі 36 магистральді арнаны, 61 тоғанды, үш дамбы мен екі реттеуші-шлюзді коммуналдық меншіктен республика балансына беру үшін құжаттар дайындалуда. Бұл 102 нысан жыл аяғына дейін «Қазсушар» РМК балансына өтуі қажет. М.Мәдиев белгіленген мерзімге дейін жоспарланған шараларды аяқтау үшін жергілікті әкімдіктер инвестор табу ісін жылдамдатса деген өтініш айтты.

Суармалы жерлерді дүниежүзілік банк қаржыландырады

Аймақ басшысы істің баяу жүру себебін құрылған жұмыс тобының аудан әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істемеуімен түсіндірді. Жобалар келер жылғы республика бюджетіне енгізілуі керек болғандықтан, барлық құжаттар жыл аяғына дейін дайын болу тиіс екені ескертілді. Ал су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев су шаруашылық нысандарды республикалық балансқа жеке-жеке өткізгеннен гөрі кешенді түрде тапсыру тиімді болатынын түсіндірді.
Облыста суармалы жерлердің әлеуетін ел игілігіне пайдалану бойынша өзгелерден қара үзіп тұрған Тарбағатай ауданының тәжірибесі де ортаға салынды. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев ауданда 29 мың гектар суармалы жер бар екенін, оның 12 мың гектарын игеру бойынша жұмыстар басталып кеткенін айтады. Ал бес мың гектар жер мерзімді суармалы алқап болса, қалғаны көлдетіп суару технологиясына қолайлы көрінеді. Бүгінде Тарбағатайда суландыру жүйесін қалпына келтіру бойынша алты жоба дайын тұр. Өзге аудандар сияқты қаржыландыру бойынша да қиындықтар туындамаған. Аудан басшысы бұл іске малы көп шаруаларға міндеттеме жүктеу, Қытай мен Өзбекстаннан келген қандастарды көшіріп әкелу арқылы қан жүгіртіп отырғандарын айтты.
– Аудандағы өзендердің көбі жаздың аяғына қарай тартылып, суы азаятындықтан суаруға арналған қоймаларды шағын етіп жасау қажет. Көршілес Қытай елінде әрбір ауылдық округте кішігірім ғана жеке су тоспасы бар. Бес миллион текше метрге дейін сыйымдылығы бар қоймаларды салу онша көп шығынды да талап етпейді. Болашақта су қоймаларын салмас бұрын өзендердің осы бір ерекшелігі ескерілсе деген ұсыныс бар, – деді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.

Суармалы жерлерді дүниежүзілік банк қаржыландырады

Облыс басшысы өзге аудан басшыларына жобалау жұмыстарына инвестор тарту ісінде Тарбағатай ауданының тәжірибесін пайдалануды тапсырды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов суармалы жерлер бола тұра, олардың әлеуетін
пайдалануға құлық танытпай отырған аудан, қалаларды атап шықты. Мәселен, Глубокое ауданыда 3100 гектар жер пайдаланылмай келеді. Д.Селиханов Семей қаласы мен Ұлан ауданы да өз әлеуетін толық пайдаланбай отырғанын жеткізді. Ал Үржар ауданы бұрынғы қолданыстағы жерлерді қалпына келтірумен қатар жаңа алқаптарды суландыруға күш салып отырған бірден-бір өлке болып отыр. Суару жүйесін қалпына келтіру ісінің баяу жүруіне қаржының тапшылығы себеп бола алмайтынын ашық айтқан басқарма басшысы жобалауға кететін шығынның басым бөлігін жобалау институттары өз қалтасынан шығаратынын түсіндірді. Ол сондай-ақ, суармалы егістікпен айналысатын мамандар даярлау мәселесін де көтерді.
– Аталған мәселелер жолға қойылса, облыс төрт жылдың ішінде суармалы алқаптар әлеуетін толық игеруге қауқарлы, – дейді Д.Селиханов.
«Қазсушар» РМК директорының орынбасары Мейірбек Егенов республика бойынша пайдаланылмай жатқан 700 мың гектардан астам суармалы жердің 340 мың гектары Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі екенін мәлім етті. Соның ішінде Шығыс Қазақстандағы жерлердің әлеуетін игеру үшін 2,2 миллиард теңгенің жобасын жүзеге асыру қажет.
Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев суармалы жерлерді пайдалану ісінде Шығыс Қазақстан барлық шаралар бойынша өзге облыстардан алға озып кеткенімен, жобалау құжаттары кешеуілдеп жатқанын, аталмыш жобалар дүниежүзілік банк арқылы бір-екі пайыздық қарызбен қаржыландырылатынын жеткізді. Алайда, әрбір нысанды игеруге қаржы салмас бұрын ол алқапта қандай қожалықтың жұмыс істейтіні, қандай дақыл егілетіні мұқият қадағаланбақ.
Жиында Жамбыл облысының Шу ауданы мен «Сириюс Астана» жобалау ұйымының өкілдері де өз ойларын ортаға салды. Вице-министр Гүлмира Исаева айтылған ұсыныстың бәрі назарға алынғанын атады. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы өзен жағасына жақын орналасқан Глубокое, Аягөз, Зырян, Шемонайха, Күршім, Катонқарағай аудандарына ширақ қимылдау керектігін ескертті.
– Суармалы жерлерді игеру – шаруашылық мәселесі ғана емес. Бұл – әлеуметтік мәселе. Керек десеңіз, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сала. Сондықтан министрлік бұл мәселеге осы тұрғыдан қарап, қолдау көрсетуі тиіс. Өзен бойындағы алқаптарды, барлық гидротехникалық құрылғыларды үнемі бақылауда ұстау қажет. Тамшылатып суару ісін дамыту үшін дифференциалды тарифтің артықшылығын пайдаланған жөн. Осының бәрін орынбасарым Нұрлыбек Шерубаев бастаған жұмыс тобы үнемі назарда ұстауы тиіс. Барлық жобалар жыл аяғына дейін сараптамадан өтіп, дайын болуын қамтамасыз етіңіздер, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button