Агросектор

Суармалы алқаптар ұлғаяды

Азамат Темірбеков

Бүгінде тек 20 пайызы ғана пайдаға жаратылып отырған суармалы алқаптардың алаңы келер жылдары кеңи түспек. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.

Облыстық басқарманың берген ақпараты бойынша, қазіргі уақытта өңірдегі суармалы алқаптардың жалпы көлемі 84,8 мың гектарға таяу көрінеді. Бүгінгі күні осынау алқаптың 50,6 мың гектарына су беруді қамтамасыз ететін гидротехникалық нысандардың көпшілігі «Қазсушар» кәсіпорнының теңгерімінде болса, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің уақытша жер пайдалануындағы қалған 34,2 мың гектары автономды көздер арқылы суарылады. Құзырлы органның хабарлауынша, жоғарыда аталған суармалы алқаптардың бүгінгі күні тек 17,1 мың гектары ғана кәдеге жаратылып отыр.

Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, облысымызда республикадағы су айдындарының 30 пайыздан астамы шоғырланғанына қарамастан, ауыл тұрғындары үшін су тапшылығы – әлі де болса өзекті мәселе. Суармалы жері бар диқандар жыл сайын жаз ортасына қарай су тапшылығын қатты сезеді. Мұның басты себебі – магистралдық және шаруашылықаралық арналардың көңіл көншітпес жай-күйі, сондай-ақ бүгінде қайта жөндеу жұмыстары аяқталмаған төрт гидротехникалық құрылыстың әсері.

Дей тұрғанмен облыста гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялауға ерекше назар аударылған. Атап айтсақ, аймақ басшысы осындай құрылыстарды қаржыландыру үшін Премьер-Министрдің кеңсесімен және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен біраз жұмыс жүргізді.

Осындай байланыстың бірі ретінде жақында Шығыс Қазақстан облысына ат басын бұрған ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сапарын айтуға болады. Сапар аясында министр мен облыс әкімі Зайсан ауданының Үйдене су қоймасын бақылап, нәтижесінде ұлттық экономика министрі су шаруашылығы объектілерін қаржыландыру мәселесі қадағалауға алынатынын айтты.

Оған қоса, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанның су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде магистралдық каналдары енгізілген су шаруашылығы нысандарын, сондай-ақ Шығыс Қазақстанның үш гидротехникалық құрылысын қаржыландырудың  кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Атап айтсақ, алдағы уақытта Зайсан ауданының Үйдене, Күршім ауданының Орта-Теректі өзендеріндегі су қоймалары мен Тарбағатай ауданының Қандысу су қоймасын қаржыландыру көзделген.

Мамандардың пайымдауынша, облыстың магистралдық арналары мен гидротехникалық құрылыстарын қайта жөндеуге қаржы бөлу пайдаланылмай жатқан суармалы алқаптарды айналымға тарту арқылы олардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін көрінеді. Сонымен қатар су ресурстарының тапшылығы артып келе жатқан жағдайда су жинайтын технологияларды енгізу арқылы суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері оң шешілмек.

Бұдан бөлек облысымызда ылғал үнемдейтін технологиялар да белсенді енгізілуде. Бүгінгі таңда Шемонайха, Самар және Ұлан аудандарындағы бірқатар шаруашылық 52 жаңбырлатқыш машина қолданып отыр. Заманауи технологиялардың тиімділігін байқаған Күршім, Тарбағатай, Зайсан аудандарының шаруалары да алдағы уақытта осы әдісті кеңінен қолданбақ.  Жалпы, бүгінгі таңда облыс бойынша ылғал үнемдеу технологиясы бойынша 5487 гектар алқап игеріліп отыр.

Осы айдарда

Back to top button