Аймақтар аухалы

Су қоймалары тиімді пайдаланылмай отыр

Көкпектідегі су қоймалары «ҚазСуШар» комитетінің балансына берілуі мүмкін. Бұл жаңылықпен аталмыш ауданның әкімі Асхат Смаилов бөлісті.

Облыс орталығында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Көкпектінің биылғы жеткен жетістіктері мен тыныс-тіршілігіне тоқталды. 34 көпбалалы және аз қамтылған отбасына баспана берілгені, Көкпектідегі сегіз шақырым болатын 10 көше, Тассай – Үшкөмей, Бастаушы – Қараөткел, Үлкенбөкен – Ақой, Биғаш – Егінбұлақ ауылдарының аралығы мен Шәріптоғай, Қойтас ауылдарына кіреберіс жолдар тегістелгенін айтты.

Ауданда бюджет шығындарының негізгі бөлігі білім саласына жұмсалады екен. Мәселен, биыл осы салаға үш миллиард 600 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Алдағы уақытта шығын мөлшерін азайту үшін электр энергиясымен жылытылып келген мектептер көмірге көшіріле бастаған.

– Жиырмадан астам мектепті жөндеуден өткіздік. Солардың ішінде үш мектепті электр энергиясынан көмір жағуға ауыстырдық. Келесі жылы тағы да үш мектеп көмірге көшеді. Сонда электр энергиясына кеткен шығынымыз үш есе азаяды, –  деді Асхат Смаилов.

Келесі жылы көмір жағатын мектептердің қатарына Самардағы Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицей де кірмек. Облыста үздік атанған білім ошағы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қолынан 34 миллион теңге жүлде алған болатын. Сол қаржы толықтай мектептің жылу жүйесін жөндеуге жұмсалмақ.

Аудан әкімі егіншілікке қолайлы су қоймалары «ҚазСуШар» комитетінің балансына берілуі мүмкін екенін де атап айтты. Айтуынша, ауданда 11 су қоймасы мен 20-дан астам өзен бар. Олар әзірге егін шаруашылығына тиімді пайдаланылмай отыр.

– Су қоймаларымыз тек көктемде елді мекендерге қауіп төндіру үшін салынғандай. Ал өзендеріміз тегіннен-тегін  ағып жатыр. Біз болашақта бұларды игілікке жаратуымыз керек. Сондықтан да, су қоймалары мен иесіз қалған каналдарды «ҚазСуШар» комитетінің балансына беру мәселесін көтеріп отырмыз. Сонда оған тиісті мақсатта пайдалану үшін қаражат бөліне бастайды. Осылайша біз суармалы жерлерді ұлғайта аламыз, – деді Асхат Смаилов.

Оның сөзінше, ауданда 16 мың гектар суармалы жер бар. Соңғы екі жылда жауынның аздығынан шаруа қожалықтарының кейбіріне қысылтаяң шақ туған.

Абайдың тағы бір ескерткіші орнатылады

–  2018 жыл біз үшін қалпына келтіру жылы болды. Яғни, ауыл-ауылда бұрын мемлекет қаржысына салынған, бүгінде тозыңқырап тұрған спорттық алаңдар, саябақтар қалпына келтірілді. Ал биыл жаңа алаңдар ашуды қолға алдық. Мәселен, Көкпекті мен Самар ауылындағы орталық алаң жөнделіп, Самарда Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды. Сондай-ақ Көкпектінің көпқабатты үйлер орналасқан ықшамауданына шағын саябақ салынды. Шағын ауылдарға да дәл осындай спортпен айналысуға, тұрғындарға жұмыстан кейін демалуға мүмкіндік беретін орындар салынып жатыр, – деген аудан әкімі  абаттандыру жұмысы әлі де жалғасатынын айтты.

Айтуынша, Көкпектіде Абай Құнанбайұлы атындағы көше бойында ескі саябақ бар. Ол келесі жылы жөндеуден өтеді және онда Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылады. Бұл шара Ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында іске асырылмақ.

Аудан орталықтарында істелетін жұмыстарға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында денешынықтыру-сауықтыру кешені де бой көтермек. Бұған дейін Көкпекті облыста спорт кешені жоқ жалғыз аудан орталығы болып келгені мәлім.

– Кешен Абылай хан көшесінің бас жағында салынады. Ал соның жанынан бассейннің құрылысын жобалаудамыз. Жалпы, бір шақырымдық бұл көшені тағы 500 метрге ұзартып, болашақта Арбат ашу ойымызда бар. Облыс орталығында басталған жақсы істен үлгі алуымызға болады деп есептеймін. Сонымен, Абылай хан көшесі дене- шынықтыру-сауықтыру кешені, бассейні, мектебі, емханасы бар тамаша көше болып шыға келмек, – деді аудан әкімі Асхат Смаилов.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button