«Студенттік көктем» ерекше өтті

Өскеменде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған дәстүрлі «Студенттік көктем» облыстық байқау-фестивалі өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы жастар орталығының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шараға аймақтағы университеттер мен колледждердің екі мыңға жуық студенті қатысты.
– Байқауды өткізудегі мақсатымыз – дарынды жастарды анықтап, олардың шығармашылығын дамытуға көмектесу ғана емес, сондай-ақ, жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті арттыру. Сондықтан байқауға қатысушылар бірнеше аталым бойынша сынға түсті, – дейді жастар орталығының директоры Арайлым Есімбекова.
Байқау-фестиваль өткізілген күндері қаладағы Комсомол аралында түрлі креативті алаңқайлар пайда болып, мұнда мектеп түлектері арасында болашақ мамандықты таңдауға қатысты түсіндірме жұмыстар жүргізілді. Шағын сахналар белгілі бір мамандықты таңдауға шақыратын баннерлермен безендіріліп, жер-жерде қызықты викториналар өткізіліп жатты.
Осындай алаңқай жұмысын ең ұтымды етіп ұйымдастыра білген жоғары оқу орны болып С.Аманжолов атындағы ШҚМУ танылды. Аталмыш университет өкілдері өз сахналарын ұлы қазақ ойшылдарының суреттерімен безендіріп, ауқымды көңіл көтеру марафонын ұйымдастырды.
Арнайы білім беретін оқу орындары арасындағы сайыста Өскемен медицина колледжіне тең келер қарсылас болмады. Аталмыш колледждің студенттері әрі болашақ дәрігерлер өз мамандықтары туралы қызықты мағлұматтармен бөлісіп, келушілердің қан қысымын, бойы мен салмағын тегін өлшеп берді.
«Аралдар резиденциясында» өткен гала-концертте жастардың шығармашылық қабілеттері, актерлік шеберліктері мен қойылымдардың шынайылығына айрықша ден қойылды. Нәтижесінде онлайн жүйеде өткен «Жастар таңдауы» байқауының жеңімпаздары болып Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенттері танылды.
– Қыз-жігіттеріміз өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Жеңіс үшін көп дайындалып, ізденуге тура келді. Конкурстық бағдарламамызда еліміздің ең елеулі тарихи даталарын көрсетуге тырыстық, – дейді ШҚМТУ-дың ақпараттық-шығармашылық бөлімінің меңгерушісі Арай Құмарханова.
Атап айтқанда, «Қалыптасу» атты би Қазақ хандығының тарихынан сыр шертсе, Айым Тұрғанбаева есімді студент Ұлы Жеңіске арнап жалынды жыр оқып берді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойына орай, студент қыз-жігіттер елімізді мекен еткен түрлі ұлттың билерін билеп, әндерін шырқады.
Осындай мерекелік рәуіште өткен «Студенттік көктем-2015» фестиваліне құрметті қонақ ретінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты. Ол өз сөзінде барша студент қауымын байқау-фестивальдің өткізілуімен құттықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар, мүсіншелер мен мақтау қағаздарын табыстады.
Шығыс-Ақпарат