Білім

Студенттер үйі пайдалануға берілді

Өскемендегі Қазақстан-Американдық еркін университетінде бірінші рет жатақхана ашылды. Оның ашылуы Қала күнімен тұспа-тұс келді.

Студент үйі шетелдік үлгімен салынған. Асханасы жатын бөлмесінен бөлек. Сондай-ақ ғимарат ішінде үлкен спорт залы да бар.  Білім ошағының басшысы Ережеп Мәмбетқазиевтың айтуынша, мұнда 100-ден астам студентке орын бар.

– Жатақханада шетелдік білім алушылармен қатар жергілікті жастар да тұрады. Жергілікті студенттерімізге жағдайы мен оқу үлгеріміне қарай орын береміз. Бұл жекеменшік университет болған соң, барлығын қамтуға мүмкіншілігіміз жетіңкіремейді, – дейді Ережеп Мәмбетқазиев.

Студент үйінің лентасын қала әкімі Жақсылық Омар мен «Co-Serve International» қорының президенті, университеттің халықаралық қамқорлық кеңесінің төрағасы Маршалл Кристенсен кесті.

– Мен де студент кезімде өздеріңіз секілді жатақханада тұрдым. Дәл осындағыдай менің де көршілерім шетел азаматтары болды. Бірі Кениядан, бірі Канададан дегендей… Иә, менің халықаралық қарым-қатынастарым ерте жасымда-ақ басталған. Бұл ғимарат оқушыларға ыңғайлы салынған деп есептеймін. Ішінде спорт залының болғаны тіпті керемет! Құрметті студенттер, осынау жатақхана білім іздеп шыққан өмірлік сапарларыңызда сіздердің жадтарыңызда қызыққа толы естеліктерімен қалсын! – деді Америкадан арнайы келген Маршалл мырза өзінің құттықтау сөзінде. Оның айтуынша, өткен жылы немересі осы университетте бір маусым оқу оқыпты. Көп дос тапқанын, оларды өз еліне қонаққа шақырғанын қуана айтып отырады екен.

Осы орайда аталмыш оқу орнының ашылғанына биыл 25 жыл толғанын жаза кетейік. Мерейлі мереке қарсаңында ғылыми конференциялар мен түрлі концерттік шаралар өтіп жатыр бұл шаңырақта. Жатақхананың ашылуы – солардың ішіндегі игілікті істердің бірі.

– Жаңа жатақханадан бізге де бір бөлме бұйырды. Іші әдемі, барлық жиһаз жаңа! Осы қолайлы жағдайға сай болып, сабағымызды жақсы оқып, білікті маман болуға бар күш-жігерімізді саламыз, – деді шет тілі мамандығының студенттері Әйгерім Жайлауханова мен Саида Әбдукәрім.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button