Мәдениет

«Студент көктемі» көркіне енді

«Студент көктемі» көркіне енді


Төрт мезгілдің төресі – көктем. Жаңашыл жастықтың бейнесі ол. Жастық – адам өмірінің көркем мезгілі. Ал студенттің көктемі ше? Демек ол – тіптен тілсіз, тәтті сезімнің мөлдір бұлағы. Өзінің әнімен, сәнімен, сұңқар салтанатымен өтуі керек бұл шақ. Өскемендегі биылғы «Студент көктемі» дәл осылай көркіне ене кірді.

«Студент көктемі» – бірнеше жылдан бері дәстүрлі жалғасын тауып келе жатқан байқау. Мұнда әуелеген ән де бар, әспетті би де бар. Өнердің қай түрінен де түрен салуға сайланып келеді жастар. Әрбір білім ордасы өз ішінде мықтыларын анықтап, облыстық кезеңде бас қосады. Сондай ішкі тартыстың бірі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен еді. Оған барлық факультеттің белсенділері атсалысты.

– Қыстың қаһары қайтып, күн жылына бастағанда, жер бетіндегі бар тіршілік жанданады ғой. Сол сәтте біз де асыға күткен жұмысымызға кірісеміз. Асыға күткен «көктеміміз» келеді өйткені. Жастардың көктемі. Бір жағынан, университет атына лайық өнер көсетуге тиіспіз. ШҚМУ – мәртебелі жастығымыздың куәсі ғой, – деп бастады сөзін журналистика мамандығының 2-курс студенті Қарақат Жақсылықова.

Оның айтуынша, факультет ішінен жиналған бір топ белсенділер – түрлі өнердің иелері екен. Әнші-бишілер мен сықақшылар, қолөнершілер де бар. Осындай әр факультеттен жиналған шығармашылық ұжым бас-аяғы бір сағаттық концерттік бағдарлама дайындайтын көрінеді. Өнерпаздардың шеберлігі мен жан-жақтылығы қатар сарапқа түседі.

– Биыл да жылдағыдай тиянақты дайындалдық. Бір ай көлемінде тынбай бар жұмысты пысықтап үлгердік. Сол дайындық күндерінің өзі жеңіске татитын, естен кетпес сәттерге толы. Бір оқу орнының емес, бір үйдің балаларындай болып кетеміз. Болып кеткенбіз де. Сол жарасымды жанашырлық оқу жылында бір-бірімізге қол ұшын беруге жетеледі. Осы байқаудың басты мақсаты да осында шығар, бәлкім. Олай болатын болса, біз үнемі жеңімпазбыз ғой. Иә… ал сайыс барысында, шынымен де, сәл сәттілік жетіспеді. Әйтпегенде, ұжым болып тамаша өнер көрсеткенімізді ел көрді, – дейді болашақ тілші қыз.

«Студент көктемі» көркіне енді

Иә осы доданы біз көзімізбен көрген едік. Тілге тиек етіп отырған Тарих, филология және халықаралық қатынастар факультетінің ұжымы жақсы өнер көрсеткен. Ал қазылар алқасының таңдауы басқаға түсті. ШҚМУ-дағы «Студент көктемі-2018» жеңіпазы – Экономика және құқық факультетінің ұжымы болды. Олар да бұл атаққа лайық, әрине.

– Үш күнге созылған сайыста барымызды салдық. Бір сағат ішінде көрермен қауымға өнерімізді паш етіп үлгеруіміз керек болды. Біз ойдағыдай өнер көрсеттік. Негізі, сахнада сынға түсу – қиының қиыны. Оның үстіне, саған артылған сенім бар. Үмітті ақтауға тырыстық. Барлығы топтың ұйымшылдығының арқасында келді. Әйтпесе, мұнда жеңіске жете алмайсыз, – дейді жеңімпаз топтың мүшесі Елдана Құсайынова.

Аталмыш шығармашылық ұжым облыстық кезеңде Сәрсен Аманжолов атындағы қара шаңырақтың намысын қорғау мәртебесіне ие болды. Облыстық кезең де тартысқа толы болды. Бардық. Көрдік. Өскемендегі Орталық мәдениет үйінің алаңқайы бұл күні лық толы еді. Шараға облыстық жастар ресурстық орталығы мұрындық болған.

– Жарқын болашақ кепілі – жастар екендігін Елбасы үнемі айтып келеді. Сол себепті оларға қолдау білдіру – бізге міндет. «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы өскелең ұрпақты туған елін, жерін сүюге тәрбиелеу мәселесі де тек айтылған жоқ. Бұл шара – сол мақсаттағы бастамалардың бірі, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева.

Өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиналған 16 шығармашылық ұжым облыс орталығына табан тіреді. Оның ішінде жоғары оқу орындары мен колледждер де бар. Белсенді жастар күнұзақ қаланы думанға бөледі. Байқаудың қортындысы кешкілік гала-концертте әйгіленді.

Колледждер арасынан «Үздік кәсіби алаң» аталымымен Қазақстан-Американ еркін университетінің колледжі марапатталса, «Үздік шығармашылық бағдарлама» аталымын Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі еншіледі. Дәл осы аталымдарға жоғары оқу орындары арасынан Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ие болды. Осы сәтте «Жастар таңдауы» шешуші рөлді атқарды. Замандастарының сеніміне ие болған – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенттері еді.

Шынымен де, аталмыш шығармашылық ұжымның дайындығының мықты екенін әу баста байқаған едік. Киелі топырақтан тасқалаға тас-түйін дайындықпен жүз шақты белсенді жас келіпті. Келісімен, ортаны үйіріп әкетті өнерпаздар.

– Біздің шығармашылық ұжым студенттер саны жағынан өзгелерден әлдеқайда басым болды. Концерттік бағдарламамыз да ойдағыдай шықты. Топтың бір жартысы мәдениет үйінің ішінде өнер көрсетсе, екінші жартысы креативті алаңда түрлі ойындар ұйымдастырумен болды. Ауа райының қолайсыздық тудырғанын көрдіңіздер. Бұршақ жауып тұрған сәтте де біздің ұжым креативті алаңда ойын-сауық көрігін қыздырумен болды. Сол жағынан ұттық деп ойлаймын, – дейді Шәкәрім университетінің студенті Айдана Төлеуханова.

Таң сәріден жаңбыр жауып, соңы бұршаққа ұласқан сәуірдің салқын күні шынымен жастардың алағызып келген көңіліне су сепкендей әсер етті. Осы сәтте ештеңені елемей, алаңда әнін айтып, биін билеп, өзгелерді ортаға қосып, осы жердің жергілікті адамдарындай емін-еркін жүрген сауықшыл семейлік жастарға тәнті болғанбыз. Сол жанкештіліктері бағаланған екен. Шәкәрімдіктер екі бірдей аталымды қанжығалап, жеңіс тұғырына көтерілді. 500 мың теңге көлеміндегі қаржыны олжалады.

«Студент көктемі» көркіне енді

– Жалпы, биылғы «Студент көктемі» байқауының деңгейі өткен жылғыдан сынық-сүйем төмендеу болған сияқты. Бірақ кешкілік гала-концертке өскемендіктер ерекше дайындалған екен. Мүлтіксіз өткізді. Дән риза болдық, – деген лебізін білдірді жеңімпаз ұжымның мүшесі Айдана Төлеуханова.
«Жастың жаманы жоқ» дейді қазақ. «Ақыл жастан, қына тастан» деген нақыл да бар халық арасында. Аталмыш байқауға деген студенттердің ынта-ықыласын көрдік. Ықылас болған жерде, оң нәтиженің болатыны бесенеден белгілі. Оның үстіне, бұл байқауға облыстық ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы бір кісідей бас болып отыр екен. Ендеше, «Рухани жаңғыру» аясында өткен шарада ұлттық құндылықтар ұлықталса құба-құп еді. Жастар дайындаған концерттік бағдарламада дәстүрлі ән мен қазақы биге, ұлттық ойын-сауыққа басымдық берілсе деген тілегіміз бар. Осы жолы шетелдік ән-биге еліктеушілікке неше мәрте куә болдық. Үкілі кәмшат пен бүрмелі көйлек сахнадан сиықсыз көрінсе, қанеки! Шемонайхадан келген бойжеткендер бұрала басып шыққанда, жарасты ғой. Жаңғыру жылында жоғарыда айтылған арзулар жетер жерін тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

«Студент көктемі» көркіне енді

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button