Мәдениет

«Студент көктемі» дарынды жастарды даралады

Металлургтердің мәдениет сарайында облысымыздың бас шаһарында білім нәрімен сусындап жатқан студенттер қауымының дәстүрлі «Студент көктемі – 2012» фестивалі өз мәресіне жетті. Биылғы фестиваль тақырыбы «Болашақ – біздің қолда!» деп аталыпты.

«Студент көктемі» дарынды жастарды даралады– Дана халқымыз «бұлақ көрсең, көзін аш» деген ғой. Өскемен қалалық әкімдігі өз қамқорлығына алған бұл өнер мерекесінің басты мақсаты – студент-жастардың талантын ұштап, халыққа таныстыру, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ұлттық дәстүрлерді дамыту. Өнер арқылы жоғары және орта оқу орындарындағы студенттер қауымының достық қарым-қатынастарын нығайта түсу. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, болашақтарыңыз жарқын болсын! – деді байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Бұлбұл Бакинова.

Содан соң-ақ өздері білім алып жатқан оқу орындарында өткізілген өнер додасынан қара үзіп шыққан 40-қа жуық жекелеген орындаушы мен өнер ұжымдары жиналғандар алдында барын салды. Бірден айта кетуіміз керек, фестивальдің өн бойында қазақы реңк жеткіліксіз болды. Есесіне, іргеміздегі көрші мемлекеттер мен алыс шетелдердегі өнер жұлдыздарына еліктеген жастарымыз қай тілде болмасын ән шырқап, кез келген ұлттың биін билей алатындықтарына көпшіліктің көзін әбден жеткізді.

Сонымен, мәртебелі қазылар алқасының шешімімен өнер бәсекесінде таланттарымен жұлдыздай жарқырап, көпшіліктің көңілін көктем ете білген Д.Серікбаев атындағы техникалық университеттің өнерпаз студенттері байқаудың бас жүлдесін қанжығаларына байлап қана қоймай, өздері білім алып жатқан оқу ордасының абыройын асқақтатып, мерейін үстем етті. Жүлделі бірінші орынды С.Аманжолов атындағы университеттің өнерпаздары жеңіп алса, екінші, үшінші орын Шығыс Қазақстан аймақтық университеті мен Қазақ-Американ еркін университетінің студенттеріне бұйырды.

Арнайы орта білім беретін оқу орындары арасындағы бәсеке де айтарлықтай тартысқа толы болды. Қорытындысында Өскемендегі медициналық колледждің өнерлі жастары жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінсе, гуманитарлық колледждің домбырашы қыздары екінші, ал жүлделі үшінші орынды №13 кәсіптік лицейдің өнерпаздары иеленді.

Байқауға қатысқан өзге өнерпаздарға «Ең үздік хор», домбырашылар, бишілер мен әншілер аталымдары бойынша мақтау грамоталары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button