Қоғам

«Сәтті қадам» жобасы қолға алынды

«Сәтті қадам» жобасы қолға алынды

Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты «Сәтті қадам» жобасы аясында ата-анасының қамқорлығынан айырылған жоғары және арнайы оқу орындарын тамамдайтын түлектерді жұмысқа орналастыру, оларға қолдау көрсету мақсатында Өскемен қаласындағы бірнеше мекемемен меморандумдарға қол қойды.
Өзара келісімдерге қол қою рәсімі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің бас ғимаратында өтті. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Маржан Бақыттың айтуынша, «Нұр Отан» партиясы жұмысындағы басым бағыттардың бірі – әлеуметтік саясат.
– Елбасы әрдайым ел жастарын еңбекпен қамтуға көмек көрсету керектігін, оларға практикалық білімді, бастапқы жұмыс тәжірибесін мемлекеттік ұйымдардан, меншік формасы әртүрлі кәсіпорындардан алуға мүмкіндік туғызу қажеттігін айтып келеді. Ел Президенті осы ретте жастар арасындағы жұмыссыздыққа жол бермеу, жас өрендерді ел экономикасын жаңғыртуға, инновациялық бағытқа тарту мәселесін көтеріп отыр, – деді Маржан Бақыт.
Осы ретте «Нұр Отан» партиясы «Сәтті қадам» атты өз жобасын қолға алып отыр. Аталмыш жобаны іске асыру аясында жасотандықтарды алғаш болып «ҮМЗ» АҚ, «Шығыс-Сүт» ЖШС, «ОРЕОЛ» ЖШС және «Өскемен қағаз фабрикасы» ЖШС сынды кәсіпорындар қуаттап, қолдау білдіріпті.
Іс-шара барысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Маржан Бақыт пен «Ореол LTD» ЖШС директоры Сергей Коротин, «Шығыс-Сүт» ЖШС бас директоры Сейілжан Сайлаубаев, «ҮМЗ» АҚ жастар бірлестігінің төрағасы Михаил Байтеряков, «Өскемен қағаз фабрикасы» ЖШС директоры Ерлан Жармұхаметов арасында екіжақты меморандумдарға қол қойылды.
– Мен «Сәтті қадам» жобасының қолға алынып отырғанына қуаныштымын. Бұл жоба жетім балалардың жұмысқа орналасуына көмектеседі. Өзім 12 жасымда әке-шешемнен айырылдым. Бірақ соған қарамастан, мектепте жақсы оқып, мемлекеттік грантты ұтып алдым, қазір ШҚМТУ-да стандарттау, сертификаттау және метрология мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Осы көктемде оқуымды аяқтаймын. Партия жобасына қатысып отырмын, сол арқылы жұмысқа орналасам деп ойлаймын. Бұл жоба мен секілді жетім балаларға үлкен көмек көрсетпек, – дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың 4 курс студенті Аяулым Фазылжанова.
Биыл облыстағы жоғары және арнаулы оқу орындарын шамамен 240 жетім бала тамамдайды деп күтілуде, «Жас Отан» жастар қанаты олардың 90 пайызын, келер жылы 95 пайызын, ал 2018 жылы 100 пайызға дейін жұмысқа орналастыру мақсатын қойып отыр.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button