Ұстаздардың ұлағаты ұмытылмайды

1969 жылдың мамыражай көктемінде Шыңғыстай мектебінен бір топ түлек үлкен өмірге қанат қақтық. Содан бері қырық сегіз жыл өтіпті. Мейлі жыл өтсін, ғасыр өтсін, ұстаздар есімі есімізден мәңгі өшпесі анық.
Ұстаз бейнесі бүлдіршін жүрегімнен қалай орын тапса, самайымды ақ қырау шалған сәтте де қаз-қалпында еске түсіп отыр. Алғашқы қоңыраудың үні, құшақ-құшақ қырдың гүлі, сұраулы жанарларға үн қатқан ұстазымыз – Есімжомарт Қасенуалиевтің қоңыр даусы… Бәрі-бәрі кешегідей. Есімжомарт ағайдың бір ерекшелігі – оқушылардың жазу үлгісіне көп көңіл аударатындығы еді. Бар ынта-ықыласымызбен жазатынымыз сондай, қаламұш ұшынан иненің көзіндей тамшы сия шықпайтын. Сол ұқыптылық бізге өмірлік серік болып, кейіннен өзім ұстаздық еткен жылдарда көп кәдеге жарады.
Мектеп қабырғасынан ұзап, арман қуған жастығым мені Өскемен қаласындағы педагогикалық институттың математика факультеті студенттері қатарынан бірақ шығарды. Кешегі сабақ беріп, математиканың сан қырын үйреткен ұстаздарыма деген алғысым шексіз. Олар марқұм Серікбек Құдайбергенов, Әлібек Абсалямов еді. Сондай-ақ, қазір зейнеткер ұстаз – Галина Ибраимова. Алгебра мен геометрияның ережелерін жаттап, көбейту кестесін шырт ұйқыдан оятса, мүдірмей айтушы едік.
География пәнінен сабақты Нина Александровна Самойлова берді. Қазақшаға судай ағып тұрған ұстазымыздың ұлтын орыс деп ойламаппыз. Бірде сабақ түсіндіріп тұрғанда, «орыс дегеннің тұмсығы менікіндей, көздері көк болады»,- дегенде таң-тамаша болып, бейне жаңадан материк ашқандай, ойпырым-ай «орыс» екен ғой дегенбіз. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деп бекер айтпаса керек, асылдың сынығындай ұстаздың бірі – Зәбила Алпысова тарих пәнінің майталманы еді ғой. «Ұлы Отан соғысы» жайында сөз қозғаса, барлығымыз ұйып тыңдайтынбыз. Сынып толы балаларды қас-қабағымен басқарып, жанарымен жасқап, жөнге салатын. Ал өсімдікті түсініп, онымен сырласуды Жуанхан Тоқсамбаев ағайдан үйрендік. Мектептен келе сала ағайдың тәжірибесін жасайтынбыз. Тіптен, Шыңғыстайдағы бау-бақша жемістерінің өсуіне де себепкер болдым.
Каникулға шыға сала Жомарт Нұрғазин мұғаліміміз тапсырған кітаптарды оқуға кірісер едік. Ауыл балалары тілге шешен болғанымен, химия пәнін қиынсынатынбыз. Бірақ Жазира Әміренова апайымыз химияның қыр-сырын түсіндіргенде, сынып ішінде шыбын ызыңы ғана естілетін. Тәжірибе жасап, қиялымызды ұштайтын кезде, химия ілімдердің төресі екен деп тамсанатынбыз.
Түнімізді жарық ететін жүз вольттық шамдар болса, біздің санамызға шамшырақ жаққан физик ағай – Ұлықбек Бөктербаев болмап па еді?! Физика заңдарынан сан қилы есептер шығартып, ширата беретін. Денешынықтыру мен еңбек сабағының да орны ерекше-тін. Әскерден сонда ғана келген Аманжан Нұқсарин ұзындыққа секіріп, волейбол ойнауға баулыды. Ал еңбекке баулыған Социал Қабдрасилов ағаштан әртүрлі дүниелер жасататын.
Осындай ұстаздарымның ерен еңбегінің арқасында мұғалім деген мәртебелі мамандық иесі атанып, 38 жыл сабақ бердім. Кешегі күні пионер қатарына алынған сәтте, алқызыл галстукті Оралхан Бөкей таққан болса, зейнеткерлікке де Оралхан Бөкей атындағы Белқарағай орта мектебінен шықтым.
Сайгүл Ибраимова,
зейнеткер ұстаз
Белқарағай ауылы,
Қатонқарағай ауылы.