Руханият

Ұстаздарға Ұстаз болған асыл жан

Ұстаздарға Ұстаз болған асыл жан

Тағы бір ұлы адам дүниеден өтті. «Қазақтың Хан-апасы» атанған ардақты да аяулы Ұстаз, жаңашыл тәлімгер, қайтпас, қайсар, қажырлы Қанипа Бітібаева мәңгілікке көз жұмды. Жүрегі ұлтым деп соққан, қазағының тілі мен ділін ту еткен, шәкірттерінің бойына халқымыздың бар игі қасиетін еге білген ұлағатты Ұстаздан айырылдық. Ата-анаңнан айырылсаң жеке басыңның қайғысы, ал ұстазыңнан айырылсаң күллі халықтың қайғысы деп білемін. Ұлтын сүйетін ұрпақтардың Ұстазы бола білген қастерлі есімге «марқұм» деген сөзі жамауға қолың бармайды, көңілің сенбейді екен…
«Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдердікі» деген сөзді Мағжан Жұмабаев тегін айтпаған.Өз ісіне жан-тәнімен берілген, бүкіл ғұмырын қасиетті қазақ тілін дамытуға арнаған, әдебиеттің арын қорғап, намысын жыртуға жұмсаған аса білімдар да парасатты жан, қайталанбас текті тұлға өмірден озды.Көзінің тірісінде, тіпті сонау Одақ тұсынан бері ол кісі педагогика саласындағы санаулы шоқ жұлдыздардың қатарына кірді, әріптестері Алтынсариннің ізбасары деп бағалады. Қанипа апай жаңашыл ізденістерімен, әдебиетті оқытудың тың, инновациялық технологиясымен аты аңызға, өзі құбылысқа айналды. Қалталының аты озып тұрған қазіргі саудайы заманда Ұстаздық мамандықты абырой шыңына шығарған сұңғыла сиректің өзі, ерекше асыл бітім-болмыс иесі еді.
Қанипа Омарғалиқызы Абайды оқыту туралы үш кітап, Әуезовті оқыту туралы үш кітап жазды. Бұл еңбектер – ұлыларды оқыту туралы республикадағы тұңғыш іргелі зерттеулер болып табылады.Қанипа апай жоғарғы оқу орындарының оқытушыларына және мектеп мұғалімдеріне негіздеп «Әдебиетті оқыту әдістемесі, технологиясы» атты үш оқулық жазып, ұстаздардың Ұстазы атанды. Ол – жаңа дәуірдің жетінші сыныпқа арналған оқулығының, әдістемелік оқу құралдарының авторларының бірі.1991 жылы ұстаз «Қазақ әдебиетін әлем әдебиетімен байланыстыра оқыту» бағдарламасын жасап, оны облыстық, республикалық ғылыми кеңес сарабынан өткізіп, авторлық сыныптарашты.Сол жылы Қанипа Бітібаева атындағы экспериментік бағыттағы атаулы өз мектебі ашылып, білім беріп келеді.
Сонау, Кеңес империясы кезінде Мәскеудегі үлкен басқосуда «Менің ең нашар оқушым Пушкин мен Лермонтовты білгенде, сіздердің ең мықты мұғалімдеріңіздің Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовты білмеуі қалай?» деп сол замандағы «аға халықтың» белді өкілдерінің бетіне биік мінбеден қаймықпай айтып салып, қасқиып қарап тұрған қазақтың Қанипасы осы кісі еді. Ол кісінің қандай деңгейдегі, қай аудитория болса да өзіне үйіріп, аузына қаратып алатын қасиеті бар болатын. 90-жылдардың аяғында Алматыдағы шет тілдер университетінде болған аса әсерлі кездесу біткен кезде қаншама мұғалімдердің бұл кісінің қолтаңбасын алуға жапа-тармағай жүгіргеніне куә болып, таңқалғаным бар. Мұндай жағдай ол кісімен өткен күллі кездесулерде қайталанатынын естідім. Қанипа апай шын мәнінде ұстаздардың Ұстазы еді.
Қанипа Омарғалиқызы оқу-білімді темірқазығына айналдырған аса еңбекқор, тынымсыз, аса мейірімді, сонымен қоса аса қатал, сұсты да мысты, алған бетінен қайтуды білмейтін бірбеткей, алдында кім тұрса да бетің бар, жүзің бар демей айтарын айтып салатын батыл, адуын, шешен де өр мінезімен көз алдымда қалды.
Мұндай есімі алтын әріппен жазылатын Ұлы Ұстаздар қазақта көп емес, сол аз асылымыздан айырылу – аса ауыр қайғы. Хош болыңыз, аяулы Ұстаз!Аса мәртебелі әдебиетіміз барда, киелі тіліміз барда, оны оқытатын Өз мектебіңіз барда Сіз де барсыз!

Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Ұстаздар жүрегінде мәңгі сақталады

Қанипа Бітібаева – бүкіл қазақтың біртуар ұлы ұстазы. Ұстаздардың ұстазы туралы қаралы хабарды естіп жүрегім ауырып отыр.
Ол кісінің білім беруде салған жолы, қалдырған ізі ерекше. Мектепке мұғалім болып кез келген адам кіруі мүмкін, бірақ, Қанипадай болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол кісінің батылдығы, ержүректілігі, білімі, білігі, ұлтжандылығы, ана тілін ардақтауы, тілімізді байытудағы еңбегі бізге үлкен үлгі-өнеге болды.
Ол кісі республиканың көптеген жерлерінде өзінің оқу-оқыту әдістемесін таратып жүрді. Сол мақсатта 2007 жылы қараша айында Білім министрлігінің білікті қызметкері Роза Мұхамеджанованың ұйымдастыруымен өзім басқарып отырған Алматы қаласы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияда семинар өтті. Сол семинарда біздің жап-жас екі мұғаліміміз ашық сабақ өткізді. Оларға Қанипа апай ризашылықпен ақыл-кеңесін айтып, болашақтарына сәттілік тілеген еді.
Ол кісінің сондағы сөйлеген сөзі, дауыс ырғағы, өзін ұстауы біздің ұжымға ерекше әсер қалдырған болатын. Қанипа есімі бүкіл ұстаздар қауымының жүрегінде мәңгі сақталары даусыз.
Алматы қаласының мұғалімдерінің атынан, директорларының атынан ол кісінің туыс-туғандарына, қызметтестеріне, шәкірттеріне, ел-жұртына, әдебиетті сүйер барлық алаш жұртына қайғыра көңіл айтамын. Жатқан жері жарық болсын!

Аягүл Миразова,
Қазақстанның Еңбек Ері,
Алматы қаласы директорлар кеңесінің төрайымы.

Ұлттық білім беру жүйесінің алып бәйтерегі

Қанипа Омарғалиқызы фәниден бақиға өтті деген қаралы хабар жеткенде, жүрегімнің бір пернесі үзілгендей, елімнің ұлттық білім беру жүйесінің алып бәйтерегі құлағандай алапат күй кештім.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйінерге жарар ол», – деп Абай айтқандай, халықты сүйіндіруге жаралған қазақтың асыл перзенті, талантты, біртуар Ұстазы еді.
Саналы ғұмырын өзі жанындай сүйген туған тілі мен әдебиетін жас ұрпаққа оқытуға арнады. Халқының болашағы – жас ұрпақты да жанындай сүйді. «Роза, мен мектептен кетсем, балаларды көрмесем, өлемін», – деуші еді қайран қазақтың Қанипасы.
Еңбегі елеусіз қалмады. Мұндай ерен еңбектің еленбеуі де мүмкін емес еді. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының құрметті академигі, Республикалық ғылыми-әдістемелік атаулы зертхана жетекшісі, 100-ге тарта ғылыми-әдістемелік мақалалар мен 32 оқу-әдістемелік кітаптың авторы Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның есімі қазақ деген халқы барда ел есінде мәңгілік сақталарына сенемін.
Аяулы Қанипа апайымның туған-туыстарына, ел-жұртына, дос-жарандарына, әріптестеріне және өмірінің мәні болған шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамын.
Хош бол, асыл Ұстаз!

Роза Баттал,
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігінің
Бас сарапшысы,
Абай ауданының
Құрметті азаматы .

Осы айдарда

Back to top button